Елордада Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай және рухани мұра» атты Халықаралық онлайн конференция болып өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен қазақтың бас ақыны Абай Конференцияда Ұлы Абай мұрасының қазақ руханиятындағы құндылығы, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы және ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі, сонымен қатар абайтануды жаңаша ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелері қарастырылды.
Онлайн конференцияның модераторы болған Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева былай деді:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы аясында айтылғандай: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткеніақынныңмұрасы – бүкіладамзатбаласыныңруханиазығы».
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы жыл басын «Абай тағылымы» атты иллюстративті-кітап көрмесімен және оның жалғасы ретінде Чехияның Клементинум Ұлттық кітапхасында «Абай» ақпараттық орталығын, Венгрия, Словакия, Германия елдерінде «Абай оқуларын» өткізді. Сонымен қатар 2020 жылы республикалық комиссия шешімі бойынша Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы таңдалып, еліміздің түкпір-түкпірінде аса қызығушылықпен оқудамыз және 2015 жылы Ұлы ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты ашылған «Абай» академиялық залы өзінің тұрақты пайдаланушыларына Абай шығармашылық мұраларын және Абай туралы ғылыми-зерттеулерді насихаттап, қолжетімді ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етуде.
Қазақтың қоғамдық ой-санасының, ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің, сондай-ақ әдеби тілінің даму тарихында Абай Құнанбаевтың алатын орны да, оған сіңірген еңбегі де орасан зор, қосқан үлесі мен көрсеткен үлгісі де аса мол.
Кемеңгер ойшыл Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған «Абай және рухани мұра» атты бүгінгі конференция ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол болады деп үміттенеміз.
Ұлықбек Есдәулет,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
-Кейінгі уақытта «Әр дәуірдің өз Абайы болады» деген пайымды жиі еститін болдық. Олай емес. Барлық дәуірге, барлық халықтарға ортақ бір Абай бар. Абай - дара. Алла - жалғыз, Абай - жалғыз.
Кезінде «Менің Абайым» деп ақын Темірхан Медетбек зерттеу кітап жазды, біз оны ыстық ықыласпен қабылдадық. Қазір Абайды иемденушілердің қатары тіпті көбейді. Несі бар, иемденуге хақысы бар, Абайды әркім өзінше таниды, әр қырынан келіп, өзінше баға береді.Мектеп оқушылары «Менің Абайым» деген тақырыпта жаппай шығарма жазуда. Бұл да құптарлық іс.
Алматыдағы Жазушылар одағының ғимаратының алдына Абайдың ескерткіш-мүсінін тұғырға қоймақпыз. Бұл мәселеде қол ұшын беріп отырған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа алғысымыз шексіз.
Сонымен қатар,ұлы ақынның туған күні - 10 тамызды дәстүрлі «Абай күні» деп атап, жылда мерекелеу жөнінде министрлікке ұсыныс бердік.
Кенжехан Матыжанов,
филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:
Абай өсиеттері жаңа заман лебіне сәйкес жаңа мазмұнмен толықтырылып, қоғамдық сананың жаңғыруына қызмет ете береді.
Олай болса, «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет», - деген Ел Президентінің жүрек жарды пікірі ХХІ ғасырдағы Абайтанудың басты бағдары болуға тиіс.
Тұрсын Жұртбай
филология ғылымдарының докторы, жазушы, абайтанушы:
-Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасына сәттілік тілейміз. Біраз дүние айтылды. Осы бас қосқанымыздың өзі Абай бүкіл дүние қазақтарының рухын біріктіргенінің белгісі. Жүз жылдан бері оқылмаған «Шыр айнал да иман тап» деген сөзі бар болатын. Аманжан Жақып түпнұсқасын тапқан. Оның мағынасы «шырайланып, нұрланып, өңің кіріп, иман істе, жолаққа кір» деген сөзі екен.
Абай өлеңдерін қытай тіліне аудару жайлы Акбар досым айтып өтті. Мысалы ақын өлеңдерін қытай тіліне аудару өте азап. Өйткені түсініксіздеу ироглиф кедергі. Мысалы «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» дегені «қыс түседі, шөп шабады» деген сөздермен аударылған. Бұл үлкен мәселе. Ал енді осыған жол тапқан біздің Димашты аударып жүрген бала бар. Ол осы Абайды көне қытай тіліне аударып, әннің ырғағына түсірген кезде, барлығы түсінікті болып кетеді екен. Соған көзіқарақты болуымыз керек. Абайды сол арқылы аударсақ, келешекте үш милиардқа жуық оқырман табатыны сөзсіз.
Анатолий Ким,
жазушы, драматург және аудармашы Анатолий Ким (Ресей):
- Ең ұлы абайтанушымыз деп Мұхтар Әуезовты айтуға болады. Оны біз жазушының «Абай жолы» романынан байқаймыз. Мұхтар Әуезов ұлы классик. Абай туралы өз шығармасында адамзат құбылысын көрсете білді.
Жақында маған Қазақстанда тұратын досымнан Абайдың қара сөздерін маған аудару керектігі жөнінде жақсы хабар келді. Енді мен абайтанумен айналысатын боламын.
Ұлы Абай осы кезге шейін де және де ұлы ойшылдардың қатарында саналады. Себебі, ол өз шығаомаларында адам бейнесіндегі жоғары құндылықты дәріптеді. «Біз кімбіз?», «Сіз кімсіз?» деген сұрақтардың жауабын іздейді.
Маған көбіне Абайдың айтып кеткен рактат сөздері көп көмектеседі. Абай рухы бізді әрқашан қолдап жүре берсін дегім келеді.
Ақбар Мәжит,
жазушы, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңестің мүшесі (Қытай):
- «Абай өлеңдерін қытай тіліне ең алғаш аударған адам - сібе ұлтынан шыққан Хахуань Чжан еді. Бүгінде оның жасы 90-нан асты.
Ал 1994 жылы Қытайдағы ұлттар баспасы Абай шығармасын қытай тіліне қайтадан аударуға бел байлады. Ұлы ақынның 150 жылдығына әзірленген бұл аударма кейін де бірнеше рет жарық көрді және Қытайға кең таралатын «Оқырмандар» журналында жарияланған. «Сіздерге әйгілі, 2013 жылы қыркүйек айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь Қазақстанда Назарбаев университетінде сөз сөйлегенде Абайдың 37-ші қара сөзінен үзінді сөйледі. Ол менің аудармам еді.
Әбдіуақап Қара,
тарихшы, ғалым, Ыстамболдағы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры (Түркия):
- ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас шенінде өмір сүрген Абай шығармаларында қоғамдағы өмірдің әр саласында кемшіліктерді қатаң сынға алып халықтың көзін ашқысы келеді. Сындар іс жүзінде қазақ халқына қаратылғанман, сондағы қазақ орнына, әзірбайжан, қырғыз, өзбек, татар, түрік сынды өзге түркі халықтарының есімдерін жазып оқыса сол халықтар мұны жатырқамас еді. Яғни сондай кемшіліктір барлық түркі мұсылман халықтарына ортақ.
Біздің ойымызша Абай сол кезде өзге түркі халықтардан да хабардар еді. Ол кездегі түркілер, әсіресе зиялы қауым арасындағы мәдени байланыс сол кездің шектеулі мүмкіншіліктеріне қарамастан жоғары деңгейде еді. Қырымдағы Исмаил Гаспиринскидің “Тәржүман” газетін Ыстамбұлдан Орынборға, Самарқаннан Қазанға дейін барлық түркі зиялылары алып оқып тұратын. Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Ахмет Байтұрсын да оны жоғары бағалайтын. Тіпті Шәкерім Құдайбердіұлы Гаспиринскиді өзінің үстазы деп санайтын. Сондай-ақ Абайдың шығармаларында аз да болса түрік тілінен сөздер кездесетіні оның түрік тіліндегі газет журналдарды да түсінетінің және сол тұста түркі халықтарының тілдерінің бүгінгіден әлдеқайда бірбіріне түсінікті екенін айғақтайды. Бұл себептен Абай тек қазақ халқының қана емес, бүкіл түркі дүниесінің ақыны десек қателеспейміз.
Айта кетейік, онлайн конференцияға сондай-ақ, елордадағы Қазақстан Жазушылар одағы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі Алмахан Мұхаметқалиқызы, Мимар Синан университетінің профессоры Абдуакап Кара (Түркия); тарих ғылымдарының докторы, Анкара Кажы Байрам Вели Университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласун (Түркия), филология ғылымдарының кандидаты, Сегед Университетінің профессоры Раушангүл Мұқышева (Мажарстан), ақын, филологияғ ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан және т.б. қатысты.
Назерке Мұхаметхан