Уашингтон АҚШ, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды қамтитын «C5+1» серіктестігін теріс пиғылдарға пайдалануы мүмкін – деп мәлімдеді Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Қаңтар айының 15-сі күні Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "2017 жылдағы РФ-ның дипломатиялық нәтижелері" атты баспасөз мәслихатында «С5+1» әріптестігі жөнінде пікір білдірген. Ол онда: «Біз Орталық Азиядағы көршілеріміздің кең ауқымды сыртқы саясат ұстанғанына қарсы емеспіз. Бірақ біз АҚШ-тың аталмыш әріптестікті теріс пиғылда пайдаланғысы келгенін естідік. Бұл бұған дейін де айтылған «Үлкен Орталық Азия» жобасына ұқсас дүние. Егер біздің америкалық әріптестеріміз біздің орталық азиялық достарымызбен кездесуінде экономика емес геосаясат тұрғысында келіссөдер жүргізетін болса, онда олардың барлығы бұның жақсылыққа апармайтынын көретін болады. Біздің «Үлкен Еуразия» жобамыз аталмыш идеологияға кереғар. Оның негізінде ашықтық пен біртіндеп бірігу идеясы жатыр. Осының нәтижесінде біз бүкіл Еуразия құрлығын біріктірмекпіз» - деген.

Естеріңізге салайық, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бюросының бірінші орынбасары Элис Уэллс Уашингтонның Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен аймақтағы елдердің бірінде «С5+1» форматында кездесу өткізу жоспары бар екендігін мәлімдеген.

“The Qazaq Times”