Кеше Reuters халықаралық ақпарат агенттігі америкалық The Bank of New York Mellon  Қазақстанның Ұлттық қорының 22 млрд долларына бұғат қойғаны туралы ақпарат таратты. Дереккөздердің мәліметіне сенсек, аталған банктің мұндай қадамға баруына молдовалық бизнесмен Анатолий Статидің түсірген шағымы себеп болған. Ал бұл банк қандай банк? Аталған банкке молдавалық кәсіпкер не үшін шағым түсірді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

The Bank of New York Mellon  — 2007 жылы The Bank of New York пен Mellon Financial Corporation-нің бірігуі нәтижесінде құрылған америкалық инвестициялық компания. Компания екі бағыт бойынша жұмыс істейді:

  • инвестицияларды басқару
  • инвестициялық қызмет.

Сондай-ақ, бұдан бөлек компанияның лизинг портфелі, корпоративтік қазынашылық қызмет (инвестициялық бағалы қағаздар портфелін қоса алғанда), корпоративтік және банктік сақтандыру және жаңартылатын энергия көздері сынды бағыттар бойынша қызмет атқарады.

The New York Times халықарылық сайтының мәліметінше, 2016 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша компанияның әкімшілік активтері 29,9 трлн АҚШ долларын, ал негізгі басқаруындағы активтер 1,6 трлн АҚШ долларын құраған.

The Bank of New York Mellon-ның әр жылдардағы қаржылық көрсеткіші (млрд АҚШ доллары)

Көптеген елде BNY Capital Funding LLC (Делавэр), BNY Capital Markets Holdings, Inc. (Нью-Йорк), BNY Capital Resources Corporation (Нью-Йорк), BNY International Financing Corporation (АҚШ) BNY Mellon Asset Management Japan Limited (Жапония) BNY Mellon Capital Markets, LLC (Делавэр) сынды 49 еншілес компаниясы бар.

Даудың басы - молдовалық кәсіпкер Анатолий Стати

Енді аталған банк не үшін Қазақстан Ұлттық қорының қаржысына бұғат қойғанын анықтап көрейік. Банктің Анатолий Статидің шағымын неліктен қабылдағаны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ. Ал оның аталған банкке Қазақстанға қатысты шағым түсіруіне елден 500 млн долларды ала алмауы себеп болуы мүмкін. Себебі молдовалық миллионер Стати осыдан 4 жыл бұрын "Қазақстан Молдова инвестицияларына қатысты Энергетикалық Хартия туралы шартты бұзды" деп Қазақстаннан 500 млн доллар алмақ болған. Ал мұны төрелік трибунал қанағаттандырады.

Алайда ҚР Әділет министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, 2017 жылғы 6 маусымда Лондонның Жоғары соты (ағылшын сот төрелігі) "Швецияның апелляциялық соты растаған 2013 жылғы 19 желтоқсандағы төрелік трибуналдың шешімі алаяқтыққа негізделуі мүмкін және оның орындалуы Англияның қоғамдық тәртібіне қайшы келетін болады" деген Қазақстанның мәлімдемесін қолдайды. Осыдан кейін  2017 жылғы 27 маусымда ағылшын соты Молдова азаматы Анатолий Стати және басқаларының 2017 жылғы 6 маусымда "Қазақстан Республикасының пайдасына шығарылған сот шешіміне шағым жасауға рұқсат беру жөніндегі өтінішін" қабылдамай тастаған.

Дегенмен Анатолий Статиге қатысты дау мұнымен тоқтай қоймады. Осы жылдың қазан айының басында Қазақстан  АҚШ-тың Уашингтондағы, Колумбия округтік сотына молдовалық кәсіпкер Анатолий Стати, оның баласы Габриель Стати және олардың екі компаниясы Ascom Group S.A. мен Terra Raf Trans Traiding Ltd.-ға қарсы азаматтық бопсалаушылық талап-арызын жолдады. Сот процесі жоғарыда аталған 500 млн АҚШ долларына шығарылған халықаралық төрелік шешімге байланысты қозғалды. Бұдан бөлек, Қазақстан тарапынан арыздың берілуіне "Стати және басқаларының бір-бірімен жасырын жасалған ақша аудармалары мен сұйылтылған көмірсутек газ зауыттарының бағасын алдамшы жолмен қымбаттатып,  жалған қаржы есебін дайындауы" себеп болған.

Стати тарапы болса арам жолмен қол жеткізген төрелік шешімді заң бойынша орындау іс-шараларын қолдауды АҚШ пен Ұлыбританиядан сұраған.
Міне, осы себепті де "америкалық The Bank of New York Mellon Ұлттық қор активтерінің 22 млрд долларын бұғаттады" деуге негіз бар. Бірақ бұл тек болжам ғана. Істің мән жайы туралы Қазақстанның Ұлттық банкі де, жауапты министрліктер де әзірге ресми мәлімдеме жасай қойған жоқ.

“The Qazaq Times”