Адамдардың көбі ұзақ өмір сүріп, дүниенің, ұрпақтарының, елдің қызығын ұзағырақ көргісі келеді. Алайда, қартайған кезде денсаулықтың ақаусыз болуы тым қиын. Жас кезінен спорттық жаттығулармен айналысқан адамдар да жас егделеген сайын денесінің қауқарсыз тартып, ауыруға қарсылық қуаты кеміп, кәріліктің жеңе бастайтынын мойындайды. Қазіргі таңда ғылым-техника адамзаттың өміріне, тұрмысына, тіпті адамның тағдырына да үлкен өзгерістерді алып келді. Адамды қартайтпай, ұзақ жасатуға мүмкіндік қарастырған ғылыми зерттеулер әр елде жүріліп жатыр.
Қазір Жапония, Оңтүстік Корея, Италия және бірқатар елдерде адамдардың орташа жасы ең жоғары. Осы «ұзақ жасаудың құпиясын тапқан» елдер туралы егжей-тегжейлі материал жариялаған едік. Ал жақында Құрама Штаттағы ғалымдар қартайған кезде пайда болатын ауыруларды жоқ қылатын препараттар жасауға болады деген жаңалық жария етті. Тіпті олар болашақта адам жасын 150 жастан асыруға болатынын айтады. Жалпы қартаюмен күресу адамзаттық проблема болып келеді.
Адамзаттың кәрілігіне қарсы күрескен халықтың бірі біз, қазақ халқы десек те болады. Арыда жыраулардан тартып, сал-серілер шығармаларында да, Майлықожа, Сүйінбай, Жамбыл, Кененнің терме-жырларында бұл тақырып көп қаузалған. Тіпті, Көкше әулие, Майқы би, Асан-Қайғы бабалар 150 жас жасаған деген аңыздары да бар. Бұхар жыраудың да жүзден аса жасағаны туралы анық деректер де бар. Бұрын көшпелі қазақтың тұтынған тағамдары дерлік дәрілік қасиетке ие болды деуге болады. Ет-сүт өнімдерінің азықтың қуатымен дәрумендік өнімі, емдік қасиеті болды. Құрт-ірімшігі ас қорыту жолын дерттен қорғаса, сары майы қанның қоюлығын болдырмауға пайда берген, шүбәті тыныс жолын тазаласа, қымызы бауыр мен бүйрек, несеп жолындағы тасты ерітіп, уытты жоғалтқан да, айраны асқазанның қызметін жақсартты. Осыларды қалай тұтынуды, қашан тұтынуды білген қазақ кәрілікпен күреспеді деп айта алмаспыз. Бұл туралы Таласбек Әсемқұлов өзінің бір мақаласында айтады.
Адам баласын кәріліктен құтқару үшін әлемде жеке зерттеушілер, біріккен зерттеу тобы, арнайы құрылған орталықтар жұмыс істеп келеді. Биомедицина бойынша геронтолог Обри де Грей солардың бірі. Ол қартаю процесін зерттеуге өз қалтасынан миллиардтаған қаржы жұмсаған. бұл буралы: «Қартайған кездегі денсаулықтың нарашлығы, шын мәнісінде, адамдардың ең басты мәселесінің бірі. Бірақ, дау жоқ, көп ұзамай медициналық жетістіктер адамдардың ұзақ жасауына мүмкіндік беретін болады», – деп сенеді.
Ал, 2013 жылы Google компаниясы Calico (California Life Company / Калифорния Өмір Компаниясы) деп аталатын бір компанияны жасақтады. Фирманың басты мақсаты адамдардың ұзақ әрі бақуатты жасауының мүмкіндіктерін қарастыру. Өткен жылы Facebook құрушысы Марк Цукерберг XXI ғасырдың соңына дейін ғылым-техника жетістіктері барлық ауруларға қарсы ем таба алады деп уәде берген еді.
Барлық тірі организм өмірді ұзартуға қарай тырысады. Тіршілігін тоқтатуға ұмтылыс жасайтын организм жоқ. Сондықтан эволюцияның жоғары сатыларына қарай өрлеген сайын, бұл процесс те күшейе түседі. Кәрілікті зерттеу институтының ғалымдары қарапайым организмдер айталық бір клеткалылар өмірді ұзартуға көмектесе алуы мүмкін деп тапқан. Аталған институттың зерттеу тобы бір клеткалы қарапайым организмдердің өмірін 500 пайызға ұзартуға болатынын, шағын көп клеткалы жануарларды, мысал ретінде тышқанның өмірін 20-30 пайызға дейін ұзара алған. Тек бұл жаңалықты адамдарға қолдануға болатын, болмайтыны зерттеліп қаралуда.
Дегенмен, ғалымдардың тобы біздің денсаулық мәселемізді қашан шешіп береді деп күтіп отыра бермеу керектігін, керісінше жасы ұлғайған адамдардың да физикалық жаттығулар жасап, жақсы орта, жақсы тұтыну, жақсы тұрмыс дағдысы арқылы өз өмірін ұзарта түсуі керек деп кеңес береді.