Осыдан үш жыл бұрын молдовалық олигарх, Ascom Group SA компаниясының бас директоры Анатол Стати «Қазақстан Молдова инвестицияларына қатысты Энергетикалық Хартия туралы шартты бұзды» деп 500 млн (540 млн) доллар өндіріп алмақ болған. Былтыр Бельгия соты Статидің бұл өтінішін қанағаттандырып, нүктесі қойылмаған дау «су бетіне» қайта қалқып шықты. Ұзақ мерзімге созылған мәселені биыл сәуірде Аенглияның жоғары соты қарап, даулы процесті Қазақстан пайдасына шешті. Бірнеше дерек-дәйектен құралған мәселе мазмұны бас-аяғы бүтін бір трилогияға татиды.
Былтыр Статиге тиесілі Ascom Group SA компаниясы өкілдері Брюссель сотының 34 беттен құралған сот қаулысында шешімге қарсылық танытқан Қазақстан тарабының барлық өтініштері қабылданбағанын айтты. Сонымен қатар мәлімдемеде: «Брюссельдің бірінші инстанциялық соты Қазақстаннан 540 миллион доллар өндіріп алу туралы арбитраж сотының шешімін мойындап, оны орындауды бұйырды. Бұл іс бойынша Ascom Group SA компаниясының қарсыласы – Қазақстан», – делінген.
Араға бір жыл салып, 22 сәуірде Біріккен Корольдіктің жоғарғы соты молдовалық бизнесмендер Анатол мен Габриэль Статидің шағымы негізінде Ұлттық банктің 530 млрд доллар көлемінде активін бұғаттау ісі бойынша процесте Қазақстан пайдасына қарай шешім шығарды. Қазақстан әділет министрлігінің мәліметінше, Ұлттық банктің есепшоты Bank of New York Mellon (BNYM) Лондондағы бөлімшесінен ашылғандықтан Қазақстан үкіметі мен бизнесмендер арасындағы соттың бір бөлігі Лондонда өткен. Біраз жылдар бойы Ұлттық банк төңірегін кезген 22 миллиард «елесі» жайлы толық мәліметті ұсынамыз.
І бөлім: Дау хронологиясы
Молдовалық кәсіпкер Анатол (Анатолий) Стати ең алғаш Қазақстанға 90 жылдардың басында келіп, Маңғыстау облысындағы «Толқын» және «Боранкөл» кен орындарына қаржы салған. Кейіннен Қазақстанның «алып май шелпек екенін» сезінген ол, өзінің «Tristan Oil» компаниясы арқылы 2005 жылы «Боранкөл» газ өңдеу зауытының құрылысына қатысқан. Құны 176 млн доллар болатын зауытқа 156 млн доллар қаржы құйған.
2009 жылы Молдовада оппозициялық топтардың бастамасымен жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, «мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды» деген айыппен Статидің ұлы Габриэль ұсталды. «Жаға ұстатарлық» жаңалықтан кейін Қазақстан билігі ел аумағындағы Статиге қатысы бар компанияларға тексеру жұмыстарын бастайды. Нәтижесінде Анатол Статиге тиесілі «ҚазПолМұнай» компаниясының магистральды мұнай құбырларын лицензиясыз пайдалананып, 22 миллиард теңге заңсыз қаржы тапқандығы анықталады. Кейіннен Қазақстан заңын белінен басқан компания директоры Сергей Корнегруца төрт жылға сотталып, бір жылдан кейін түрмеден қашып кетеді. Ал Статиге тиесілі компаниялардың барлығы Қазақстан иелігіне өтеді.
ІІ бөлім: Назарбаев мәдімдемесі және плюрализм
Шетелдік БАҚ құралдары жарыса жазып, халықты екіойлы еткен жағдайға байланысты Қазақстанның бұрынғы президентінің ресми мәлімдемесі маңызды еді. Сол жылы желтоқсанда Назарбаев телебайланысқа шығып, үкімет мүшелерінен ірі мемлекеттік компаниялардың шеттегі капиталын елге қайтаруды талап етті. Мәлімдемесінде ол:«отандық 18 компания 12,5 миллиард доллар қаржысын шетелде ұстап отыр. «Теңізшевройл» – 4,5 миллиард доллар, «ҚазМұнайГаз» – үш миллиард доллар, «ҚазМұнайГаз» БӨ – екі миллиард доллар, «Азия газ құбыры» – бір миллиард доллардан, ал «Бейнеу – Шымкент» газ құбыры – 100 миллион доллар көлемінде қаржыны ұстап отыр», – деп қатқыл сөйлеген. Алайда, экс-президент нақты қандай ақшаны меңзегенін атап көрсеткен жоқ.
Негізінен Стати мен оған тиесілі бірнеше компания «Қазақстан үкіметі шығынға ұшыратты» деген арыз бойынша бұған дейінгі бір сотта жеңіп шыққан. Банктегі дерек көзінің айтуынша, енді арызданушы шығынын өтеу туралы шағым түсіріп, Қазақстанның мұнай табысынан құралған Ұлттық қорының 40%-ын бұғаттауға қол жеткізген.
2017 жылы қазанда Қазақстан АҚШ-тың Уашингтондағы, Колумбия округтік сотына әкелі-балалы Стати және олардың екі компаниясы Ascom Group S.A. мен Terra Raf Trans Traiding Ltd.-ға қарсы азаматтық бопсалаушылық талап-арызын жолдады. Сот процесі жоғарыда аталған 500 млн АҚШ долларына шығарылған халықаралық төрелік шешімге байланысты қозғалды. Бұдан бөлек, Қазақстан тарапынан арыздың берілуіне «Стати және басқаларының бір-бірімен жасырын жасалған ақша аудармалары мен сұйылтылған көмірсутек газ зауыттарының бағасын алдамшы жолмен қымбаттатып, жалған қаржы есебін дайындауы» сеп болған.
Екі жыл бұрын желтоқсанда америкалық The Bank of New York Mellon Қазақстан Ұлттық қорының 22 млрд долларына бұғат қойды. Мұндай сирек шешім Қазақстан үкіметі мен молдовалық инвестордың арасындағы дау өршіген кезде қабылданған.
ІІІ бөлім: Халықаралық сот шешімі және дау кульминациясы
Аталған мәселенің жылына бір рет қайта «бой көрсетіп», үш жылға жуықтады. Халықаралық сот пен ресми Ақорда мәлімдемесінде қарама-қайшылық көп. Биыл қазанда Қазақстан Әділет министрлігінен АҚШ соты астананың арызын кері қайтарды деген хабар жеткен болатын. Ведомство таратқан мәлімдемеде: «АҚШ Жоғарғы соты 15 қазандағы шешімімен биыл шыққан сот үкімдерін қайта қарау туралы 222 шағымды кері қайтарды. Олардың арасында Қазақстанның АҚШ-тың Колумбия округі апелляциялық сотының шешімін қайта қарау туралы шағымы да бар» делінген.
2018 жылы қарашада аймақтық сот Статиге Уашингтондағы бұғатталған Қазақстан активтеріне заңдық шаралар қолдануға рұқсат берген. Ал Қазақстан Статиге берілген бұл рұқсатты тоқтатуды сұрап шағымданған еді, бірақ АҚШ соты бұл арызды қанағаттандырмады.
Аталған мәселеден бөлек, мамырда Нидерланд соты құны 5,2 миллиард доллар тұратын Нидерландтың KMG Kashagan B.V. компаниясындағы «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры акцияларына салынған тыйымды күшінде қалдырды.
Түйіндеу бөлімі
Бұл дауға қатысты мәселеде әртүрлі болжамдар мен пікірлер айтылды. Кей мәліметтер Қазақстаннан өндірілетін сома 500 млн десе, кей мәліметтерде 540 млн доллар делінген. Қазақстанның ресми органдары мен халықаралық ұйымдар арасында плюрализм туындағалы да біраз болды. Ал 2017 жылы желтоқсанда New York Mellon банкі Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттаған. Министрліктің айтуынша, Қазақстан үкіметі бұғатталған қаржы көлемін 530 млн долларға дейін азайта алған.