Биыл Қазақстан өзінің 26 жыл тәуелсіз ғұмырында көптеген шаралар өткізіп жатқаны белгілі. Ол Алматыда өткен «Универсияда» ойындарынан бастап, Астанада әлем елдерінің басын қосқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен аяқталады. Бұл шаралар ел имиджін көтеру үшін өткізу керек ақ дүние шығар. Бірақ осыншама дүниеге қыруар қаржы құртқанда сол ЭКСПО-ның «Нұрлы әлемінің» бір бөлмесіне биыл құрылғанына 100 жыл толып отырған Алаш қозғалысына неге орын бұйырмай қалды? Біз кімдердің алдында қарыздар екенімізді неге ұмытып қалдық? «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген қазақтың мақалын неге ұмыт қалдырдық?
Бұл сұрақтарға жауапты 26 жыл ел басқарған жоғарыдағы атқамінерлердің емеуірінен ұғынуға болады. Мысалы осы уақытқа дейін олар не айтып келді? Бұған дейін қазақта ел болмаған деп бір көкіді, қазақты, қазақ қылған елбасы деп бір көкіді. Қазақстан тарихында Назарбаевтай көшбасшы болған емес деп айтып келе жатқандарына 26 жыл болды. Мақтаудан олар жалықпайды, мақтанудан ол жалықпайды. Алаш қозғалысының 100 жылдығын өз дәрежесінде атап өтпеулерінің себебі де осында жатыр. Егер Алаш қозғалысын өз деңгейінде насихаттайтын болса, осыған дейін айтып келген дүниелерінің барлығы жоққа шығатынын олар білмейді емес біледі. Өйткені Алашты қозғаса оның артында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сымағұл Садуақасов сынды қазақ демократтары, қазақ көшбасшылары тұр. Тіпті керек десеңіз Алаш десе қазақтың тұңғыш партиясы мен президенті тұр.
Алашты мемлекеттік деңгейде насихаттайтын болса, 26 жыл бойы мақтану мен жағымпаздықтан салған әйнек сарайлары бірақ күнде шытынап ертегілер әлемінің түгіде қалмайын деп тұр. Ал бұл оларға керек емес, керек емес болғасын Қазақстанның әр түкпірінде «жетім қыздың тойындай қылып» Алашқа байланысты шағын ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, ас берулер өткізіп жатыр. Бұл әйтеуір ел шуламасын, елде жүрген бірді, екілі алаштанушы зарламасынның қамы. Оның өзінде бұл үлкенді, кішілі ғылыми зерттеулер мен дөңгелек үстелдердің басым көпшілігін азаматтық белсенділер мен тәуелсіз ұйымдар ұйымдастырып жүр.
Егер шынымен Алаш қайраткерлері салған жолмен жүргілері келетін болса, онда ЭКСПО-ның қақ ортасынан павилион беріп Қазақстанға ғана емес бүкіл әлемге Алаш атын асқақтатуға болар еді. Бізде де осындай партия, осындай азаматтар болған. Оларды қызыл империя осынлай азаптап өлтірген, қазақ ұлтына қарсы геноцид жасаған деп айтар еді. Ал олар олай істемей отыр. Өйткені жоғарыда аталған себептерден бөлек, бұл жерде қорқақтық, жалтақтық деген дүние жатыр. Ол Ресейден қорқу, сол баяғы Мәскеуге, Кремльге жалтақтау. Осы жерде қазақтың бір сөзі еске түседі «қасқырдан бір рет таланған күшік, екінші рет оған қарсы беттемейді» деген. Әтпесе бізден басқа еврейлер, украиндер барлығы, барлығы халқын қырған аштықты, зиялыларына жасалған қастандықты геноцид деп танып қойды. Ал біз әлі отырмыз. Бір сөзбен айтқанда Қазақстанда Алаш насихатталу үшін мәңгілік елдегі мәңгілік билік ауысуы керек шығар.