9 мамыр бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған елдерде «Жеңіс күні» деп аталып, мереке ретінде өткізіліп келеді. Дегенмен, Кеңес одағы тарих жүлгесінен алыстаған сайын, оның құрамында болған елдерде бұл күнге деген көзқарас та бірдей болмай бара жатуы - заңдылық. Соғыстың соңғы жеңісі, зұлмат қырғынның толастаған күні ретінде еске алғанымен, бұрынғы қызыл империя идеологиясының да көлеңкесі қалмай келе жатқаны жасырын емес. BBC бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы елдердің 9 мамырды қалай өткізгенін шолып шықты.
Ресейде
«Жеңіс күні» Кеңес одағының заңды мұрагері саналатын Ресейде дәстүрлі түрде әскери шерулер, мерекелік салтанатты шаралармен өтті. Биыл Мәскеудегі парадқа, «Мәңгілік полктан» тыс 13 мың адам қатысқан. Жеңістің 73 жылдығына орай өткен парадта Қызыл алаңмен Ресей армиясыны жаңа әскери техникалары жүріп өтті, жалпы 159 әскери техника қатысқан. Мәскеудегі парадтың биылғы басты өзгешелігі осы болды.
Ресейдегі «жеңіс күнінің» тағы бір ерекшелігі, Владимир Путиннің ресми түрде төртінші рет президенттік қызметін бастауына тұспа-тұс келді. Путин Қызыл алаңдағы сөзінде жеңістің маңызын айта келіп: «Бүгінгі таңда Еуропаны, әлемді құлдықтан, қырғыннан, фашизм тозағынан құтқарған елдің ерлігін жоққа шығаруға, соғыстың мазмұнын бұрмалауға, шынайы қаһармандарды бүркемелеп, тарихты өзі қайыра жазып, жалған тарих жасауға әрекеттеніп жүр. Біз бұған ешқашан жол бермейміз!»,– деді.
Әлеуметтік желілерде Путинның бұл сөздері қызу талқыға да мұрындық болды. Арасында: «Путин жеңісті өзі меншіктеп алды, тарихты бұрмалады» деген пікірлер де бар. Қызыл алаңдағы парадты шетелден келген аз ғана жоғары лауазымдылардың бірі болып Израиль премьер-министрі Меньямин Нетаньяху тамашалады.
Украинада
Шын мәнісінде, бұл жеңістің мәніне, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы да елдердің түсінігі әртүрлі. Украинада «жеңіс күніне» байланысты шерулер түрлі кедергілерге ұшырады. Ұлтшыл топтар ел ішінде жеңіс күнінің белгілерін көтеріп жүруге, оны мереке ретінде атап өтіп жатқандарға қарсы шықты. Сонымен бірге, 9-мамырда концерттік бағдарламалар таратқан телеарналарға да наразылық өршіді.
Латвияда
Латвияда дағдылы түрде «Жеңіс күнімен» қатар «Еуропа күні» аталып өтті. Бұл елде де осы күнге деген көзқарас біркелкі емес. Сондықтан да орталық қаласы Ригада мерекелік те, протесттік те шаралар өткізілді. Латвияда Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісі ресми түрде 8-мамырға белгіленген. Ал, 9-мамыр Еуропа күні ретінде тойланады.
Беларусь елінде
Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресейден тартып, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан президенттеріне мерекелік құттықтау хатын жолдады. Алайда Беларусь орталық қаласы Минскте «мәңгілік полк» шеруіне тыйым салынды.
«Мәңгілік полк» шеруіне былтырдан бастап Өзбекстан мен Тәжікстан елдері де тыйым салған
Бұдан тыс Кеңес құрамында соғысқа қатысқан елдерде бұл датаға ортақ шаралар көп. Құрбандар ескерткішіне гүл қою, соғыс ардагерлеріне мерекелік тарту-таралғы ұсыну, шерулер өткізу тағы басқа шаралар.
Қазақстанда
Елімізде бәріміз білетіндей «мәңгілік полк» шеруі дабыралы өтті. Жер-жерде мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Құрбан болған ата-бабалар еске алынды. Сары жолақты лента мен көк лента арасында талас-тартыс та болды. Дегенмен, зұлмат соғыстың шын кеспірі бүгінгі жұртқа жыл өткен сайын анық білініп, шартсыз өлімге айдап салған соғыс қылмыстыларының бет пердесі де ашылып келе жатқандай.