Қазақ әдебиетінің жоқтаушылары мен жанкүйерлеріне, Қазақ өлең өнерінің қадау-қадау биіктерінің бірі, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, Түркі тілдес елдері поэзиясы II фестивалінің лауреаты,  Қазақ поэзиясына "Жұлдызға орынын Ай бермес", "Жұлдызтас", "Бөрінің асығы", "Емендер түнде бүрлейді" қатарлы жыр жинақтарын сыйлаған замана жырауы Жәркен Бөдешұлымен болған әңгімемізді ұсынып отырмыз.

– Тәуелсіздіктің алтын таңын көрген бақытты ақын ретінде  осы тәуелсіздікті қаншалықты жырлай алдыңыз?

– Қазақ ұлтына тәуелсіздік үлкен күреспен келген. Біздің ата – бабаларымыздың өмірі күреспен өткен. Кіммен күреспеді? Кім жағасына жармаспады? Моңғол да, қытай да, орыс та, тіпті іргеңдегі туысқан өзбек пен қырғыз да жау болды бір кезде. Солардың бәрімен қазақ елінің еркіндігі, жерінің жат табанға тапталмауы үшін күресті. Сол қазақтың ең үлкен бақыты – тәуелсіздік! Тәуелсіздік тұрғанда қазақты ешкім тобықтан қаға алмайды. Қақтырмайды да. Осындай бодаумен келген тәуелсіздікті мен шамамның жетісінше жырладым. Шығарған әр кітабымның ішінде тәуелсіздік туралы топтама өлеңдерім бар. Әр ақын өз әлінше жырлады бұл тәуелсіздікті. Менде өз әлімше, жаратқаның аузыма салған сөзін, жүрекке түсірген сәулесін іркіп қалған жоқпын. Бірақ құр ұрандамадым. «Қубас ат» өлеңімде ұлттың еркіндігі үшін күрескен Қабанбай батырдың бейнесін тек ерліктерін тізбелеп бере бермей рухын жаздым. Бізге ең алдымен рухы керек. «Аман болса Қаракерей Қабанбай мінген қубас ат, құйрық-жалынан алар едім ту жасап», –деп жырладым. Осындай асыл бабаларымыздың рухы жебеп жүрсе, әр қазақтың жүрегінен өшпесе, тәуелсіздігіміз мәңгі баянды бола бермек.

Азаттық пен бостандық,

Еңсесі биік осы егіз сөз.

Мағынасы терең теңіз сөз.

Сөзімнің ішіндегі алтыны,

Тілімнің ұшындағы жарқылы.

Құм кесенің түбінде,

Мұра қалған бүгінге,

Ата бабамның аузынан қалған сарқыны, – деп жырладық шамамызша. Егемендік алған жиырма алты жылдан бері қарай жырлап келем. Өле – өлгенше жырлаймын. 

– Туған жер тақырыбында көп жаздыңыз. Бұл тақырып сіздің тағдырыңызбен тікелей байланысты. Әлі де жазып жатырсыз ба? Қандай тақырыпқа ат басын көп бұрып жүрсіз?

– Бұл өмір бойы таусылмайтын тақырып. Қашан жүрегім тоқтап қалғанша жырлап өтем туған жерімді. Бұған ешкімнің ешқандай күмәні болмасын. Осы кезде де жүректі жегідей жеп жатқан да сол сағыныш. Сондықтан ғой менің – Жайырдан асқан тауым жоқ,

Жайырдан басқа жауым жоқ,

Дертіңнен кеттім жауыр боп – деп айтатыным. Бұны біреулер Жәркен туған жерін жеккөреді екен деп ойлар. Жайыр тауды сағынғаным сонша бұл күнде «жауым» болды.

Туған жерден кеткелі,

Сағынышым көп тегі.

Айға қарап ұлыған,

Мен бір жалғыз көкбөрі, – дедім, туған жерді сағынғанда. Ал басқа тақырыптарға келсек, мен кез-келген тақырыпқа бара алам. Қоғам, уақыт, осы заман, осы күнгі адамдар тағы да басқа. Астарлап саясатты да айтып жіберем кей кездері. Оны менің кітабымды оқыған адам байқайды. Өлеңдерімнің өзегі – сарғайған сағыныш. Қалғаны өзім өмір сүріп отырған дәуір, қоғам.

– «Айға қарап ұлыған, мен бір жалғыз көкбөрі», – дейсіз, жалғыздықты әдетте құдайдың бір белгісі ретінде айтып жатады. Сіз неге жалғызсырайсыз?

Шынында бұлай деп сұрақ қойғаның орынды. Қазақтың тәмсіл сөзі ғой «жалғыздық құдайға ғана жарасады» деген. Ал мен айтар едім жалғыздық құдайдан кейін ақынға жарасады деп. Өйткені ақынның жыры  құдайдың берген дәулеті. Мәңгілік дәулеті. Сол дәулетті ақсатпауымыз керек. Биіктетуіміз, аспандатуымыз керек. Ақындық – Құдайдың берген аманаты. Жалпы әдебиеттегі жалғыздық ол ақын немесе жазушының жан дүниесінің әлеміне байланысты. Бірақ ол жасандылық болмауы тиіс. Қазір әдебиетте жасандылық жоқ дей алмаймын. Ал құдайдың жіберген шын таланты ондайға бармайды. Олардың өзгеден дара көрініп тұратыны сол. Бұған хакім Абайды алып айтуға болады. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» дейді күңіреніп. Құдай шын талантқа ерекше ойлау қуатын береді де, ол көптен ерекшеленіп жалғыз қалады.

– Әдебиеттегі жаңа ағымдарға қалай қарайсыз? Ол жаққа қалам сермеп көрдіңіз бе?

– Қазіргі заманға, нарыққа, байланысты поэзияның да айтары бұрынғыдан өзгерек. Қазіргі кезде көп жастар осыны өзінше айтам деп жеткізе алмай қиналады. Басқа елдің ақындарына, анаған – мынаған еліктейді. Сөйтіп өзінің ту тіккен отанын ұмытып қалады. Абайдың өзін ескі дейтіндер бар. Абай мәңгі Абай. Адам нені оқыса да тек керегін ғана алу керек. Поэзия қоқыспен былғанбауы тиіс. «Ізденбегеннен із қалмайды» деген сөзім бар менің. Бірақ бүгінде ізденіп жүріп адасып кеткендер қаншама. Ал өзіме келсем, өлеңде жаңалыққа мен бардым. Бірақ былай бардым деп нақтылы айта алмаймын. Өлеңімді оқыған адам оны сезеді. Біздің жыраулық сарын әлемдік поэзиямен  әлмисақтан бері астасып жатыр. Поэзия жаралғаннан бастап жыраулық сарын мен қара өлең әлемдік деңгейге көтеріліп кеткен. Қазақ өзінің ұлы поэзиясы арқылы басқаға үлгі болуы керек.

– Өлеңге сөзсіз ұйқас керек пе?

– Мен осы ұйқас деген нәрсеге басқаша қарадым. Біреулер ең алдымен ұйқасты тауып алады. Ұйқасып тұрса өлең деп есептейді. Ал шын ақының көңілінен шығатын ұлы жыр құдайдың құдіретімен сұлу сөз болып  өзі төгіле салады. Жыраулардың айтып-айтып келіп қара сөзге кіріп кететіні сияқты. Өздігінен үндесіп, ұйқасып тұрады.

– Ұйқассыз өлең жаздыңыз ба?

– Ұйқассыз өлең жаздым, ондай өлең бар менде. Бала кезімде есімде қалған, қариялардан естіген Үйбек деген бүркітші туралы  оқиға негізінде жазылған «кек» деген өлеңім. Сол оқиғаның өзі сұлу поэзия тұрса оны ұйқастырып бүлдіргім келмеді. Қара сөзбен бұлақтай сыңғырлата  салдым. Жүрегіме табиғи қалай келді, солай жаздым. Ұйқастырамын деп бұзып алмайын дедім. (Ақын осы сөзінен кейін кітабын ашып көрсетті, бір қарап проза екен деп ойлайсың бірақ төгіліп тұр).

– Қазіргі қалам ұстап жүрген жастарды оқисыз ба? Жастар әдебиетінде тоқырау бар деген пікірге келісесіз бе?

– Қазіргі кезде талпынып, жақсы жазып жүрген жастар бар. Жоқ емес. Олардың қайсы бірін айтайын. Бірінен – бірін бөліп жармай-ақ қояйын. Қазір жамырап ізденіс үстінде келе жатқан жас ақындар бар. Біздің поэзиямыз солармен жаңғырады. Құдайға шүкір. Мүлдем поэзия жоқ , жасанды дегенге сенбеймін. Өлең жазғанның бәрі ақын болып кетпейді ғой. Ақыны санаулы адамдар. Сол санаулылар әлі бар. Барлығына айтарым бір-ақ нәрсе – поэзия – ол үлкен азап. Еңбектенбесең, маңдайыңнан тер төкпесең, жатпай-тұрмай оқып тоқымасаң ол қайдан келетін дүние?! Барлығына шыдау керек. Ізденбей ақын болып кетем деген ой болмасын.

– Жұрт арасында кешегі Сәбет одағы кезіндегі әдебиет бір сыдырғы ізге түсіп, сол ізден шыға алмай қалды деген сөз бар. Соған қарағанда 20 ғасыр әдебиеті өзіне тиесілі міндетін орындай алды ма?

– Поэзияны айтсақ, ол еркіндік деген сөз ғой. Оны ешқандай саясат құрсаулай алмайды. Сол Кеңес кезінде жазылған Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын оқыған шығарсың? Қандай керемет. Қып қысқа поэманың ішіне, жылқы мен баланың тағдырына бүгіл қазақтың тағдырын сыйдырып жіберген. Өз кезінде шығармай қойған. Қазір бәріміз оқып жүрміз. Ілиястің жүрегі шектеліп қалған жоқ. Қазір құдайға шүкір сөз еркіндігі бар. Кім не айта алам дейді соны айтсын. Бірақ соны дұрыс айта алмай жүрміз ғой. Бір Мағжанның өзі неге тұрады.  Қазақ әдебиеті Сәбет тұсында да жақсы шығармаларымен дәурендеп тұрды. Тоқырап қалды дегенге келіспеймін.

– Сіздің биігіңіз кім?

– Мен пәленбай биігім бар соған жете алмай талпынып жүрмін деп айта алмаймын. Менің биігім-поэзия!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Ретбек Мағаз

“The Qazaq Times”