Қаңтар айының 17-і күні «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің «Facebook» парақшасына 27 ақпан күні билік партиясның ХVIII сьезі өтетіндігін мәлімдеді. Осыдан кейін сарапшылар мен журналист біткен «Нұр Отан» кезекті құрылтайында қандай бастама көтереді?», «Бұл мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына дайындық емес пе?» - деген сұрақтарға жауап іздей бастады. Бұндай сұрақтарға жауап іздеу Қазақстан саяси алаңында заңды процесс екендігі белгілі. Себебі «Нұр Отан» партиясының соңғы 10 жылда болған құрылтайларының барлығы сайлауға дайындық жасау алаңы ретінде пайдаланылып келеді.

«Шенеунік десе, жемқор еске түседі» - дегендей, қазір құрылтай десе, елдің есіне сайлау сап ете қалады. Бұл да халықтың басына өзге ғаламшардан келіп қонған ой емес. 2005 жылы (ол кезде әлі «нұр» емес) «Отан» партиясының VIII құрылтайы Нұрсұлтан Назарбаевты партия атынан президент сайлауына ұсынумен аяқталды. Дәл осы уақыттан бастап партия сьездерінің барлығы дерлік сайлауға дайындық ұстаханасының рөлін атқарды.

2010 жылдың желтоқсан айында Өскемен қаласынан шыққан бастамашыл топ Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін созуға байланысты референдум өткізуді ұсынып «сұмдық» саяси бастама көтерді. Бұндай «ноухауды» бұрын соңды көрмеген «халық», ұсынысты қолдап, әп-сәтте 5 миллион адамның қолын жинап, «қалғанымыз осыларға қосыламыз» - деген емеурін танытты. Бірақ, Назарбаев 2011 жылдың қаңтарында 5 миллион халықтың осыншалықты ықылас-тілегіне қарамастан референдум өткізуді қабылдамай тастады. Кейіннен президенттің бұл шешімін Конституциялық кеңес те қолдады. Бірақ көп ұзамай Назарбаев 2011 жылдың 4 ақпанында мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу жөніндегі қаулыға қол қойды. Арада бір апта уақыт өткен соң 11 ақпан күні «Нұр Отан» партиясының ХIII құрылтайы өтіп, күн тәртібіндегі басты мәселе партия атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауына ұсыну болды.

Бұған қоса 2011 жылы мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу жөнінде бастама көтерілді. Қазан айының 11-і күні президент парламент мәжілісін таратып, парламент сайлауын 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіледі. Арады 9 күн өткен соң Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XIV құрылтайы өтті. Сьезде партияның сайлау алды платформасы қабылданды.

2015 жылдың ақпан айында (ескі әуен бойынша) Қазақстан халықтар Ассамблеясы мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу жөнінде бастама көтерді. Наурыз айының 11-і күні «Нұр Отан» партиясының XVІ құрылтайы өтіп, президенттікке бір ауыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылды.

2016 жылдың басында (депутаттардың бастамасы бойынша) парламент мәжілісі таратылып,  29 қаңтар күні « Нұр Отан» партиясының XVІІ құрылтайы өтті. Сьезд шын мәнінде сайлауға дайындықтың қозғаушы күші болды. Себебі құрылтайда партияның сайлау алды бағдарламасын талқылаудан бөлек, сайлауды ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.

2005 жылдан бері өтіп келе жатқан «Нұр Отан» партиясы құрылтайларының хронологиясы қысқаша осындай. Билік партиясының соңғы 14 жылда өткізген құрылтайларының ішінде тек бір ғана сьезд сайлауға арналмаған. Атап айтқанда 2013 жылдың қазан айында өткен XV құрылтай партия Доктринасын қабылдаумен ғана шектелді.

Қорыта айтқанда ақпан айында өтетін билік партиясының құрылтайында қандай бастамалар көтерілетінін дөп басып айту қиын. Десе де, соңғы 14 жылда болған сьездерге қарасаң, осы жолғы президент сайлауына дайындық 27 ақпаннан басталып кетуі де ғажап емес. Себебі "құрылтай мен сайлау егіз ұғым"...

"The Qazaq Times"