Орталық Азия елдерінің басшылары наурыз айында тұңғыш рет Астана қаласында бас қосады – деп хабарлайды СА-portal ақпарат көзі Тәжікстан президент әкімшілігіне сілтеме жасап.

СА-portal мәліметінше, наурыз мерекесі қарсаңында Астана қаласында өтетін Орталық Азия елдері басшыларының саммитін ұйымдастыруға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев мұрындық болған. Бес елдің президенттерінің басын қосатын саммитте Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етеді.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» үшінші отырысында Орталық Азия елдері жайында мәлімдеме жасаған болатын. Онда ол: «Біздің тарихымыз, дініміз, мәдениетіміз бір. Құдай бізге бір-бірімізге көмектесуге, аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бірге болуға жазды. Қазір осыған байланысты Өзбекстанда көптеген өзгерістер болып жатыр. Мен бұны сырттай бақылап отырмын. Осы жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 30 пайызға өсті. Екі елдің халқы араласуда. Біз қолымыздан келгенше көмектесудеміз. Бұндай өзгерістер Тәжікстанда да, Түркіменстанда да жүргізілуде. Жақында Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Мен Орталық Азия болашағына үлкен сеніммен қараймын. Біз бірге болуымыз керек. Бізді құдай қосқан. Бұл біреуге қарсы бірігу емес, бұл біздің мемлекеттеріміздің дамуы мен халқымыздың болашағы үшін бірігу» - деген.

Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Самарқант қаласында өткен халықаралық конференцияда: «Орталық Азия елдерінің тарихы, діні, дәстүрі бір. Біздің мыңдаған жылдық тарихымыз бар. Біз Еуразияның жүрегіміз. Өзбекстан Орталық Азияның дамуы үшін көршілерімен бірігіп жұмыс істеуге қашан да дайын. Орталық Азиядағы 70 миллион халықтың бүгіні мен ертеңі аймақтағы мемлекеттерге байланысты» - деп мәлімдеген.

“The Qazaq Times”