Жеңіс пен жеңілістен тұратын соғыс деген сұрқия сөздің сырты қандай салқын болса, іші де еш жылусыз. Оның астарында бұғып жатқан қан мен қасірет, адамызаттың көз жасына ғана куә. Оны сезіну бүгінгі мен үшін қиын болмаса да, күрделі. Әлемнің әр түкпірінде күлге айналып жатқан мүрделердің иісі мұрнымызға жетіп тұрған шақта, Махамбет пен Байрон заманының тәсілі басқа болса да, тақсіреті біреу-ақ. Бір сәт үңілер болсақ, өздері қан майданға қапысыз араласып, ажалмен бетпе-бет келіп жүрген ақынның әсері, ақынның айтары мүлде бөлек.

Жер шарының екі түкпіріндегі азаттық үшін арпалысқан арыстардың  жасаған заманы XIX ғасырдың іші. 1804 жылы туып, 1846 жылы қайтыс болған Махамбет ақын туралы Берқайыр Аманшин «әрі қиын да, әрі сұлу тағдыр» деп толғанады. Қиындығының қыры, сұлулығының сыры көп Махаммет тағдырын соғыссыз елестетуде мүмкін емес. Махамбетті 1788 жылы Англияда туып, жастық шағын Шотландияда өткізген, 1809 жылдан өмірінің ақырына дейін Испания, Швецария, Италия, Албания, Греция секілді елдерде болып, олардың саяси-әлеуметтік күрестеріне қатысқан Байронмен салыстырғанда, өмірі қазақ даласында ғана өтті демесек, біздің ақынымыздың ұшқыр қиялын кең-байтақ даламыз тәрбиелеген. Оның қиялы, оның азаттыққа деген талпынысы, кеңдікпен ұштасып жалпақ далаға жайылып жатады. Оның мінезі даланың құрық тимеген асауларындай, ауыздықпен алысқан тарпаң. Шідерлеуге көнбеген паңдығы, майдандағы ұранынан, өлеңдегі өрімінен менмұндалайды. Ақынның “Айныман” деген өлеңінде:

Айтсадағы айныман,

Көлденеңнің сөзіне.

Әшкере болған ісім бар,

Жайылған жұрттың көзіне, – деуі тегін емес. Оның соғыстағы мақсаты да айқын. Тағы да сол өлеңде:

Баданамды баса көтеріп,

Қасыма жаттан жолдас ертіп,

Күн-түн қатып жүргенім,

Ана Нарында жатқан

Жас баланың қамы үшін, – дейді.

Мұндағы жас бала жай өзінің баласы ғана емес, баланы болашаққа балаған ақынның ұрпақ үшін күресі.

Негізгі тақырбы – ел қорғау, ерлік, бірлік болып келетін жыраулық поэзияның бар ерекшелігін бойына жиған Махамбет жырлары тақырыбының кеңдігі, ойларының тегеурінділігімен сол дәуірдің толық та, тұнық шырайын елестетеді. Ақын жырларының сонылығын филология ғылымының докторы, профессор Р.Бердібаев « XIX ғасырдың 30 жылдарындағы нақтылы тарихи, әлеуметтік ахуал суреттерінің берілуі, қаһарманың арманына жете алмаған ұлы өкініш шерлері мұнда бүкіл халықтық аңсармен үндес шығады» дейді. Махамбет жырлары туралы қазақ халқының азаттығы үшін соғысының мақсатқа жете алмай, қырғынға ұшырауы – Махамбет жырларының ұлы өзегін құрайды деп бекер айтпаса керек.

Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жанастық,

Қиғаш үшін қырылдық

Тептер үшін тебістік,

Теңдікті малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік.

Сол секілді асқан қайраттан

Ойлашы, қане не таптық? – деген ақын жырларынан теңдік үшін күрескен батырлық рухы көрінеді. Бұл ретте Байрон өлеңдерінің үні де өз алдына. Автордың «Прометей» өлеңінде:

Титан біздің тағдырға,

Қайғылы құса, зар-мұңға,

Адамның шерлі жанына,

Қарадың қашып жиренбей –

Бірақ сен алдың сый нендей? – десе, бұндағы түңілуде де Махамбеттің ашынғаны сияқты күйініш пен рух бар. Олардың атойлаған сезімдеріндегі сенім де мығым. Махамбет ақын:

Мен кеткенмен тек кетпен,

Сізден артық табармын.

Ашуыма көп тисең,

Өзекті жанға бір өлім,

Ордаңды талқан қылып шабармын. – деп мол ерік жігері мен қайратын сұлтанға таныта отырып, өр тұлғасын асқақтата түседі. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген кешегі, бүгінгі замандарда, әрине Махамбеттей батыр ақын керек болары сөзсіз. Адамзаттың жасаған ортасы бөлек болғанымен, қайда болмасын еркіндік салтанат құруға тиісті. Бостандық үшін арпалысу, олардың тек өз басының ғана пайдасы емес, бүкіл ұлттың, елдің, қарапайым халықтың мүддесі.

Ұландар атойлаған кегі кернеп,

Әлемге азаттықты алып бермек;

Тізе қосты бостандық ұландары,

Тирандардан бұқсын ба – ұрандады.

Бұл күнде жасқанатын заман өтті:

Қанды жас көзден ағар кезең жетті. – деп Байрон ширыққан төзімнің шырқыраған үнін төгілтеді. Гректердің азаттығы үшін күрескен ақын бойында, қайда болса да бостандық, әділдік көксеген, асқақ рух басым. «Көтерлісші гректердің жырында» Байрон:

Бас көтер грек отаны,

Дұшпанға енді бел бүкпе!

Байырғы даңқтың шапағы

Шақырды қайта ерлікке. – деп бастап,

Қару ал жеңіс іздеген

Көз жасын күрес құрғатсын!

Жауынгер өткен ізбенен

Жауыздың қаны бірге ақсын! – деп аяқтайды. Дәл осындай ерлікпен бірлікке шақыру Махамбеттің «Құлжа қуған текешік» өлеңінде Махамбет мәнерімен:

Біздер-дағы жігіттер,

Бірлестірсек білекті,

Шынтуайттасақ тілекті,

Орната білсек керекті. – деп айта келіп,

Толарсақтан қан кешіп,

Болат, найза, ақ семсер

Жарасып біздің керекке,

Бойлата сұқ жүрекке,

Ханның кетсін аты өшіп! – деп үстемдікке қарсы қанды қарғысын найзасымен түйреп, өзгені де азаттық үшін күресуге үндейді, жұбатады. Махамбеттің «Әрайна» өлеңі әне сондай сәттердің жемісі.

Ел шетіне жау келсе,

Азамат ердің баласы

Намысына шыдай ма,

Жаттан көмек сұрай ма?

Арғымақ жалғыз,

Ер малсыз,

Алланың не берері болжаусыз,

жолдастарым, мұңайма.

Байронның «Құрметті легион жұлдызында»:

Еркіндікке қуана

Тебіренр аруақ молайды,

Еркіндікке құмартып

Жорықта өлген ер артық!

Жарқырып әлі-ақ жұлдызым,

Жанарсың үсте сен біздің.  – деп ер намысын қайрайды, сендіреді. Ал, Махамбеттің «Соғыс» өлеңі қазақ даласындағы соғыс болмысын ашып, тақсіретін баян етеді.

Әскер жиып аттандық,

Бектай еді тұрағым.

Айқайлап жауға тигенде,

Ағатай, Беріш – ұраным. – ұраншыл қазақтың рухты табиғатын көрсетсе, соғыс қасіретін төрт тармаққа сыйғыза қояды:

Жетім-жесір көп қалды,

Хан әскері кенелді...

Қызғыштай болған есіл ер,

Қайран да жұрттан не көрді?!.

Міне бұл жеңген елдің де, жеңілген елдің де басына төнген түнек. шығынсыз жеңісте болмаған. Азаттықтың ыстық жасы – қып-қызыл қаның ғана жемісі.

Орыс тобын үш атты...

Топтың үні шыққанда,

Сонда батыр жөнелді.

Жөнелмей батыр не қылсын,

Ерсары менен Қалдыбай,

Екі арыстан тең өлді.

Бүгінгі азаттықта сонау әр белде қанға болялған қас батырлардың мәйтін баспалдақ етіп, қия-құздарды қапталдап өтіп жеткен жеңіс. Бұны Байронның «Көтерлісші гректердің жыры» да дәлелдесе керек:

Қасқайып қарсы тұрыпты,

Үш-ақ жүз батыр – қаһармен.

Көл-көсір қаны жуыпты,

Жау жолын кесіп отаннан.

Өткенді еске алу, бәрінен де хатқа түскен әдеби мұралар шерткен сыр, бүгінгі бізге сабақ. Екі ақынның ойындағы үндестік – соғысты қалай суреттегендігінде емес, не үшін суреттегендігінде. Бойларындағы болмысында, ойларындағы тоғанысында. Осы бір мәңгілік күрестің күре тамырын нық басқан батырлар ақындығымен асау бүлкілді бұлжытпай тани білген, таныта білген. Міне бұл нағыз ұқсастық, Нағыз үндестік. Бүгінгі біздің ертеңгі тағы біреудің назарына ілінері сөзсіз.

Нұрбәтима Байтұрсын

"The Qazaq Times"