Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің соңғы мәлімдемелері Ресейге қатысты бұрынғы дипломатиялық сақтықтан бас тартып, ашық қарсылыққа көшкенін аңғартқандай. Бүгін Әлиев украин журналисі Дмитрий Гордонның сұрағына қайтарған жауабы мен Reuters-ке білдірген мәлімдемесі соның көрсетеді.

Президент Әлиев Украинаға: "Оккупацияға ешқашан көнбеңдер. Аумақтық тұтастықты бұзғандарға ешқашан берілмеңдер" деді.

Бұл Кремль үшін тікелей ескерту. Әзербайжанның өзі де кеше ғана Армениямен шекарадағы дауларын Ресейдің араласуынсыз шешкен.

Бұған негізгі түрткі болған Ақтау маңындағы ұшақ оқиғасы:

Әлиев Ресейдің үнсіздігіне наразы екенін алғаш рет ашық айтты. 2024 жылдың соңында Ақтау маңында Әзербайжанға тиесілі АН-74 ұшағы құлап, ұшақтағы адамдардың біразы қаза тапқан болатын. Әзербайжан тжағының дерегінше, ұшақ Ресей тарабынан атылған.

Әлиев бүгін Reuters-ке: "7 ай күттік. Ресей үнсіз отыр. Біз артық ешнірсе сұрап отырған жоқпыз. Бар болғаны, кінәні мойындап, айыптыларды жазалап, қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлесін дедік. Оны да істемей отыр. Енді соттасамыз. Біз бұл оқиғаны ұмытпаймыз", – деді.

Бұл мәлімдеме де – Кремльге бағытталған қатаң сигнал.

Ал, бұған Ресейдің көрсететін реакциясы төмендегідей болуы мүмкін:

  1. Әдеттегі "үнсіздік тактикасы" жалғасуы мүмкін
    Кремль көбіне достастық кеңістігіндегі (ТМД) елдердің наразылығына жауап бермей, үнсіз қалуды жөн көреді. Әзербайжанның мәлімдемесіне де осылай етуі ықтимал. Бұл – шиеленісті ушықтырмаудың, бірақ ешнәрсе мойындамаудың амалы.
  2. Мәскеу "достық риторикасын" сақтап қалуға тырысады
    Ресей үшін Әзербайжан – Оңтүстік Кавказдағы стратегиялық ойыншы. Кремль жағы Кавказда Түркияның ықпалының артуынан қорқады, сондықтан Әлиевпен қарым-қатынасты мүлде үзіп тастау Мәскеуге тиімсіз.
  3. Жауап берудің рымын жасайды
    Ресей сыртқы істер министрлігі немесе қорғаныс министрлігі аясында төмен деңгейдегі ресми тұлғалар түсініктеме беруі мүмкін. Бұл – жауап бердік деп көрсету, бірақ жағдайды салқындату әдісі.
  4. Әзербайжанға қысым күшейту
    Экономикалық немесе аймақтық қысым күшейуі мүмкін. Мысалы, Ресей Әзербайжан өнімдеріне уақытша тосқауыл қоюы болмаса Армения жағын баса қолдауы мүмкін.

Әлиев неге батыл сөйледі?

  1. Түркияның артындағы саяси қолдау
    Әзербайжанның соңғы жылдардағы негізгі тірегі – Түркия. Әлиев Мәскеуге қарсы ашық мәлімдемелер жасағанда, Анкараның қолдауы бар екенін біледі.
  2. Ресейдің әлсіреуі
    Украинадағы соғыстың ұзаққа созылуы Ресейдің бұрынғы аймақтық үстемдігін әлсіретті. Оны Әзербайжан да, Орталық Азия елдері де байқап отыр.
  3. Ұлттық беделді сақтау
    Ақтаудағы ұшақ оқиғасына үнсіз қалу Әлиев үшін ішкі саясатта абыройсыздық болар еді. Халыққа "біз кек қайтарамыз" немесе "әділдікке қол жеткіземіз" деп көрсету – саяси ұпай жинаудың амалы.

Бұның геосаяси салдары қандай болуы мүмкін?

  • Кавказдағы көпполярлы ойын күшейеді

Әзербайжан Ресейден алыстай отырып, Түркия, Қытай және Батыспен теңгерімді саясат жүргізуге көшіп барады.

  • Ресейдің ықпалы кемиді

Әлиевтің бүгінгі сөзі – Оңтүстік Кавказда Ресейдің рөлін шектейтін тағы бір қадам.

  • Украина мәселесінде прецедент қалыптасты

Әлиевтің «оккупацияға көнбеңдер» деген сөзі – посткеңестік елдерге бағытталған үндеу. Ал бұның Кремльге ұнамайтыны анық.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Кремльге дипломатиялық тұрғыда «қаттырақ сөйлеу» саясатына көшті. Бұл Оңтүстік Кавказдағы геосаяси ойынның жаңа кезеңін бастайтын белгі. Ресейдің жауап нұсқалары көп, бірақ Мәскеудің үнсіз қала беруі немесе төмен деңгейде ғана жауап беруі әбден мүмкін. Дегенмен, Әлиевтің бүгінгі сөзі посткеңестік кеңістікте Мәскеуден қорықпайтын жаңа риторика дәуірінің басталғанын көрсетті.

The Qazaq Times