11 маусым күні Қонаев қалалық сотында агро-сарапшы, азаматтық белсенді Алмасбек Садырбай және онымен бірге айыпталып отырған тағы алты адамның ісі бойынша кезекті сот отырысы кейінге қалтырылды.

Судья Нұрсұлтан Қойшыбаев. Фото: QT

Сот процесі кеш басталды. Мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаевта сот залына келмей, 5 айыпталушы мен қатар онлайн режимде қатысты. Судья Нұрсұлтан Қойшыбаев сот отырысын ашық деп жариялағанымен, дебыс және бейне жазуға рұқсат жоқ. Ал, Zoom арқылы қосылған қатысушылардың дауысы үзіліп, кей сәттерде мүлдем естілмей қалды.

Марал Тоқбаеваның қорғаушысы Байдуақасов денсаулығына байланысты сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтініш білдірді. Нәтижесінде іс қарауы 18–19 маусым күндеріне қалдырылды.

Бір қарағанда бұл кезекті кейінге қалған сот отырысы ғана сияқты көрінуі мүмкін. Алайда соңғы екі аптадағы процестерге қарасақ, бұл істе жауаптан гөрі сұрақ көбейіп бара жатқандай әсер қалдырады.

Ашық сот па, әлде шектеулі жариялылық па?

Бұл істегі ең көп талқыланған мәселелердің бірі – соттың жариялылығы.

4 маусым күні жәбірленуші тарап өкілдерінің бірі, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Әмірсанин Әмірғазы өзінің 28 мамыр күнгі соттағы жауабы жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде жағымсыз пікірлер жазылып жатқанын айтып, жеке қауіпсіздігіне қауіп төніп отырғанын мәлімдеген.

Осыдан кейін ол журналистердің сот залында бейне және дыбыс жазуына шектеу қоюды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев бұл өтінішті қолдады. Нәтижесінде судья Қойшыбаев сотты ашық деп жариялағанымен, журналистерге бейне және аудио жазуға тыйым салынды.

Қорғау тарабы бұл шешіммен келіспеді.

Алмасбек Садырбайдың адвокаты Анар Құсайынова. Фото: QT

5 маусым күні қорғаушы Анар Құсайынова бірқатар өтінішхаттар түсіріп, жәбірленуші өкілінің мәлімдемесіне құқықтық баға беруді, оны қолдаған прокурорға жеке қаулы шығаруды және журналистерге қойылған шектеуді қайта қарауды талап етті.

Құсайынованың пікірінше, Әмірсаниннің әлеуметтік желілерде таралып жүрген жазбалар жөніндегі мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмеген. Сондықтан прокурордың сол уәжді негізге алып, журналистер жұмысына шектеу қоюды қолдауы да құқықтық бағалауды қажет етеді.

Судьяның жауабы нені көрсетті?

Түстен кейін судья Нұрсұлтан Қойшыбаев қорғау тарапының өтініштері бойынша шешім шығарды.

Судьяның айтуынша, егер жәбірленуші өкілдерінің жалған ақпарат бергені анықталса, қорғау тарапы құқық қорғау органдарына арыздануға құқылы.

Алайда судья бұл мәселеге өзі құқықтық баға беруден бас тартты.

БАҚ өкілдеріне қатысты мәселе бойынша да судья бұрынғы шешім өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. Яғни сот формальды түрде ашық болғанымен, журналистер үшін бейне және аудио жазуға салынған тыйым сақталды.

Сонымен бірге судья жәбірленуші өкілдерінің ант беру туралы қолхаттарының көшірмесін және сот отырысының бейне-аудио жазбасын беру жөніндегі қорғау тарапының өтініштерін қанағаттандырды.

Ал прокурорға жеке қаулы шығару мәселесі бойынша түпкілікті баға кейінірек берілетіні айтылды.

Дәл осы жерде маңызды құқықтық сұрақ туындайды. Егер қорғау тарапы соттың көз алдында болған әрекеттерге құқықтық баға беруді сұраса, сот неге бұл мәселені өз қарауынан шығарып, басқа органдарға жүгіну мүмкіндігін түсіндірумен ғана шектелді?

Өйткені дәл осы мәлімдеме журналистердің сот процесін толық жазып алу құқығының шектелуіне негіз болған еді.

182 том мен 187 томның жұмбағы

Бұл істегі ең күрделі мәселелердің бірі – қылмыстық іс материалдарының көлемі.

28 мамыр күні қорғау тарабы сот өндірісінде 187 том бар екенін анықтаған. Алайда қорғаушылар мен сотталушыларға танысу үшін бар болғаны 182 том берілген.

Осыған байланысты қорғаушылар істі прокурорға қайтару туралы өтінішхат түсірген.

Сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Қорғаушылардың күмәні бекер емес еді. Себебі жаңа айыптау актісінде Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Пактың жауап алу хаттамасы 183-томда орналасқаны көрсетілген.

Бірақ қорғау тарабы танысқан материалдар арасында мұндай том болмаған.

Осы мәселеге байланысты біз сот залында да, сот отырысынан кейін де мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаевқа арнайы сауал қойдық. Атап айтқанда, айыпталушы тарап таныспаған бес том материалдың сот өндірісінде болуы қандай да бір процессуалдық заң бұзушылық болып саналмай ма деген сұрақ қойылды.

Мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев. Фото: QT

Прокурор Әлімжан Санабаев бұған қысқа ғана жауап беріп, «ешқандай заң бұзушылық жоқ» екенін мәлімдеді.

Алайда прокурордың бұл жауабы істегі бес томның нақты қандай материалдардан тұратыны, олардың қорғау тарабына қашан және қандай тәртіппен ұсынылғаны жөніндегі сұрақтарға жауап бермейді.

Сондықтан бұл мәселе сот процесін бақылап отырған жұртшылық үшін әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Өйткені қылмыстық процестегі негізгі қағидалардың бірі – тараптардың теңдігі мен қорғау құқығы. Ал қорғау тарабы таныспаған материалдардың сот өндірісінде болуы осы қағидалардың толық сақталуы жөнінде сұрақ туғызатыны анық.

Пактың жауабы қайда кетті?

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Пакқа қатысты жағдай тіпті күрделірек көрінеді.

4 маусым күні ол өзінен жауап алынғанын айтқан.

Сол кезде мемлекеттік айыптаушы бұл жауап алу хаттамасының нақты қай жерде тұрғанын көрсете алмады.

Ал 5 маусым күні прокурор істе мұндай жауап алу хаттамасы мүлде жоқ екенін мәлімдеді.

Одан кейін Пактың өзі де бұрынғы сөзін өзгертіп, шын мәнінде жауап бермегенін, шатастырып алғанын айтты.

Бір күн бұрын «жауап бергенмін» деген адамның келесі күні «жауап бермеппін» деуі қоғам назарын аудартпай қоймайды.

Әсіресе мұндай мәлімдемелер сотта, жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетіні ескертілгеннен кейін жасалғанын ескерсек, сұрақтар одан сайын көбейеді.

Жәбірленушілердің жауабы қаншалықты нақты?

5 маусымдағы сот барысында қорғау тарабы Павлодар және Атырау облыстары ауыл шаруашылығы басқармалары өкілдерінің жауаптарына да күмән келтірді.

Кейбір жауап алу хаттамаларының іс материалдарында нақты қай жерде тұрғаны анықталмағаны айтылды.

Жәбірленуші өкілдерінің бірі өзінен нақты жауап алынбағанын мәлімдеді.

Тағы бір өкіл қызметке кейінірек келгенін айтып, бұрын болған оқиғалар бойынша көптеген сұрақтарға жауап бере алмайтынын жеткізді.

Қорғау тарабының пікірінше, мұндай жағдайлар жәбірленуші тараптың дәлелдерінің толықтығы мен сенімділігіне қатысты қосымша сұрақтар туғызады.

Алмасбек Садырбай не дейді?

Сот процесі аяқталғаннан кейін Алмасбек Садырбай журналистерге соттағы шектеулерге қатысты наразылығын білдірген.

Ол журналистердің кәсіби құқықтарының бұзылып отырғанын айтып, қоғамның сот барысы туралы толық ақпарат алу мүмкіндігі шектеліп жатқанын мәлімдеді.

Бұған дейін де Садырбай өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің негізсіз екенін бірнеше рет айтқан.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір фактілердің өзі дұрыс бағаланбай отыр.

Бұл іс неліктен қоғам назарында?

Алмасбек Садырбаймен бірге Ахат Алтыннұр, Алмас Берлібатыров, Асқар Жарменкенов, Марал Тоқбаева, Зулмина Тоқбаева және Мадина Тастанбекова сот алдында жауап беріп жатыр.

Оларға Қылмыстық кодекстің 190, 218 және 262-баптары бойынша айып тағылған.

Сотталушылардың ішінде тек Марал Тоқбаева ғана 190-бап бойынша тағылған айыпты ішінара мойындаған. Қалғандары өздеріне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарады.

Іс қоғамда қызу пікірталас туғызды. Бір тарап оны экономикалық сипаттағы қылмыстық іс деп қарастырса, екінші тарап азаматтық белсенді Алмасбек Садырбайдың қоғамдық қызметіне байланысты саяси астар болуы мүмкін деген пікір айтады.

PS. 11 маусымдағы сот отырысы тағы кейінге қалдырылды. Бірақ кейінге қалғаны тек соттың өзі емес сияқты.

Әлі күнге дейін 182 және 187 том арасындағы айырмашылық түсіндірілген жоқ.

Айыптау актісінде көрсетілген жауап алу хаттамасының тағдыры белгісіз.

Жәбірленуші өкілдерінің өзгерген жауаптарына толық құқықтық баға берілген жоқ.

Ал сот ашық деп жарияланғанымен, журналистердің аудио және бейне жазуына қойылған шектеу күшінде қалып отыр.

Осының бәрі Алмасбек Садырбай ісін қарапайым қылмыстық іс деңгейінен шығарып, сот жүйесіндегі жариялылық, процессуалдық теңдік және әділ сот қағидаттарының сақталуы жөніндегі кең қоғамдық талқылауға айналдырып отыр.

The Qazaq Times