Алматы қаласындағы Қаңтар көтерілісіне қатысты соттарды қазақша өткізу жөніндегі мәселе екі түрлі шешілді. Заңнамасы ортақ, іс жүзінде қайшылықпен қабылданған сот билігінің шешімін қос стандарт жағдай деп сынағандар көбейді. Айыпталушылардың бестен төрті, куәгерлердің түгел дерлігі қазақтілді бола тұра, – орысша жалғастыруды сұраған жалғыз айыпталушы мен бір жәбірленушінің тілегін жөн көрген соттың әділдігіне қатысушылар күмән келтіреді. Сот ісін мемлекеттік тілде өткізу туралы бірнеше реткі өтініші қайта-қайта орындалмай жатқан тараптардың көпшілігі сотқа сенімсіздік білдіруге мәжбүр болды. Олар сот әділдігінің алғышарты – істі көптің мүддесіне ортақ тілде жүргізу екенін айтады.
Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында наурыз айының ортасынан бес қаңтаршының ісі қарала бастады. Олар – Айгерім Тілеужанова, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамбет Шилібаев, Жан-Айдар Карменов. Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алуға қатысты, ұйымдастырды деген айып тағылған.
Қоғам назарын аударған іс сотқа түскен күннен-ақ тіл дауы туған. Айыпталушылар мен қорғаушылардың басым бөлігі сот процесінің қазақ тілде өтуін сұрап келеді. 14 наурызда жасалған өтінішті прокурорлар мен судья қатар қанағаттандырудан бас тартқан. Наурыздың 30-ы өткен отырыста да бес қаңтаршының істі қазақша қарауын қайталап өтініш жасады.
Ашық сот отырысына қатысып жүрген 80 адам Қалас Нұрпейісовті үйқамаққа босатуды және істің қазақша жүруін сұрап, сотқа ұжымдық өтініш хат та түсірді.
Қазақшасы нашар судья Мартпек Какимжанов және екі бірдей прокурор Б. Сейтімбет пен К. Амерсеитов бірнеше рет берілген өтінішті негізсіз деп санап, орысша жалғасуын құптады.
Құқық мамандары аталған істе Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабының («Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi») 1-бөлігіне көрсетілгендей, еліміздегі кез келген қылмыстық сот iсi қазақ тілінде жүргiзiледi, қажетіне қарай қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады деген заң талабы ескерілмегенін сынайды.
Әуежайда болған бес қаңтаршының біріккен ісінде төрт азамат қазақ тілінде өтуін сұрап отыр. Қалас Нұрпейісовтің адвокаты Жалғас Сапарханованың айтуынша, іс қозғалған 7 қаңтардан бері 8 ай бойы алдын ала тергеп-тексеру әрекеті қазақша жүрген. Былтыр 11 тамызда тергеу органы істі орыс тіліне ауыстырған.
Төртке бір... Бірақ демократияға қайшы шешім
30 наурызда өткен түстен кейінгі отырыста өтініші қараусыз қалған адвокаттар судья Какимжановқа сенімсіздік танытты. Оның орнына кірген судья Бахытхан Бәкірбаев тараптардың уәжін тыңдады. Бес қаңтаршының бәрі қазақ. Бірақ төртеуі процестің қазақ тілінде жүруін, біреуі орыс тілінде өткенін құп көретінін мәлімдеді.
Нұрпейісов және оның қорғаушылары Сапарханова мен Айдарханов, Тілеужанова және адвокаты Айдарханова, Дәлібаев пен Шилібаев және олардың қорғаушылары Байжанов заңға сәйкес қазақшаға өзгертуді сұрады. Карменов пен оның екі адвокаты Тораманов пен Исмаилов екіұшты, дегенмен орысша қалдыру мәнінде талап білдірді.
– Менің қорғауымдағы Карменов толығымен орыстілді қазақ. Әкесі қазақ, анасы армян. Отбасы, айналасы орысша. Орыс тілінде оқыған. Қазақ тілін мүлде білмейді. ...Қазақша өткізу оның құқығын шектейді. Оның үстіне, Конституция бойынша тілдік белгісіне қарай құқығын шектеуге жол берілмейтінін процеске қатысушылардың есіне салғым келеді. Осы тұрғыда тергеу мен процесте бекітілген орыс тілінде жалғасуын сұраймын, – деді адвокат Абиль Тораманов.
Шилібаев «Мен орыс тілін мүлдем түсінбеймін. Менің тағдырым шешіліп жатқанда іс түсінбейтін тілде жүрсе, онда түрмеде жата берейін, сырттай соттай беріңіздер» деп ашынды. Сөз алған Дәлібаев та орыс тілін білмейтінін айтты. Соттың мемлекеттік тілде өтуін талап етті. Ол «тергеу амалдары істің барлығы қазақша жүргенін» алға тартты. Қорғауындағы екі қаңтаршының монотілді екеніне баса назар аударған адвокат Байжанов төрт бірдей азаматтың бұрын түсірген өтінішін ескеріп, іс сотқа жолданғанда судья мән-жайды ескеріп қазақша жүргізуге шешім қабылдауы керек еді дейді. Сонымен қоса, Шынқуат Байжанов:
– Алғашында тергеу қазақша жүрген, кейіннен арнайы прокурорлар қолына алған кезде материалды толығымен орысшаға аударған. Тергеу материалдары басы-аяғы түгел, сараптама мен қорытындылары, куәлар жауабы, барлық құжат екі тілде дайындалған. Сотқа еш айырмасы жоқ, істің бәрі екі тілде алдында тұр. Қазақшадан мәселе жоқ, материал дайын. Ертең көрсетпе беретін куәгерлердің 90%-ы қазақтілді азаматтар. Жалғыз жәбірленуші қазақ тілін білетін өкіл жібере алады ғой.
– Тағы бір жайт – сотталушының құқығы бұзылса, ертең кез келген үкімнің бұзылуына, қайта қаралуына себеп болуы мүмкін. Ақтау үкімінен үміт етіп отырмыз. Солай болған күні прокурор сотталушының конституциялық құқығы бұзылды, іс орысша жүрді, процесті қайта өткізуге негіз бар деп қайта шағымданарына жүз пайыз сенімдімін, – деп ықтимал салдар жөніне тоқталды Байжанов.
Бес жәбірленушінің бірі, Үкіметке қарасты «Казаэронавигация» филиалының өкілі, Алексей Афанаси сотқа сенімсіздік білдірмейтінін, яғни істің орысша жүруін мақұлдайтынын мәлімдеді. Адвокат Байжановтың мемлекеттік кәсіпорыннан қазақ тілін білетін өкіл табу қиын емес болар деген пікірі осы мекемеге қатысты.
Прокурорлар сот ісін қазақша жүргізу талпынысы бірнеше рет мақұлданбай, ақыры сотқа сенімсіздік танытқан айыпталушылар мен адвокаттардың өтінішін бұл жолы да негізсіз деп бағалады.
Тараптардың пікірі тыңдалып болған соң кеңесу бөлмесіне кеткен бір сағат үзілісте қазақтілді төрт қаңтаршыны қолдауға келген ондаған адам мен орыстілді Карменовтің туыстары арасында тілдік дау туды. Дәлізде жалғасқан жанжалда ұлтаралық араздық тудыратын сөздер айтылды. Жан-Айдар Карменовтің ұлты армян, орысша сөйлейтін анасы «Маған қазақшаны үйретпейді, себебі Қазақстанды біз құрдық» деген уәжінен кейін айқай-шу сипаты күрделене түсті.
Айыпталушылар мен қорғаушылардың басым бөлігінің судья Какимжановқа сенімсіздік танытуын қараған судья Бәкірбаев әріптесінің позициясын сақтап қалды. Ол сот процесі орысша қаралады, қазақшаға ауыстыруға негіз жоқ деп түсіндірді. Сот залындағылар «Судья, масқара!» деп наразылық білдірді. Орыстілді бір қазаққа қазақтілді төрт қазақтың конституциялық құқығын жығып берді деп сынағандар да болды.
Артынша сот залына қайта келген Какимжановқа келген кейбір қатысушылар орнынан тұрмау арқылы наразылығын білдірді. Қазақша білмейтін я сөйлемейтін судья келесі сот отырысын 4 сәуірге белгіледі.
Сот барысын бақылап жүрген QT тілшісі көпшілік түсінбейтін тілде өтіп жатқан процесс уақыт жағынан тиімсіз, ұзап кететінін әрі ақпарат көлемінің ауқымдылығынан аударма қызметінің сапасы нашарлайтынына куә болды. Аудармашы қазақтілді тараптардың көптігінен айтылған сөздерді дәл әрі толық аударуға ілесе алмай жатады.
Бір қаланың соттары ұқсас жағдайда әртүрлі шешім шығарады
Осыған дейін Алматы қаласында болған және қазір де жалғасып жатқан түрлі сот процесінде көпшіліктің мүддесіне орай істі қазақ тілінде қарау өтініштері еш қиындықсыз қанағаттандырылған. Мысалы, Бостандық аудандық сотындағы Қаңтар ісі. Онда да айыпталушылардың бестен бірі ғана орысша қалдыруды сұраған, бірақ кодекс аясында көпшілік мүддесіне байланысты әуелі орысша қаралған процесс мәселесіз қазақшаға өзгерді.
Былтыр желтоқсан айында Алматыда Бостандық ауданының №2 аудандық соты қарай бастаған QAŃTARCILAR туралы ауқымды «24+1» процесі де әуелі орысша жүрген. 24 азамат пен бір марқұмның сот ісінде 20-дан аса адвокат, жеке меншік 6 және мемлекеттік 16 жәбірленуші өкіл, 3 прокурор тараптар ретінде танылды. Судья Людмила Бектемірова көпшіліктің процесті қазақ тілінде өткізу туралы өтінішін қараған.
Тек үш айыпталушы қазақша жетік білмеуі себепті ойын орыс тілінде ғана жеткізе алатынын айтып, қарсы болған. Кей жәбірленушілер – Алматы қаласы әкімдігінің Құрылыс басқармасы, Мемлекеттік активтер басқармасы және ҰҚК Шекара қызметі атынан қатысушы өкілдер істің мемлекеттік тілде қаралуына наразы болды. Прокурор сот еркіне қалдырды. Десе де 13 қаңтарда судья Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабы («Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi») негізінде айыпталушылардың басым бөлігінің таңдауын ескеріп, сот ісін жүргізу тілін қазақшаға өзгерту жөнінде уәжді қаулы шығарды. Сондай-ақ, Бектемірова өзінің қазақша ептеп түсінетінін, бірақ жеткілікті білмейтінін айтып ағынан жарылды. Сәйкесінше сот өндірісін қазақша меңгерген судья Дәурен Мәукеев қарайтын болып шешілді.
Аудандық сот пен ауданаралық соттарға бір кодекс ортақ болғанымен, бірдей жағдайда екі түрлі ұстанымда болуы – сот жүйесінің бірізділігіне және заңдылығына нұқсан келтіреді. Кейбір сарапшылар бір мезетте сот институты қайшы позицияда болуы судьяның қайсыбіріне «саяси тапсырма жүктелген болуы мүмкін» деген күмән келтіреді.
;t=1617s