Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда алаңда ту көтерген, кейін басына оқ тиіп, ауыр жарақат алған белсенді Берік Әбішев аурухананың жан сақтау бөліміне түсті.. Бұл жөнінде белсендінің анасы Ақлима Мұқашева хабарлады, -деп жазды Азаттық радиосы.
Оның сөзіне қарағанда, ұлы қазір Алматы облысы Жамбыл аудандық ауруханасында реанимацияда жатыр. Бір күн бұрын түстен кейін температурасы көтеріліп, селкілдей бастаған. Бұдан соң жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткізілген.
"Жағдайы өте нашар. Анализ инфекция көрсетіп тұр дейді. Көзін ашқан, бірақ әзірге сөйлей алмайды. Зондпен тамақ беріп жатыр" деді Ақлима Мұқашева 13 қаңтарда таңертең Азаттық тілшісіне.
Анасының айтуынша, алдыңгүні Берік Әбішев МРТ-ға түсіп, түрлі тексеруден өткен. Денсаулығы нашарлауына сол әсер еткен болуы мүмкін.
- Алдыңгүні SEMA-ға (аурухана аты) барып келген. МРТ, өзге де тексерулерден өткен. МРТ-да жалаңаш түсіреді ғой. Бір сағаттай аппараттың астында жатса керек. Оның үстіне күн суық болды. Азанғы 9 жарымнан кеткеннен кешкі бесте келді. Кешке жақын барлық жерім ауырып тұр деді. Дәрі-дәрмек бердік. Ертесінде температурасы көтерілді. Дәрі бердік. Алматыға хабарласып едім, олар "парацетамол беріңіз, тұмау тиіп қалған ғой" деді. Cодан кеше дәрі бердік. Түс ауа төрттен кейін қалшылдай басталды. Температуасы қатты көтеріліп кетсе керек. Ауылдық дәрігерді шақырып, олар келіп, уколдарын салды. Ұзынағаштан жедел жәрдем көлігін шақырттық, – деді Ақлима Мұқашева.
Азаттық тілшілері әзірге аурухана мамандарынан белсендінің жағдайы туралы жауап ала алмады.
Бір жылдың ішінде басына бес рет ота жасатқан белсенді жуырда тілге келіп, сөйлей бастаған. 40 жастағы белсенді Қаңтарға дейін де бейбіт шерулерге қатысып, пікірін ашық айтып жүрген.