Жалпы Жапониядағы қариялардың қайсысымен сөйлессек те, өткенге өкінбеу, басқа түскен қиындықты жүрекке жақын қабылдамау, жаман ойға берілмеу, үнемі алға ұмтылу және табиғатта жиі болуға тырысу туралы айтады. Жапон қарияларының өмір салтына қарасаңыз, Еуропа мен Америка ғалымдары айтып жүрген «адамның еңбек өнімділігі жасына байланысты, қартайғанда іскерлік қабілеті нашарлайды» деген теорияның әлемге ортақ қағида еместігін түсінеміз.
Статистикалық деректерден келтірсек, жапондардың орташа өмір ұзақтығы 82 жас. Орташа есеппен ерлер — 78, әйелдер 86 жыл өмір сүреді екен. Бұл дүние жүзіндегі 1 орынның көрсеткіші. Екінші орында Швеция тұр. Орташа есеппен еркектері 78, әйелдері 83 жыл өмір сүреді екен. Испан еркектеріне 76, әйелдеріне 83 шамасындағы жас беріледі. Аустралия тұрғындарының ішіндегі ерлері 77, әйелдері 82 жыл деп мөлшерленсе, канадалықтарға 77/82 деген цифр тиесілі.
Жерұйық мекен саналатын Швейцарияда тұратын ерлер қауымы 76, әйелдері шамамен 89 жыл жасайды, француздар да осы шамада. Бұл дүниежүзінде халқы ұзақ жасайтын елдердің тізімі. Бұл тізімді Жапонияның бастауы заңды да. Қоршаған орта жағдайы мен әлеуметтік фактордың екі аяқты тіршілік иесіне қатты әсер ететінін білеміз. Кейінгі кезде артық салмақтың адам өміріне аса қауіпті екені айтылып жүр. Жапонияда 65-тен асқандар халықтың 20 пайызын құрайды. Барлығы артық салмақтан ада. Эдо дәуіріндегі шипагер Каибара Экинэн (1630-1714) «Йоуджоуки» деген кітабында «Адамның тоқтығы 80 пайыз деңгейден аспау керек» деген екен.
Ал биылғы 100-ге толып отырған терапевт Хинохара Шигэаки тамақтанғанда асқазанның 30 пайызын бос қою керек деп есептейді. 1911 жылы дүниеге келген Хинохара Шигэаки 1941 жылдан бері дәрігер боп жұмыс істейді. «Семіздіктен қорқып, еттен толық бас тартқан дұрыс емес» дейді ол. Жүзге келген дәрігердің өзі ұзын-ұзын баспалдақтармен таяқтың көмегінсіз жаяу көтеріледі. Лифт, эскалаторды пайдаланбайды, жолға шыққанда жүгін өзі көтереді. Қан тамырларын қалыпты жағдайда ұстау үшін тұрақты түрде жаттығу жасайды. «Ұйықтамау денсаулыққа қауіпті емес, ұйықтамағанын ойлап, уайымдап, күйіну қауіпті» дейтін Хинохара Шигэаки аптасына бір рет таңға дейін жазу жазады екен. «Қартайдым деп, екі қолды бос қойып, диванда жатып алған дұрыс емес. Көпшілікпен араласып, шабыттандыратын сүйікті іспен шұғылдану керек. Орташа жас ұзақтығы 80 десек, қалған 10-20 жылды да еңбекпен өткізу керек. Адам бойында 36000 ген бар. Пайдаланбайтынымыз қаншама! Музыка, спорт, сурет өнерін тек қолынан келетін жастардың шаруасы демеу керек. Адам бойындағы көптеген қабілеттер қартайғанда ашылуы мүмкін» дейді ол.
Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы