– Ермұрат мырза, Құрылтай өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшесі ретінде сізден анық-қанығын білмекке бірнеше сұрағымыз бар еді...
– Жөн. Сұраңыз, білгенімді айтайын. Бірақ бірден ескертетін ремарка – бұл жиынның «ІІІ-ші Халық Құрылтайы» деген толық атауы бар. Алдыңғы екеуі бұған дейін Астана мен Алматыда өткен...
– Ендеше біз де бірден айтайық: бұл құрылтайлар бірінен соң бірі неге «балалап» кетті? Өткен аптада астанада «Шаруалар құрылтайы» деген жиын өтті; ендігі біреуін алдағы жұма күні Балташ Тұрсымбаев пен Рысбек Сәрсенбайұлы ағаларымыз бастаған топ Алматыда; Нұржан Әлтаевтың тіркелмеген «Ел тірегі» партиясы ертеңінде – сенбі күні астанада өткізгелі жатыр екен...
– «Балалау» мәселесін жақсы айттың, Қойшыбек (күлді). Бірақ мен «балаламай» тұрғандағы Балташ аға бастаған ІІІ-ші Құрылтай өткізудің бастамасы қалай пайда болғанын айтайын. Өткен қазан айының басында «Ел мен жер» қозғалысының жетекші хатшылығы кезекті отырысын өткізген кезде, Рысбек аға Сәрсенбайұлы кезекті Құрылтай өткізу жөнінде бастама көтерді. Жиналғандар бірауыздан келісті. Бірақ қараша айына белгіленген ІІІ-ші Құрылтайдың нақты өтер күні ол отырыста белгіленбеген болатын.
Ал енді «Ел мен жер» қозғалысы ашық ұйым болғандықтан, оның жұмысшы жиынына кез-келген белсенді азамат қатыса алады. Сол «кез келген» біреудің билікке жеткізген хабарынан «балалау» басталған сияқты...
– Сонда, көшеден көлденең өтіп бара жатқан адам да қатыса бере ме?
– Қоғамдағы кінаратқа жанашырлығы және соған қатысты айтары болса, неге қатыспасқа? Меніңше, Балташ аға мен оның орынбасары Еркін Рақышев отырыстан ешкімді қуып шыққанын көрген жоқпын. Өзім қатысқан бір де бір жиыннан «көлденең көк атты» қуылғаны есімде жоқ.
Дегенмен гәптің бір ұшығын өзің де дәл бастың, Қойшыбек бауыр. Міне, Рысбек аға «құрылтай өткізудің толғағы келді» деген сол жиынға «көшеден келген» әлдекім «тиісті жерге» хабар жеткізген: «солай да солай, Балташтар құрылтай өткізгелі жатыр» деп. Ал «тиісті» мекемелер «халықтық» деген атауы бар Құрылтайдың алдын алу үшін әрекет қылған. Содан құрылтайдың «балалау» науқаны басталды.
– Ол «хабаршының» кім екенін сіз нақты білесіз бе?
– Қолынан ұстап, атап берудің реті қиын... Олардың қасында «шам ұстап тұрған» жоқпын... Дегенмен, отырысқа қатысқан айналдырған оншақты адамның арасынан кім екенін тұспалдап біліп отырмын. Ширек ғасырға жуық қоғамдық қарекеттің қақ ортасында жүрген соң, кімнің – кім екенін, оның қайдан және қалай пайда болған «жансыз» екенін пайымдайтын практика жинадық қой...
– «Құдайға шүкір» деңіз... Ал аты-жөнін атап бере аласыз ба?
– Көзіне шұқып көрсетудің қажеті жоқ, «Бапи сені біліп отыр» деп, «тиісті мекемесі» өзіне де ескерте жатар... Мен әрбір осындай жиынға жетіп келетін «жасыздардың» жөн-жосығын жақсы білем.
Ал біле отырып, айтпауымның себебі – мұндай «көзге шұқулар» қоғамдағы жалпы қозғалысқа берекет әкелмейді. Өйтетін болсам, қазақты қырыққа бөлшектеуге бейім биліктің диірменіне су құйған боламын. Біздегі ырың-жырыңның барлығы осындай «анау – агент», «мынау «КНБ»-ның жандайшабы» дегеннен шығады. Ол «хабаршы» бейшаралар «тиісті мекемесінен» тиын-тебенін алып, жанын бағып жүр ғой – жүре берсін. Ар-абыройын сатып, халықтық істі астыртын кәсіпке айналдырған адамның к...ті қуыстанып көрген күнінде қайбір қасиет бар дейсіз?!
Қысқасы, сондағы тобықтай түйін айтпағым – билік нағыз халықтық жиынның бей-берекетін кетіру үшін, өзің айтқандай, құрылтайды «балалатудың» қамын жасап жатыр. Оған дал ұрып, дәлел іздеудің қажеті жоқ: соңғы он күндегі үш құрылтайды билік пен тиісті ведомстволардың технологиясы тудырып отыр. Құрылтайдың қадірін кетіру саясаты деген осы болады!
– Сонда, билік «тудырған» сол үшеудің ішінде сіздер өткізетін ІІІ-ші Халық Құрылтайы да кетіп қалғаны ма?
– Барлығының «балалауына» түрткі болған сол ІІІ-ші Құрылтай ғой. Мұндағы ымырасыз оппозицияның өкілдері өткізетін жиынды бөлшектеп, билік оның мән-мағанасын ыдыратып жіберудің амалын жасап бақты. Түптеп келгенде, қоғамда қалған-құтқан оппозиция мен протестік қозғалыстың өкілдерін бір-бірімен қырқыстырып қоюдың сасық айласы іске асқанын жасыруға болмайды. Енді келіп, саясаттан аулақ жүрген қарапайым жұртшылық бұлардың қайсысы нағыз құрылтай, қайсысы – жалған деп, бас қатырып жүр.
Бірақ бас қатыратын түгі де жоқ: оппозициялық қозғалыста бұрыннан жүрген, былықпен былғанбаған, ешқашан билікпен ауызжаласпаған жігіттер Алматыда өткізгелі отырған құрылтай – бұл нағыз халықтық жиын. Ал басқасын анау екен, мынау екен деп, күнібұрын таңба таққым келмейді. Бәлкім, әлдебір азаматтар қоғамнан орын алу үшін шынайы әрекет қылып жатуы да мүмкін ғой. Оның үстіне сол «анау-мынаудың» салқыны азаматтық қоғамды одан ары ыдыратуға әкеліп соғады.
– Сонда қоғам бөлшектенеді екен деп, концерт қойып жүргендерді әшкерелеу қажет емес пе?
– Егер әлдеккімдер халықтың миын қатырып, расымен де «концер қойып» жүрсе, оларды уақыттың өзі-ақ әшкерелеп береді. Көп күтетін түгі де жоқ: алдағы жұма мен сенбі күндері кімнің – кім екені айқындалады. Өткелі отырған екі құрылтайдың мазмұны мен риторикасы айқындаушы индикатор бола алады. Қоғамдағы барылық кінараттың, халықты қайыршылық деңгейге дейін жеткізіп, елдің ұлттық қауіпсіздігін саудаға салған, мемлекетті қарызға батырған ең басты фигуранттың аты-жөнін және оның қылмысын қайсы құрылтай атайды – сол нағыз Халықтық Құрылтай болмақ. Ал сыртынан сылап-сипап, елдегі қиянаттың иесі «билік» деп, жалпылама сөзбен ғана шығарып салған құрылтай – ол «концертшілердің» кезекті қойылымы болмақ.
– Ал сіздің ЖСДП бұл құрылтайлардың қайсы жағында?
– Ол неге менің ЖСДП-ым болуы керек?! Менің оған ешқандай қатысым жоқ!
– Кешірерсіз, кезінде сіз сол партияның төрағасы болғаныңызды меңзегенім ғой...
– Бұл партия туралы сөз қозғалса, менің жыным келеді! Президенттік сайлауға дейін қоғамды бір сатқан, соңғы парламенттік сайлауда – екі сатып кеткен бұл партия әлдеқашан өліп қалған. Енді Карим Масимовтың «конторы» оның көрде жатқан қу сүйегін суырып алып, 26-қараша күні ІІІ-ші Халықтық Құрылтайға қарама-қарсы мақсатта әлдебір түсініксіз «ашық сабақ» өткізуге жұмсап отыр екен. Ақыл-есі дұрыс адам сатқынның сабағынан қандай тәлім алсын? Бұл да Халықтық құрылтайдың маңызын шайып жіберудің амалынан туған қаскөйлік әрекет деп білем.
– Ереке, құрылтайлар тақырыбынан тыс тағы бір сұрақ: сейсенбі күні бірінші президент Назарбаев «Нұр отан» партиясындағы төрағалық орынын Тоқаевқа босатып берді. Бұл «ауыс-түйістің» астарлы мағанасын қалай түсіндіріп берер едіңіз?
– Расында, бұл күрт шешім болды. Бірақ астарында қандай қитұрқы жатқанын әзірге дөп басып айта алмаспын. Шамасы, Назарбаев әдеттегідей өзінің интригалық иіріміндегі екі есеп – бір қисаптың қулығына басты ма деп ойлаймын.
Біріншісі – саяси-партиялық биліктің тұтқасын Тоқаевқа бере отырып, өз орынын премьерлік постқа айырбастаудың айласын жасауы мүмкін. Келесі премьер-министрлікке Мәжілістің спикері Нұрлан Нығматулинді тағайындатып, оның бос қалған орынына қызы Дариға Назарбаеваны әкелуі ғажап емес. Егер мұндай сцеранийдің жолы болса, биліктің транзиті одан ары жалғасады, түбінде Дариғаны кезекті президенттік сайлауға дайындайды деп болжам жасауға болады.
Екінші нұсқа – премьерлік постқа өзінің қолбаласы Бауыржан Байбекті тағайындатып, саяси басшылықтан бұрын, өмірінің соңғы шағында өзінің экономикалық мүддесін түбірімен шешіп кетудің айласын күйттеуі мүмкін. Мәселен, елдегі жекешелендірудің үшінші толқыны «Самұрық-Қазына» арқылы жүріп жатқаны анық. Экономиканың қалған-құтқан ірі активтерін осы қордың атымен саудалау науқаны жүріп жатыр. Ендігі және соңғы қалғаны – елдің энергетика саласын жеке қолға сату. Соңғы кездері араб елдерінен энергетикаға инвестиция келіп жатыр деген ақпарат жиі айтыла бастады.
– Байбектің мүмкін болар-болмас премьерлігі «Самұрық-Қазына» мен энергетикаға қалай қатысты болуы мүмкін?
– Сауда-саттықтың құжат-қаулыларын үкімет дайындайтын болса, премьердің қатысы қалай болмайды? Екіншіден, араб елдері Қазақстанның энергетика саласына неге қызыға қалды? Шамасы, елге келіп жатқан және тағы да келуі мүмкін осы инвестиция арабтікі емес, Назарбаевтың араб елдеріне тыққан капиталы ма деп ойлаймын. Ал ол миллиардтарды инвестициялық-мыс жолмен орналастыру және арам ақшаны жуып-шайып кері шығарып алу – үкіметтің қатысынсыз жүзеге аспайды. Байбектің миссиясы – осы афераны ресми және қолданыстағы заңның негізінде рәсімдеу болуы мүмкін бе? Әбден...
– Кім білсін, мүмкін шығар... Уақыты келгенде көрерміз... Сұхбатыңызға рақмет!