
6 қыркүйек күні Алматы облысы Талғар ауданында тағы да адам шошырлық қылмыс болды. Көз алдымызда тағы бір отбасының қасіреті мен полицияның салғырттығы тұтас елдің назарын өзіне аударды. Талғар ауданы Қызылқайрат аулында белгісіз біреу жәбірленушінің бауырын атып өлтіріп, оның екі жасар қызын ұрлап әкетті.
Сәби кейін арнайы жасақтың операциясы арқылы құтқарылып, анасына тапсырылды, ал күдікті ұсталды. Бірақ басты сұрақ ашық қалып отыр: бұл қанды оқиғаның алдын алуға болатын ба еді?
Адвокаттың айғағы: ескерілмеген шағымдар
Адвокат Гаухар Сариева оқиғаға қатысты ащы шындықты ашты. Оның айтуынша, жәбірленушінің туысы күдіктіні бір ай бұрын зорлады деп полицияға шағымданған. Бірақ ішкі істер органдары ешқандай шара қолданбаған.
Жәбірленушілер күдіктіні өздері ұстап, полицияға әкелді.
Күдікті ертеңінде-ақ босатылып шықты.
Сол босатылған адам қайта келіп, қару қолданып, бір отбасының шаңырағын ортасына түсірді.
Бұл құқық қорғау жүйесінің салғырттығы мен жауапсыздығының айғағы.
Ресми органдар не дейді?
Алматы облыстық полициясы мәлімдемесінде:
Қылмыстық істер қозғалғанын,
Жәбірленуші мен күдіктінің «бұрын жақын қарым-қатынаста болғанын»,
Қыз баланың аман-есен құтқарылғанын хабарлады.
Бұл — қоғамды сабырға шақыруға бағытталған мәлімдеме. Бірақ қоғамдағы ашу-ыза мен сенім дағдарысын сейілтпеді. Себебі халық «неге уақытында әрекет етпедіңдер?» деген заңды сауалға жауап ала алмады.
Бұрынғы резонансты оқиғалармен сабақтастық
Бұл жағдай Талғардағы алғашқы резонансты қылмыс емес.
Былтыр Шерзат Полаттың өлімі бүкіл елді дүр сілкіндірген. Жасөспірімнің қазасы бойынша үкім биыл жазда шықты. Бірақ сол істе де полиция мен қадағалау органдарының әрекетсіздігі сынға алынған еді.
Шерзат ісі кезінде жәбірленушілердің шағымдарына қарамастан, Қаржаубайдың үйі өртеніп, Шерзаттың ағасы Нұрғанат күмәнді жағдайда қайтыс болды.
Осы тізбекке бүгінгі трагедия қосылды. Бұл — кездейсоқтық емес, жүйелік дағдарыс.
Полицияның әркетсіздігінің салдары
Жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйіндер, жазасыз қалған шенеуніктер мен полицейлер — осындай трагедиялардың қайталануына жол ашып отыр.
Бірінші қателік – шағымды елемеу.
Екінші қателік – ұсталған күдіктіні босатып жіберу.
Үшінші қателік – қоғамға «біз жағдайды бақылауда ұстап отырмыз» деген құрғақ сөзбен шектелу.
Осының бәрі бір адамның өмірін қиды, бір сәбидің тағдырын қатерге тікті.
Қоғамдық сенімнің күйреуі
Талғардағы жағдай — елдегі ішкі істер жүйесіне деген сенімнің қаншалықты әлсірегенін көрсетті.
Қарапайым халық «қылмыскерді өзіміз ұстап бермесек, әділдік болмайды» деген күйге жетті.
Жәбірленушілердің шағымын елемеген полицияға халық сенім артудан қалды.
Ресми органдардың «сәби құтқарылды, қауіп жоқ» деген ақталуы шындықты бүркей алмады.
ҚР ішкі істер саласының жүйелік дағдарыс
Талғардағы қанды оқиға — бір аудандық полиция бөлімінің қателігі емес, Қазақстандағы ішкі істер саласының жүйелік дағдарысының айнасы.
Уақытылы әрекет етілсе, бұл қылмыстың алдын алуға болатын еді.
Жазасыздық пен салғырттықтың салдары — адам қазасы мен бала ұрлығы.
Билік шынайы реформаны қолға алмаса, мұндай қайғылы оқиғалар қайталана береді.
Бұл жолы да «жабулы қазан жабулы күйінде» қала ма, әлде қанды оқиға жүйені өзгертудің соңғы дабылы бола ма? Бұл сұрақ кеше «Шерзат ісінде де» қозғалған болатын. Оған жауапты бүгінгі Талғардағы қанды оқиға беріп отыр.
Қайғы жұтқан отбасының қасіретіне ортақтасып, көңіл айтамыз. Қылмыскердің қатаң жазалануын, сондай-ақ осындай қасіретке жол берген жауапты тұлғалардың да заң алдында қатаң жауапқа тартылуын талап етеміз.