5 маусым күні Қонаев қалалық сотында агро-сарапшы, азаматтық белсенді Алмасбек Садырбай және онымен бірге айыпталып отырған тағы алты адамның ісі бойынша сот тергеуі жалғасты. Бұл жолғы отырыстың негізгі бөлігі қорғау тарапының өтінішхаттарын қарауға арналды. Адвокаттар прокуратура мен жәбірленуші тарап өкілдерінің мәлімдемелерінің шынайылығына күмән келтіріп, соттың журналистерге бейне және аудио жазба жүргізуге қойған шектеуін қайта қарауды талап етті.
Қорғау тарапы жәбірленуші өкілінің мәлімдемесін жоққа шығарды

Адвокат Анар Құсайынова
Сот отырысының басында Алмасбек Садырбайдың қорғаушысы Анар Құсайынова бірнеше өтінішхат түсірді.
Адвокаттың айтуынша, бұған дейін Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Әмірсанин әлеуметтік желілерде жәбірленушілердің жауап беру кезеңдері толық жарияланып кеткені туралы мәлімдеген. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев осы уәжді негізге ала отырып соттан журналистердің бейне және аудио жазба жүргізуіне шектеу қоюды сұраған.
Алайда қорғау тарапы жарияланған бейнематериалдарды зерттей келе, онда жәбірленушілердің жауап беру сәттері мүлде жоқ деген қорытындыға келген. Құсайынованың сөзінше, аталған бейнелерде тек айыпталушы, судья және мемлекеттік айыптаушы ғана көрінеді.
Осыған байланысты адвокат сот назарын прокурор мен жәбірленуші өкілінің мәлімдемелеріндегі сәйкессіздіктерге аударып, егер олардың көрінеу жалған мәлімет бергені анықталса, құқық қорғау органдарына жүгінуге құқылы екенін мәлімдеді.
БАҚ қызметіне қойылған шектеуді алып тастау талап етілді
Қорғау тарапының екінші маңызды өтініші 28 мамыр күні қабылданған шешімге қатысты болды.
Еске салсақ, бұған дейін Қонаев қалалық соты журналистерге сот процесін бейне және аудиоға жазуға тыйым салған болатын. Ол кезде сот мұндай шектеуді жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірген.
Алайда адвокат Құсайынованың пікірінше, кейін анықталған мән-жайлар бұл шешімнің негізсіз болғанын көрсетеді. Сондықтан ол жаңа мән-жайлардың пайда болуына байланысты аталған қаулыны қайта қарап, журналистерге сот отырыстарын жазуға қайтадан рұқсат беруді сұрады.
Сонымен қатар қорғаушы жәбірленушілердің жауап беру кезінде жалған жауап бергені үшін жауапкершілік туралы ескертілгенін растайтын қолхаттардың көшірмелерін беруді талап етті. Бұдан бөлек, сот отырыстарының толық аудио және бейне жазбаларын қорғау тарабына ұсынуды сұрады.
Прокурорға қатысты жекеше қаулы шығару ұсынылды

Айыпташы прокурор Әлімжан Санабаев
Анар Құсайынова мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаевтың әрекеттеріне де назар аударды.
Оның айтуынша, прокурор журналистердің жұмысына шектеу қою туралы өтініш берген кезде шындыққа сәйкес келмейтін деректерге сүйенген. Адвокат жарияланған материалдарда жәбірленушілерге қысым көрсету, қорқыту немесе олардың қауіпсіздігіне қатер төндіру белгілері жоқ екенін айтты.
Осыған байланысты қорғау тарапы Алматы облысының прокурорының атына мемлекеттік айыптаушыға қатысты жекеше қаулы шығаруды сұрады.
Өз кезегінде прокурор Әлімжан Санабаев әлеуметтік желілерде өзіне қатысты жазылған кейбір ауыр пікірлерді сотта оқып берді. Алайда ол жарияланған материалдарда жәбірленушілерге қарсы қорқыту немесе қысым жасау фактілерінің бар екенін нақты мысалдармен көрсете алмады.
Қорғаушылардың барлық өтініштерін сотталушылар толық қолдады.
Судья қандай шешім қабылдады?

Судья Нұрсұлтан Қойшыбаев
Түскі үзілістен кейін судья Нұрсұлтан Қойшыбаев қорғау тарапы көтерген мәселелер бойынша шешімдерін жариялады.
Жәбірленушілердің жалған ақпарат беруі мүмкін деген мәселеге қатысты судья бұл жөнінде құқықтық бағаны соттың өзі бермейтінін айтты. Егер қорғау тарапы жәбірленушілердің көрінеу жалған мәлімет бергенін дәлелдей алса, онда олар құқық қорғау органдарына жеке тәртіппен жүгінуге құқылы екенін жеткізді.
Ал журналистердің бейне және аудио жазба жүргізуіне қатысты бұрын қабылданған шешім өзгеріссіз қалдырылды. Осылайша сот бұқаралық ақпарат құралдарына қойылған шектеуді алып тастаудан бас тартты.
Сонымен бірге сот жәбірленушілердің ант беру туралы қолхаттарының көшірмелерін беру туралы өтінішті қанағаттандырды. Сондай-ақ сот отырыстарының аудио және бейне жазбаларын ұсынуға келісім берді.
Ал мемлекеттік айыптаушыға қатысты жекеше қаулы шығару мәселесі бойынша кейінірек кеңесу бөлмесінде құқықтық баға берілетіні хабарланды.
Жәбірленуші өкілдерінің мәртебесі туралы дау
Отырыстың келесі бөлігінде жәбірленуші өкілдерінің процессуалдық мәртебесіне қатысты мәселелер қаралды.
Қорғаушы Анар Құсайынова Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Пак пен Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Жасұлан Сұлтанғалиевке қатысты жауап алу хаттамаларының материалдарда нақты қай жерде орналасқаны белгісіз болып отырғанын айтты.
Мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев Павлодар облысында бастапқыда басқа өкіл танылғанын, кейін қызметтік өзгерістерге байланысты Пактың жәбірленуші өкілі ретінде танылғанын түсіндірді. Алайда тиісті құжаттардың қай томда екенін дәл қазір айта алмайтынын мәлімдеп, келесі сот отырысында нақты жауап беруге уәде етті.
Сот барысында Павлодар облысының өкілі Пактың өзі де сөз алып, өзінен нақты жауап алынбағанын, тек іс материалдарымен танысқаны жөнінде қол қойғанын айтты.
Бұл мәлімдеме қорғау тарапының бұрыннан айтып келе жатқан күмәнін одан әрі күшейте түсті.
Атырау облысының өкілі уақыт сұрады
Отырыста жауап берген Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Жасұлан Сұлтанғалиев қызметке жақында ғана келгенін айтты.
Оның сөзінше, өзі қызметке келгенге дейін болған жағдайлар туралы толық ақпаратқа ие емес. Сондықтан ол көптеген сұрақтарға нақты жауап бере алмайтынын айтып, қосымша уақыт сұрады.
Қорғау тарапы бұл жауаптарға наразылық білдіріп, Сұлтанғалиевтің жауабы жәбірленуші өкілінен гөрі куәгердің жауабына көбірек ұқсайтынын алға тартты.
Алмасбек Садырбай: «Журналистік құқық бұзылып жатыр»
Сот аяқталғаннан кейін Алмасбек Садырбай БАҚ өкілдеріне пікір білдірді.
Ол соттың журналистерге қойылған шектеуді өзгеріссіз қалдырғанын сынға алды.
«Сіздің журналистік құқығыңыз бұзылып жатыр. Оны бұзып отырған Қонаев қалалық соты. Неліктен бұлай болып жатқанын өздері жақсы біледі. Олар шындықтың толық жария болғанын қаламайды», – деді ол.
Қазіргі уақытта «The Qazaq Times» ақпарат агенттігі сот залынан бейне және аудио жазба жүргізе алмай отыр. Сондықтан редакция сот процесі туралы ақпаратты негізінен мәтіндік форматта жариялауға мәжбүр.
Алмасбек Садырбай ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылық қызметімен және қоғамдық белсенділігімен танылған тұлға. Ол ұзақ жылдар бойы аграрлық саясат, субсидия бөлу мәселелері және фермерлердің құқықтарын қорғау тақырыптарын көтеріп келеді.
Қазіргі іс бойынша Алмасбек Садырбаймен бірге Ахат Алтыннұр, Алмас Берлібатыров, Асқар Жарменкенов, Марал Тоқбаева, Зулмина Тоқбаева және Мадина Тастанбекова сот алдында жауап беріп жатыр.
Тергеу органдары оларға Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 218-бабы және 262-бабы бойынша айып таққан. Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушылар ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияларды заңсыз алу схемасына қатысқан болуы мүмкін. Айыптау актісінде мемлекетке келтірілген залал көлемі 1,2 миллиард теңгеден асады деп көрсетілген.
Сотталушылардың ішінен тек Марал Тоқбаева ғана 190-бап бойынша тағылған айыпты ішінара мойындайтынын мәлімдеген. Қалған айыпталушылар өздеріне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарып, кінәсіз екендерін айтып келеді.
Алмасбек Садырбайдың сотқа тартылуы қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Бірқатар азаматтық белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдері бұл істі құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан қылмыстық тергеудің заңды жалғасы деп санайды. Ал енді бір бөлігі Садырбайдың қоғамдық қызметі мен билік органдарын жиі сынауына байланысты бұл істің саяси астары болуы мүмкін деген пікір айтылуда.


















Алмасбек Садырбай ісі: Ашық сот па, әлде жабық бақылау ма?
Иран әскери элитасының жойылуы: соғыстың жаңа кезеңі
Хаменеиден кейінгі Иран: билік транзиті мен соғыс көлеңкесіндегі ел
Ирандағы соғыс өрті: геосаяси дағдарыстың жаңа кезеңі
Республикашылдар иммиграциялық операцияны сынға алды, бірақ Трампты ашық айыптаудан тартынды
Үкім өзгермеді. Мемлекеттік тілдің құны — төрт жыл түрме ме?