Наурыз айында Астана қаласында орталық Азия елдерінің басшылары бас қоспақ. Мемлекет басшыларының саммитін ұйымдастыруға мұрындық болған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев. Қос президенттің бастамасы Орталық Азия елдерін біріктіре ала ма?
Кеңестер одағы құлағалы бері Орталық Азия елдері басшылары түрлі бас қосуларда жеті интеграциялық жоба талқылады. Бірақ оның бір де біреуі қабылданған жоқ. Әркім өз дегенін айтып, бірі көлге, бірі шөлге сүйреді. Енді міне, бірнеше жылды артқа тастап Орталық Азия елдерінің басшылары наурыз айында Астана қаласында бас қоспақ. Аталмыш бас қосуға қазірдің өзінде Қазақстан, Өзбекстан, Ресей елдерінің сарапшылары түрлі болжамдар айтуда. Бірақ бүгін біз болжамдарға емес осы уақытқа дейін саммиті ұйымдастырушы қос президенттің істеген жұмыстарына қысқаша тоқталамыз.
Өзбекстанда 2016 жылы билік басына Шавкат Мирзиеев келгелі бері Орталық Азия елдері басшыларының бір-біріне қонаққа баруы жиіледі. Ең бірінші кезекте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылдармен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Шекарадағы кеден бекеттері күрделі жөндеуден өтіп, жүк тасымалы біршама жақсарды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев бірнеше рет кездесу өткізді. Түрлі мемлекетаралық құжаттарға қол қойылды.
Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» үшінші отырысында: «Біздің тарихымыз, дініміз, мәдениетіміз бір. Құдай бізге бір-бірімізге көмектесуге, аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бірге болуға жазды. Қазір осыған байланысты Өзбекстанда көптеген өзгерістер болып жатыр. Мен бұны сырттай бақылап отырмын. Біз қолымыздан келгенше көмектесудеміз. Бұндай өзгерістер Тәжікстанда да, Түркіменстанда да жүргізілуде. Жақында Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Мен Орталық Азия болашағына үлкен сеніммен қараймын. Біз бірге болуымыз керек. Бізді құдай қосқан. Бұл біреуге қарсы бірігу емес, бұл біздің мемлекеттеріміздің дамуы мен халқымыздың болашағы үшін бірігу» - деген болатын. Назарбаевтың осы мәлімдемесінен кейін Шавкат Мирзиеев Самарқант қаласында өткен халықаралық конференцияда: «Орталық Азия елдерінің тарихы, діні, дәстүрі бір. Біздің мыңдаған жылдық тарихымыз бар. Біз Еуразияның жүрегіміз. Өзбекстан Орталық Азияның дамуы үшін көршілерімен бірігіп жұмыс істеуге қашан да дайын. Орталық Азиядағы 70 миллион халықтың бүгіні мен ертеңі аймақтағы мемлекеттерге байланысты» - деді. Бір сөзбен айтқанда қос президент бір-бірмен келісіп алғандай мәлімдемелер жасады. Әрине бұның барлығы кездейсоқтық болуы мүмкін. Бірақ кездейсоқтық жиі қайталанатын болса, онда ол кездейсоқтық емес жоспарлы жұмыс сипатын алады.
Бұдан бөлек жақында Нұрсұлтан Назарбаев Уашингтонға ресми іс-сапармен барды. Онда ол АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, аймақ қауіпсіздігі мен өзара әріптестікті дамыту жөнінде келіссөздер жүргізді. Назарбаевтың ресми іс-сапарымен қатар Нью-Йорк қаласында Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен «С5+1» жобасы аясында кездесу өткізді. Осы тұста Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «С5+1» кездесуі өтпей жатып қаңтар айының 15-сі күні АҚШ пен Орталық Азия елдеріне ескерту жасады. Онда ол: «Егер біздің америкалық әріптестеріміз біздің орталық азиялық достарымызбен кездесуінде экономика емес геосаясат тұрғысында келіссөдер жүргізетін болса, онда олардың барлығы бұның жақсылыққа апармайтынын көретін болады» - деді. Бірақ Ресей тарапының бұл мәлімдемесіне АҚШ та, Қазақстан да, Өзбекстан да ешқандай жауап қатқан жоқ. Ресейдің ескертуіне жауап қату былай тұрсын жақын күндері Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін Уашингтонға ресми іс-сапармен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев барады. Ол да АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен екі ел арасындағы әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Осыдан кейін Орталық Азия елдері басшыларының саммитін өткізу мен аймақтағы бес мемлекеттің жаңа интеграциялық бастамалар жасауға ұмытылысының "кездейсоқтық" атты желінің қайдан есетінін аңғара беріңіз.