Қазақстанда АЭС салуды қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар. Қазіргі уақытта елімізде атом электр стнациясы салынуы мүмкін деген пікір кеңінен талқыланып жатыр.  Оған бей-жай қарап жатқан ешкім жоқ. Кәсіби мамандар да,  қарапайым адамдар мен  азаматтық қоғам белсенділері де оның құрылысының күрделі екендігін айтып әлек. Расымен қазір бұл күн тәртібіндегі өткір мәселе болып тұр. 

2021 жылдың қыркүйегінде ҚР Президенті Қ.Қ.Тоқаев Қазақстанға  Атом Электр Станциясының қажеттігін көтерді. Содан бері бұл тақырып белсенді түрде талқыланып, басты назарға алынды. Мемлекет басшысы жалпы халықтың, соның ішінде бизнес нысандарының электр энергиясына деген сұранысы артып отырғандығын баса айтты. Егер жаңа қуат көзін енгізбесек, 2030 жылға қарай  энергияға деген тапшылық болатындығын да жасырған жоқ. Сондықтан АЭС мәселесіне келгенде қызуқандылаққа салынбай байыппен қараған жөн.

Әр түрлі мәселелерге өз пікірлері мен ойларын айтудан жасқанбайтын бірқатар  шенеуніктер, депутаттар мен саяси партиялардың өкілдері бұл мәселеге келгенде абайлап сөйлегенді жөн көреді. Тіпті көп жағдайда үндемей қалып жатыр. Сондай -ақ,еліміздің Оңтүстік Қазақстан облысымен шекаралас Өзбекстанда АЭС құрылысының  жоспары бектілгені анықталды.   Бұл жаңалық та отқа май құйғанмен тең болып тұр.

Әрине, қазақ халқы атом туралы сөз қозғағанда өре түрегелетіні рас. Оның өзіндік себебі де бар. Қазақстан  мен оның тұрғындарына әскери атом қуаты тікелей әсер етті. Оған деген қорқыныш елдің жадынан ілң күнге дейін кете қойған жоқ. Атом дегенде жұртшылық ең алдымен ядролық атом сынақтарын еске алады. Оның зардабын айтып тауысу мүмкін емес. Билік психологиялық соққы алған халықтың жағдайын елемесе,  олар қабылдаған шешімдердің заңдылығына теріс әсер етуі мүмкін.  Егер бұрын Семей ядролық полигонын Мәскеудің әрекеті десек,  қазір бәрі қазақстандықтардың өз қолында. Жағдайды объективті түсініп, тәуекелдерді бағалау үшін тақырыпты әр түрлі тұрғыдан қарау керек екені анық. Мәселен,  экономикалық және энергетикалық салаға баға беретін құрғақ сандар  мен атомның қауіпсіздігін дәлелдейтін мәліметтерге халықтың дені күмәнмен қарайды.

Интернет кеңістігі  атом энергетикалық қондырғыларының құрылысы туралы өз көзқарасын білдірген атақты энергетиктердің, физиктердің, қазақстандық ғалымдардың түрлі зерттеулері мен сұхбаттарына толы.  Олардың қатарында кезінде беделге ие болып, танымал болған  «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің, Атом энергиясы комитетінің бұрынғы төрағасы Тимур Жантикиннің пікірлері де бар. Олар АЭС құрылысын бірауыздан қолдайды. Бірақ құрылыс сапасы мен  технологиясы мұқият сақталуы шарт деп есептейді. Қоғам белсендісі Петр Своик та атом электр станциясын салудың жалпы қажеттігін растайды. Бірақ ол  қолданыстағы көмір қондырғыларына терең жаңғырту жұмыстары жүргізілсе Қазақстан атомдық жобадан бас тартар еді, деген пікірді қостайды.

Жалпы, Қазақстанда АЭС салудың қажеттігі мен оның тиімділігін растайтын көптеген фактор бар. Біз атап айтқанда АЭС құрылысы үшін «маңызды» дәлелдерді келтіре аламыз. Қазақстан электр станциясының жұмысындағы ең маңызды элемент болып табылатын отандық уранды өндіру мен сату бойынша әлемдік көшбасшы позициясын ұстанып отыр.  Сонымен қатар, Ақтау қаласында 1999 жылға дейін 20 жылдан астам уақыт бойы тұрғындардың қажеттіліктері үшін ядролық реактор табысты жұмыс істегенін де естен шығармаған жөн. Кейін оны газ турбиналарына ауыстырды. Біз еліміздің көптеген қалалары мен аймақтарындағы экология мен  ауа сапасы жайында да ұмытпауымыз керек. Түтін, топырақтың ластануы, «қап-қара болып жауатын қар», көмір станцияларынан шыққан  күл үйінділері 21 ғасырдағы күрделі мәселеге айналған. Көмір өндіруде қолданылатын ескі технологиялар, тозығы жеткен электр станцияларды жаңалау,  көмірді бүкіл республика көлеміне тасымалдау сияқты  мәселелер тезірек шешуді талап етеді. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша Қазақстан үкіметінің әлемдік қоғамдастыққа берген экологиялық халықаралық уәдесі де аса маңызға ие.

Алайда, жаңа электр станцияларын, сондай-ақ, атом электр станцияларын салу қажеттігі Қазақстанда, әсіресе республиканың оңтүстігіндегі халық санының көбейіп келе жатқандығымен түсіндіріледі. Қазірдің өзінде ол өңірде  электр энергиясын тұтыну көрсеткіші  үнемі өсіп келеді. Аймақта қуат көзіне деген тапшылық қазірден білініп жатыр.  Энергетикалық және экономикалық қажеттіліктердің объективті фактілері АЭС дәл қазіргі Қазақстан жағдайында мүлде дұрыс таңдау екенін көрсетеді.

Екінші жағынан алғанда, маңызды психологиялық және тарихи тәжірибе бар. Мәселен, Қазақстанның әр саласы мен секторында шенеуніктер атқарған  жұмыстың сапасы сын көтермейді. Қарапайым азаматтар одан сыбайлас жемқорлықтың салдарын анық көреді. Сондықтан мұндай күрделі мәселеге, биліктің ісіне сенімсіз қарайды.

Оған мысал салынып бітпей жатып, құлап қалып, күрделі жөндеуді қажет ететін жаңа мектептер мен ауруханалар құрылысы. Одан бөлек, жаңа тұрғын үйлердің сапасы мен асфальт төселгенімен мерзімі өтпей жатып, жарамсыз болып қалған жолдардың сапасы да сын көтермейді.

Әсіресе, Қазақстанның оңтүстігіндегі тұрғындары үшін Тараз бен Арыс қалаларындағы әскери базалардағы жарылыстардан кейін АЭС-ті салу қажеттігін түсіндіру өте қиын болатыны анық. Себебі елдің әрбір тұрғыны өзінің қаласындағы немесе  ауылындағы шенеуніктердің жұмысына сенімсіз. Кез-келген адам өздерінің өңірлеріндегі сыбайлас жемқорлық мысалдарын оп-оңай айтып бере алады.  Оған қоса, елдегі геосаяси фактор да назар аударуды қажет етеді. Оны да тұрақты ұстау керек.  Өйткені Қазақстанға шетелдің  технологиялары мен жабдықтары қажет. Осының бәрі қарым-қатынасқа, іскерлік байланысқа тіреледі.

Қорыта айтқанда Қазақстанда салынуы мүмкін АЭС құрылысы  шенеуніктер үшін ғана тиімді болмауы қажет. Сонымен қатар, оған қоғам тарапынан азаматтық жауапкершілік те болуы тиіс. Қандай да бір шешім қабылданған жағдайда электр энергиясы бағасының  өсуі мен көмір станцияларының жабылуы туралы мәселелер алдын-ала және ашық түрде талқылануы қажет. Сонымен қатар, қоғамдық пікірге құрметпен қарау жобаның бір бөлігі болуы керек.

АЭС тақырыбы бойынша шенеуніктер қабылдайтын соңғы шешім, олардың өздері үшін  "атомдық" емтихан болуы мүмкін. Ол әрине, экономикалық, техникалық негіздеме туралы ақпараттан тұрады.   Станция құрылысына жауапты компанияны  дұрыс таңдау, жобаны сәтті іске асыру, одан түсетін экономикалық пайда , Семей ядролық полигоны аумағын тиімді басқару, физика саласында оқып жүрген  студенттерді жұмысқа орналастырусияқты мәселелер халық арасында кеңінен түсіндірілгенде ғана, бейбіт атомға деген көзқарас өзгеруі мүмкін. Бірақ бұл нақты шешім емес. Ол үшін билік нақты қадамдарға барып, осы салаға бағытталған мақсат-міндеттерді орындап, нақты іс шаралар қабылдағаны жөн.

 

A+ Analytics сараптама орталығы

The Qazaq Times