Шәкен Бөкетайұлы, 1972 жылы 14 ақпанында ШҰАР Баркөл ауданының Қуарша өңірінде туған. Ақын, аудармашы, хаткер-суретші. Орталық Ұлттар Университеті Түркі тілі-мәдениеті факультетінің түлегі (1995 ж.). «Өрік гүлдегенде» атты жыр жинағының авторы. Қазақ әдебиетіне «Жас Вертердің жан азабы» (Гете), «Ежелгі қытай поэзиясынан таңдамалылар», «Хазар сөздігі» (Милор ад Павич) қатарлы аударма еңбектерді әкелген. Қазір «Құмыл алқабы» журналының редакторы болып қызмет етеді. Өлең сүйер оқырмандарға ақын, Ш.Бөкетайұлының бірқатар өлеңдерін ұсынамыз.
Армысың, айхай, торы Күн!
Түс
Күн нұры да, Ай нұры да емес-ті,
Күн бе, түн бе, ақшам ба әлде емескі.
Көлкіп тұрған көгілжім нұр атырап,
Рембранттың суретіндей көмескі.
Қаңтар айы,
Демінде бар үзгірік,
Ақ жорға жел жортып өтет үздігіп.
Кенер көк пен керім дала тұсынан,
Шақырғандай еліктіріп сырлы үміт.
Үрейі де, үміті де аралас,
Жалпақ дала қолын жайды жалаңаш.
Көз алдымда Айдың аппақ сәулесі,
Көз алдымда селдір-селдір қарағаш.
Еліктіріп армандайын аңсаған,
Қоюлайды қадамдарым шаршаған.
Жүріп емес, қалқып келе жаттым мен
Ақ кафинмен ақ далада далтабан.
Ай да көркін бұлт астына жасырды,
(Бұл мұғжиза болмасын тек ақырғы).
Қара шашың ақ сұңқардың қанаты,
Сияқтанып Ай астында шашылды.
Дала аппақ, аспан аппақ, ой да аппақ,
Аппақ ойды қай құдірет оятпақ.
Мона Лиза жүзіндегі күлкідей,
Бір жымиыс тұрды өңіңде қонақтап.
Сосын саған қанат қақтым, ұмсындым,
Сен де маған қанат қақтың, ұмтылдың.
Тоғыстық та, өтіп кеттік екеуіміз,
Аңсадық та,
Айрылыстық,
Күрсіндім.
Мен өзіңді бойлап өттім шамасы,
(Жүрегіме жүрегіңмен қарашы)
Ал, сонан соң, аппақ мұнар көз алдым,
Аппақ мұнар Жер мен Аспан арасы.
Қаңтар айы
Қаңтар айы, таныс қала,
Куә болған сан елеске.
Зәулім шынар, қарт долана
Өткен күнді салады еске.
Шытқыл аяз бетті қарып,
Бозамық Ай, бозамық түн.
Жүрегіңде жұлдыз жанып,
Тербететін бір тәтті мұң.
От жүрегің жалын құшып,
Жанарыңа тұнады арман.
Бір сағыныш алып ұшып,
Қолын бұлғап тұрады алдан.
Ұмытармын қалай ғана,
Өзгердім бе әлде мүлде?
Сол күндері құжыраңда
Рисалат нұры сүйген.
Қаңтар айы,
Өтем әр күн,
Алып өтет мені такси.
Сол долана, шынар зәулім,
Орнында тұр сондағы үй.
Тозған бәрі, өткен ғұмыр,
Елі көшкен жұрттай болған.
Көңілге де түскен бе іңір,
Жапырағынан тұттай болған.
Қаңтар айы,
Аязы өктем...
Тоңғанымды ұмытамын.
Елесімен күннің өткен,
Жүрегімді жылытамын.
Ләйлі қыз
Сыр кеудеңде жиі алдайтын,
Ләйлі қыздың жүрегі жүр.
Сүйіп тұрып сүйе алмайтын,
Қандай ғажап күй еді бұл.
Мен де сүйем жанып іштен,
Мұңлы күйім тіл қатқандай.
Күн кешемін сағынышпен,
Айта алмаймын, жұмбақ қандай?
Жетсем еді толқын болып,
Сен жағалау жартас болсаң.
Сүйем жалғыз көрің көріп,
Риза едім талқан болсам.
Ұшсаң егер аққу болып,
Үзіп қарғы – шыжымыңды.
Көкірегіме гәкку қонып,
Түгер ме еді жырым мұңлы.
Сен тәкаппар әрі мұңлы,
Шыға алмайсың құжыраңнан.
Серік қылып түнді, іңірді,
Ойменен қажып кетер мазаң.
Мен де қоршау айналамды,
Тәрік қылып кетсем бе екен.
Мұң сарынды арман әнді
Жанға сая етсем бе екен.
Ләйлі жүрек – Ләйлі қызды,
Кезіп кетсем ән ғып айтып.
Баспана ғып жапан түзді
Ертегі боп келсем қайтып.
Өмір ғажап керегі не –
Бірде көктем, бірде ызғар.
Бір ғұмырдың көлеміне
Жететұғын бір аңыз бар.
Сол мәнді өмір – еркелесе,
Шығармай-ақ мың құмардан.
Бір адамды жетелесе,
Өмірінде бір нұрлы арман.
Мәжнүн ғашық жыр жолының,
Бір жолындай мұңлы сертім –
Сүйе тұрып сүймейтұғын,
Қыз қолында жүрсін еркім.
Тұл дүние
Махаббат – рахымыңның жаңғырығы,
Пәни менен бақидың мәңгі нұры.
Тілігімнің тірегі сенсің жалғыз,
Сағынышым және де қайғым ұлы.
Жалғызбын,
Иен менің жан жүрегім,
(Сен барсың, бірақ, қалай сендіремін)
Аңсаған рисалат нұры Алланың
Түспеді жүрегіме әлі менің.
Қабарып ғашық жүрек аһ ұрса да,
Сенбедің, сендірмеді ақыл-сана.
Мұрат* кеткен алысқа,
Үнсіз тілмен
Сырласарым – Омар мен Хафиз ғана.
Бір стол, жалғы төсек сынып қалған,
Тозған пәтер есігі құлыпталған.
Ескі айна көрсетеді жүректі емес,
Соңғы жасты жанарға тұнып қалған.
Содан соң түн келеді ойды ауырлап,
Тұңғиық, түпсіз, тілсіз, сөнген ырғақ.
Кафинсіз айкезбе боп кеткен қаңғып,
Ширамай жатар дене жер бауырлап.
*Мұрат Шаймаран
Айға
Көзіме жас тұнған, өңімде жоқ қан,
Мен қуған арман алыстағандықтан.
Ей, бозамық Ай, сырғисың көкте,
Бір кезде мен де сендей толысқам.
Көк шарға біздің ғашықсың қандай,
Сүйдің нұрыңмен ғасырлар қанбай.
Күн сенің сүйеді бір жақ бетіңді,
Кіріптарсың, сен, арқандағыдай.
Қалсаң да кейде, мұңайып, солып,
Үзбейсің күдер рауай болып.
Ғашықпын мен де,
Неге ғашықпын?
Тұрам астыңда бозарып, тоңып.
Жүзесің көкте қабарып ұзақ,
Тәңірім сенсің табынам жылап.
Бетінде дақ бар дейді жұрт сені,
Жаным да менің жаралы, бірақ.
Жұқарған жүйке, еңсем де төмен,
Хаттарға бағып кемсеңдеген ем.
Толғам мен сендей,
Сүйгем, ғашықпын,
Тағы да сендей өртенбеген ем.
Армысың, айхай, торы күн!
Армысың, айхай, торы күн!
Тірлікті талмай жалғаған.
Қобыздан шыққан қоңыр үн –
Бозторғай жүрек салған ән.
Үміттей жарқын мәуелеп,
Көңілге егіп гүлді әсем.
Армандай алыс әуелеп,
Ынтық қып мені тұрсың сен.
Білемін түсің жеті рең,
Сенімен менің нарқым да.
Жеті реңменен жетілем,
Көлеңкем жатыр артымда.
Сәулеге жаным жалғанып,
Түніме тұнған манар Күн.
Кемпірқосаққа айналып,
Ал өзім бу боп жоғалдым.
Сонан соң...
Жоқпын,
Сәулемін,
Қаракөк кәйнек мекенім,
Ғашық жүректің сәлемін
Тірлікке тұғыр етемін...
Армысың, айхай, торы Күн!
Қалдың ба таяп төбеме.
Нұрыңмен қоса сіңірдің
Мұңыңды сәуле денеме.
Сәуле-нұр, үнсіз жырлашы,
Тірліктің көзі – тас тұма.
Періште көңіл сұлбасы
Тығылды табан астына.
Ерітіп мұздай ғұмырды,
Түстікке қайтқан шағала.
Шапақты сүйген жүзімді
Қоңырға бояп бара ма?!
Армысың, айхай, торы Күн!
Асасың сен де төбемнен.
Нұрыңа құштар серігім,
Жанымды саған берем мен.
Тағы да қобыз – сырлы әуен,
Тағы да торғай – жалқы жыр.
Сарынын салқар тыңдаумен
Ғарыпқа қарай қалқы нұр.
Сол бір ән – мәңгі үнсіз ән,
Қайғысын тұрған жасырып.
Жас болып шығып жанардан,
Кірпікте қалды асылып.
* * * * * * * * *
Жетпейтін көзің мүлде,
Ғасыр, не мың жыл өтсін.
Сергек бір сезіммін де,
Мәңгілік бір жүрекпін.
Тұл бойын адамдықтың,
Тықсырып жарып ұштым.
Бақилық адалдықпын,
Мәңгілік сағынышпын.
Айдаймын ар алдында,
Шақырсаң шапағатпын.
Ғасырлық ғазалмын да,
Мәңгілік махаббатпын.
Қаласаң іркілмеймін,
Қармасаң ғарыштаймын.
Үміт боп үлпілдеймін,
Арман боп алыстаймын.
Ақ бетін аршымаған,
Таңқалсын тамам ғалам.
Мұң болып қоңсы қонам,
Түс болып мазаңды алам.
Жасартқан жаңғырығын,
Анаңның әлдиімін.
Талғампаз тағдырыңның,
Мазасыз ән-күйімін.
Жұлдыз боп түнек түнге,
Жанамын көрік болып.
Сезімшіл жүректерге,
Тұрамын серік болып.
Желтоқсан
Кеуім шақ,
Өктем аяз тұр ысқырып,
Жылт етті от
Алда қыстау – ырысты үміт.
Ақ боран сол қыстауды тыға түскен,
Түбіне қарт жартастың бүрістіріп.
Жұтылды сүркей кешке түгел аймақ,
Ұйтқып жел моржаменен тұр еді ойнап.
Достан да артық еді мына кеште,
«Кет, кет!» деп шыққан алдан аламойнақ.
Сексеуіл мен сары қи – бағаң арзан,
Сақтап келген сан елді жаназадан.
Құзарыңа жамылып қостай ішік,
Күнес бетті жылтады қара қазан.
Ақ боран – Алдашы дем, таңға аманат,
Ұрады терезені далбасалап.
Ағамыз ердің қасын тұғыр қылып,
Бүркітін отырғызды томағалап.
Кезігіп бесін шақта сары адырдан,
(Жасын боп түсіп еді бала қыран)
Жалын боп жатыр енді босаға да,
Сағым боп асқан түлкі мана қырдан.
Ой дағы шалқып желдей ұстатпайды,
Аңсаймын бір нәрсені,
Тіс батпайды.
Ішімде жатқан сынды қасқыр ұлып,
Құмтүлек әлсін-әлсін піштәктайды.
Тұтасы көк жүзінде қоралы бұлт,
Жылайды жартылық Ай – жаралы үміт.
Ішінде томағаның арман қайнап,
Тұрады ал далада боран ұлып.
*** *** ***
Қара аспанымнан Күн боп көріндің,
Шолпан боп туып, нұр боп себілдің.
Бірақ та, бірақ, ауырлатасың
Тұнжыр бояуын қара көзімнің.
Төкпейсің сәуле шығып көгіме,
(Шақырғаныңмен шығып желіге).
Жұлдыздан тамған ақ сәуле сынды
Қонасың келіп кірпіктеріме.
Алыссың, жатсың, болмайсың серік,
Бермейсің әттең жаныма көрік.
Жарығы бар да, жылуы бәсең,
Келесің Айдың сәулесі болып.
Сағынған жанға түспейді нарқың,
Сағынан шақта келмейсің әр күн.
Ай болып мейлі көрініп тұршы,
Тұрайын сүйіп сәулеңді салқын.