Гүлнара Кәрімованың қызы Иман Кәрімова Өзбекстан билігіне ескерту жасады.

Қыркүйек айының 16-ы күні Ташкент қаласында Гүлнара Кәрімованың жабық соты болды. Осыдан кейін оның қызы Иман Кәрімова ел президенті Шавкат Мирзиеев пен үкімет мүшелеріне ескерту жасады. Ол өзінің «Instagram» парақшасында анасының үстінен қозғалған кезекті істі «саяси қойылым» деп атап, жақын күндері Өзбекстандағы жемқорлыққа байланысты фактілерді жариялайтынын мәлімдеді.

«Алдағы бірнеше күнде халықаралық соттар мен жемқорлықты тексеру ұйымдарына Өзбекстан билігі анамнан не үшін қорқатынын дәлелдейтін фактілердің бір бөлігін жібереміз. Бұл мәліметтерден халықтың назарын басқа жаққа аудару мүмкін болмайды» - деп жазды Иман Каримова.

Дәл осы күні швейцариялық адвокат Грегуар Манжа Гүлнара Кәрімованы Яшнабад сотынан белгісіз бағытқа алып кеткендігі жөнінде мәлімдеді.

Тамыз айында Өзбекстан Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрімованың үстінен жаңа қылмыстық істің қозғалғандығы жөнінде ақпарат таратқан. Оған «аса ірі көлемде қаржы жымқыру» және «Өзбекстан мүддесіне қарсы келісімдер жасау» баптары бойынша айып тағылған.

"The Qazaq Times"