Мұрат Әуезов, Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов бастаған бір топ ақын-жазушы түрмеде отырған диссидент, ақын Арон Атабекті босатуды сұрап, хат жазды. Хаттың мәтіні құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп санайтын Арон Атабектің адвокаты Шынқуат Байжановтың Facebook желісіндегі парақшасында  жарияланды.

Хатта авторлар ақынның соңғы кезде денсаулығы күрт нашарлап кеткенін айтып, босатуды сұраған. Оның 2006 жылы «әйгілі «Шаңырақ» оқиғасы бойынша жалған жаламен 18 жылға итжеккенге айдалып кеткені» айтылған.

«...Жан азабы өз алдына, түрмедегі қинау мен азаптаудың алуан түрін басынан кешірген Арон Атабектің денсаулығы бірнеше жылдан бері күрт нашарлап кетті. Жасы 70-ке таяған қарттың екі қол мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды. «Көзімнің тірісінде қадірле мені!.. Өлгесін басыма көк тас қойып, құрметтеп керек емес!» деген екен бір қарт назаланып... Сол айтпақшы, халық батырын көзі тірісінде бостандыққа шығарып, денсаулығын түзетуге жағдай жасасаңыз нұр үстіне нұр болар еді. «Елім-қазағым!» деп жанын шүберекке түйген батырымыздан тас зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары хақ! Ұрпақ алдында ұятты болмайық, президент мырза!» делінген хатта.

Әдебиетшілер қауымының президентке жазған араша хаты. Фото: Facebook желісі

Хаттың соңына Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүйлейменов, Мұрат Әуезов, Бақыт Беделхан, Амантай Асылбек, Гүлжан Ерғалиева, Талғат Айтбай қол қойған. 2020 жылдың 25 желтоқсанында жазылды деп көрсетілген.

Адвокат Шынқуат Байжановтың сөзіне қарағанда, хат жазу туралы бастаманы Арон Атабектің жанашырлары, серіктестері көтерген. Хат биыл жіберілген, бірақ президент әкімшілігінен әзірге жауап түспеген.

Хатқа қол қойған кейбір ақын-жазушылар «саяси санасы жоғары, ұлт ақыны Аронды босату керек, оны түрмеде азаптап, отырғызып қою – күнә» деген пікірде.

Адвокат Шынқуат Байжан. Фото: Abai.kz

Атабекке ерікті түрде адвокат болған Байжан Абай порталына берген сұхбатында Павлодардағы түрме басшысына бірнеше рет хат жазғанын айтады. Заңгер пікірі:

«Қылмыстық кодекстің 75-бабына сәйкес, денсаулығына байланысты түрмеден мезгілінен бұрын босату, жазасын жеңілдету немесе түрмені үй қамаққа ауыстыру секілді мүмкіндіктер бар. Ол үшін түрме басшысы осындай ұсыныспен сотқа жүгіне алады.

Маған Алма хабарласып, әкесінің қан қысымы жоғары екенін, қант диабеті бар екенін айтты. Түрмеде соққыға жығылған екен. Содан бір қолы дұрыс істемейтінін айтты. Асқазан, буын аурулары тағы бар. Осыларды айтып, денсаулығы нашарлаған адамды неге әлі күнге түрмеде ұстап отырғанын, 75-бапқа сәйкес, неге әлі күнге сотқа ұсыныс жазылмағанын сұрап хат жолдадым.

Осыдан соң, Семенова деген келіншек түрмеге кіріп, Аронмен сөйлесіпті. «Аронның денсаулығы жақсы екен» деп хабарлады. Ол видеоны осы желіге жариялады. Ол жерде де Аронның әрең отырғаны, телефонды ұстап тұруға шамасы келмегені анық байқалып тұр.

Сосын, Павлодар түрмесінің басшылығына екінші мәрте хат жолдадым.  Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан арнайы комисссия құрылып, Ароны Атабектің денсаулығын бастан-аяқ тексеруі керектігін талап еттім. Тәртіп бойынша, түрме басшылығы Аронның жазасын жеңілдетіп, үйқамаққа ауыстыруды сұрауы үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қарары бойынша жаңағы комиссия шешімі керек. Комиссия шақырыңыз, барлық анализдерін алыңыз деп сұрадым. Екі ұсынысымды да желіде жарияладым.

Кейін олар маған жауап жазыпты. «Сіздің ұсынысыңыз бойынша комиссия тағайындамақ едік, Арон Атабектің өзі қарсы болды. Міне, өз хаты деп қолмен жазылған хатты тіркепті. Онда: «Денсаулығымды тексертуге қарсымын» деп жазыпты. Осыған сәйкес, біз комиссия тағайындап, тексеріс жасай алмаймыз», – депті. Ал түрме дәрігерлері тексергенде, денсаулығы жақсы болыпты-мыс.

Сосын мен «Нұр Отанға» (Б.Байбекке) «КУИС» бастығына тағы хат жолдадым. Түрмедегі, еркіндігі жоқ адамнан рұқсат сұрау керек пе? Бас еркіндігі жоқ адамнан кім рұқсат сұрайды? Түрме басшылығы Арон Атабектен рұқсат сұрады дегенге сенуге бола ма? Денсаулығы күрт нашарлап кеткен адамды неег өздері тексермейді?

«Егер Арон Атабек түрмеде қайтыс болып кетсе, оған ертең сіздер кінәлі боласыздар! 68-дегі қарт кісі, ақын, саяси диссидент деп танылған адам, Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған адам түрмеде көз жұмса, ол – жақсы ат емес», – деп жаздым.

Жауап берген жоқ. Тек хатым тіркелді деп хабарлады. Осыдан кейін, Павлодар түрмесінің басшысы маған екінші мәрте жауап жазыпты. Ол жауабы да алдыңғысын толық қайталаған. «75-баппен шығара алмаймыз. Өзі рұқсат бермеді», – депті.

Осыдан соң, біз президентке хат жазу туралы шешімге келдік. Жан сауға сұрау қазақта бар салт. Қалған 4 жылын түрмеде өтеуге Арон Атабектің денсаулығы шыдай ма, жоқ па, белгісіз... Әрине, біз хат жаздық екен деп, мәселе шешіле салмауы мүмкін. Бірақ, «үмітсіз шайтан» деген».

Атабек 2006 жылғы 14 шілдедегі Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған. Сол күні Алматы шетіндегі Шаңырақ шағын ауданының тұрғындары билік заңсыз соғылған деген үйлерді бұзуға келген полиция күштеріне қарсылық көрсетіп, қақтығыс болған. Салдарынан 24 жастағы полицей қайтыс болған. Билік оның өліміне бірқатар жергілікті тұрғында және сол күні Шаңырақта болған ақын, әрі диссидент Арон Атабекті айыптаған. Атабек 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Кейінгі екеуі 2018 жылы мерзімінен бұрын босатылды. Өтегенов 2013 жылы түрме әкімшілігі қызметкерлерінің «заңды талаптарына бағынбады» деп айыпталып, мерзімі екі жылға ұзартылды.

Арон Атабек түрмедегі жылдарының бәрі өзі тұратын Алматыдан тысқары жерде өткізді. Павлодар тергеу изоляторына оны 2014 жылдың сәуірінде ауыстырған.

2010 жылы Арон Атабекке «Тұтқындағы шығармашылық иесі» (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген.

Еуропарламент жақында Қазақстан туралы қабылдаған қарарында «қазір қамауда отырған барлық белсенділер мен саяси тұтқындарды», соның ішінде Арон Атабекті дереу босатуға шақырған.

"The Qazaq Times"