Марат Тәжинның министр кезіндегі бір ерлігі

Дипломат, қоғам қайраткері, қазақ тілінің үлкен жанашыры Сайлау Батырша-ұлының мемлекет және қоғам қайраткері, қазір Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Марат Тәжин туралы естелік әңгімесі.

С.Батырша-ұлы: М.Тәжин дипломатия саласына келмей тұрып, жоғары лауазымды қызметтер атқарғанын білесіздер. Түрлі жиын барысында оның ресми тілде көп сөйлейтінін көруші едім. Содан Сыртқы істер минситрі болып тағайындалды дегенді естігенде «министрліктегі қазақ тілі тағы кері кетеме екен» деп қауіптендім. Бірақ, жаңа министр менің бұл мазасыздығымды өз ісімен айықтыра бастады. Ол жиналыстарда таза қазақша сөйлеп, баяндамаларының денін қазақ тілінде жасай бастады.

Осыған орай мен министрге өзге елдер үшін жазылатын ноталарды қазақ тілінде жазсақ деген ұсынысымды білдірдім. Өйткені, басқа мемлекеттердің дені солай өз мемлекеттік тілдерін қолданады. М.Тәжин бұл ойымды қолдады. Бірақ министрліктің шешіміне Ресейдің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников қарсы болды. Дипломатиялық корпустың сол кездегі дуайені (елшіліктердің ішіндегі келген уақыты мен стажы ең көбі, басқа елшіліктердің арасындағы басты өкілдігі болып таңдалады) Түркменстан елшілігі арқылы біздің министрлікке наразылық нотасы келіпті. Онда өздерінің Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бұл шешімімен келіспейтіндігін, өйткені көптеген елшіліктерде қазақ тілін оқи алмайтынын, соған байланысты алдағы уақытта ноталарды орыс тілінде жазып жіберуі керектігін айтыпты.

Бұны көрген соң менің көңілім су сепкендей басылды. Себебі, Мәскеу не айтса соны үнсіз атқарып үйренген басшылық бұндай наразылық нотасын көргенде жалт бұрылып, құжаттарды орыс тілінде қалдыратын шығар деп ойладым. Алайда, М.Тәжинге хабарласып едім ол қазақ тілінде қалдырамыз деген жауап айтты. Және дуайенге қазақ тілінде жауап хат жазды. Онда «барлық әлем елдерінде қабылдаған халықаралық тәжірибеге сай іс-қағаз сол елдің мемлекеттік тілінде жүреді, Конституция бойынша Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілі қазақ тілі. Ал, кімде-кім қазақ тілін оқуға мүмкіндігі келмесе тәртіп бойынша аудармашы жалдасын» деп жазылған. Сөйтіп, біз артқа шегінген жоқпыз. Министр М.Тәжин де өз ұстанымында берік тұрды.

Кейін мен Түркіменстан елшісімен кезіккен уақытта нота жайын сұрадым. Соның алдында Әзербайжан және басқа да елшіліктерден нотаға наразылық білдірген-білдірмегендері туралы сұраған едім. Олар наразылық нотасына қол қоймағанын, халықаралық тәртіп бойынша аудармашы алып жұмыс істеп жатқанын айтты. Содан мен Түркіменстан елшісіне «бізді қолдағанның орнына бұл қалай істегендерің деп» сұраған едім ол «қайдан білейік, Ресейдің елшісі келіп, басқа елшіліктермен де келістік, орыс тілінде жазсын деп талап қояйық деген соң солай нота жібердік» дейді. Бірақ, Ресей елшісінің бұл айласы мен қарсылығы бәрібір іске асқан жоқ, М.Тәжин азаматтық көрсетіп, олардың ойлағанын орындатпады.

Міне, Марат Мұхамбетқазыұлы осылай сыртқы істер саласында елеулі істер атқарып, өз қолтаңбасын қалдырған басшылардың қатарына енген болатын.

“The Qazaq Times”
«Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» эссе-диалог кітабынан үзінді. Авторы Мұрат Алмасбекұлы

Ұқсас жазбалар