Аспаннан түскен аяттар
Ішімде жатқан сызды ойдан
Тоңазып атты таң кілең.
Құтқарар мені мұндайдан
Жаратқан Жалғыз бар, білем!
Жаратты Ол мені жарылқап,
Білмеймін – қандай негізбін.
Жатамын ылғи таңырқап
Түбінде сезім - теңіздің.
Ойларға батып отырам,
Жасаймын небір байламдар.
Ғалымдар көп қой оқыған,
Тым терең бірақ Пайғамбар!
Білмеймін тілін шөптердің,
Білмеймін тілін құстардың.
Аз көрдім, мейлі, көп көрдім,
Аллаға мәңгі мұқтажбын.
Мен кіммін – Алла алдында –
Бармын ба, әлде, жоқпын ба?
Жәндікпін бе, әлде, аңмын ба?
Сумын ба, әлде, отпын ба?
Кім болдым бұрын, не болдым? -
Тек аян Жалғыз Тәңірге.
Мен дағы бір күн өлермін,
Келермін қайтып өмірге.
Оралар екем не болып,
Оны да білер Бір Алла!
Шөп болып өсіп көгеріп,
Терек боп әлде тұрам ба?
Ауыртпан оған басымды,
Арзымас ойдан аулақпын.
Адалдап жеген асымды
Адам боп мәңгі қалмақпын!
Отырсам дейтін пенде көп
Орын ап шыңдар жанынан.
Оларға уағыз сөйлемек
Емеспін Имам Ағзам.
Сақтасын бітеу жандардан
Алданған мал мен мүлкіне.
Сақтасын және паңдардан
Ұқсаған кәрі кірпіге.
Оларды Құдай о баста-ақ
Жаратқан сөйтіп жүрсін деп.
Тағы да сөйтіп жаратқан,
Адамдар көрсін білсін деп.
Жан нұры жайнап жансын деп,
Жаратты жайсаң, саңлақтар.
Түнекте мәңгі қалсын деп,
Жаратты жендет, жалдаптар.
Ұйқаспас мәңгі ақ, қара,
Жақсылық пенен жамандық.
Көрінер содан масқара,
Көрінер содан адамдық!..
Ішімде жатқан сызды ойдан
Тоңазып атты таң кілең.
Құтқарар мені мұндайдан
Жаратқан Ием бар, білем!
***
Көк төрінен бір жұлдыз үзсем деп ем.
Көк теңізден дүр маржан сүзсем деп ем.
Ақ бозымды ойнатып, кең қолатқа
Ақ ордамды апарып тіксем деп ем.
Енді ойласам... құр қиял мұның бәрі.
Сәл мысқылдан жұлдыздар жымыңдады.
Мен алатын маржанды бақа жұтып,
Бүлк-бүлк етіп жемсауы жыбырлады.
Жайлау қайда, жаным-ау, қолат қайда?!
Боз ат қайда біз мінер, көк ат қайда?
Мансаптылар мас болған мырза төрлер
Маңайына біздерді жолатпай ма?..
Қарашы, дос!
Пендемін мен де қандай.
Не күн туды осынша зарланардай?!
Жұлдыз-қыздың жанына бармағандай,
Теңіз-жырдың маржанын алмағандай...
Мінбегендей күлікке, түспегендей,
Жатып қымыз жайлауда ішпегендей!..
Тәубә дейік!
Шынында қайтер едік,
Мына өмірден өткенді түк те көрмей?!
ИТТЕР
Қаншық қанден желге беріп танауын
Жортып барад...
Қыр соңында - қырық ит.
Желбіретіп құйрығын -
Жалауын,
Қоятындай кекесінмен жымиып.
Безіп шығып бір сол үшін тұрақтан,
Кіл төбеттер керкілдесіп,
Күбінген.
Ана біреу езуінен су аққан.
Ана біреу құр далақтап жүгірген.
Бұл бір тобыр –
Сан «ұлттан» құралған –
Салпаң құлақ,
Жалбыр құлақ,
Тік құлақ,
Барлығының басын қосқан бір арман,
Сол арманнан шығу мақсат мықтылап.
Анау дәу ит әммесінен басымдау,
Жуан екен желкесі де керемет.
Арсалаңдап ақ қанденге асылды-ау,
Әттегеңге! Сәйкеспеді...не керек!
Ақ қандеге бәрі ғашық бұлардың.
Төбеттер-ай! Аянышты ең не деген!
Құзырына құлап кеткен құмардың
Иттер кетіп бара жатыр дәмемен.
***
Қызған қымыз секілденіп тасиды Ар.
Жұлған жуа секілденіп жасиды Ар.
Тасып, толып,
Жасып, сөніп,
Жалғаннан
Бетін бұрып кеткен екен сақилар.
Солай, солай!
Бар ма осыған уәжің?
Толғатады қайта-қайта буаз Үн.
Мұздай суық
Тастай қатты пенделер
Естімейді шөп сыбырын, су әнін,
Күл астынан күлімсиді күрсініс.
Сабылыстың соңы – солтақ,
Іркіліс.
«Өмір сүйгіш» Өрем қапқан өкпелер
Бере алмайды-ау,
Ала алмайды-ау бір тыныс.
Төс табаны секілденіп түйенің,
Ұрланып тұр кеудеңдегі сүйелің.
Жүрек сүйел боп кеткен соң,
Түңіліп,
Күнге сапар шегіп кетті Киелі Үн.
Күнге сапар шегіп кетті...
О жақтан
Бір дауысты естисің бе зар атқан?
«Текке сені жаратым-ау!» дей алмай,
Тілін тістеп,
Тіксінеді Жаратқан.
Арам пиғыл анау басқа андыздап,
Шайтан сенен шаттықты да алды ұрлап.
Опырайған жанартаудың орнындай
Орайынан ұшып кетті жалғыз Бақ...
Жұпар гүлім «жұлынам» деп...
Қалтырап,
Саталдады,
Самайымды сан сұрақ.
Өзегінен өзен ағып мұп-мұздай,
Өз-өзімнен мен отырмын қансырап.
Алтай – Тарбағатай
Жырлау қиын-ау... Сарсаңсың –
Алтай дегенің мың жұмбақ.
Қай қасиетін таусарсың –
Апталап, айлап... жыл жырлап.
Жарты әлем тұтас түршіккен
Түрік қағаны ту тіккен,
Керей, Найманға тақ болған,
Тимушин ерге бақ қонған –
Бұл Алтай қиын қыртысты,
Асыл кендері – астында,
Ну орман, мұзарт – сырты, үсті.
Бабалар –
Ерлер, даналар,
Жүрегі, тәні жарадар
Осы бір Алтын тау үшін
Жауымен жаға жыртысты,
Қырылды... Тағы қырқысты...
Бұл Алтай – кемел,
Бұл Алтай – асқақ,
Бұл Алтай – терең,
Бұл Алтай – жалпақ,
Өр ұлы – Мұзтау – Ақтауы!..
Мәрттік те осында,
Пәктік те осында,
Қарттық та осында,
Жастық та осында –
Тең келмес бұған тегінде
Әлемнің кәрі, жас тауы!
Қалай олай болмасын –
Бүкіл Түркі Жұртының
Бір өзі болса бастауы!
Сыңсып тұрған тал-қайың
Майқарағай, самырсын,
Алуан шөптер...
Алтайдың
Нұр-нәрінен тұр өсіп.
Өлмейді олар,
Көнбейді,
Сақылдаған сары аяз,
Ақ боранмен тіресіп!
Шолпы тағып шашына,
Беткейдегі тасына,
Қара күздің өзінде
Тұрады ылғи тамсантып
Еңлік деген гүл өсіп!
Бұл тау – бұлтты, булы.
Тұп-тұнық сулы.
Мұнда – Ертіс, Оп, Енесей салалары –
Қалжыр, Күршімі, Қабасы
Бұқтырма, Үлбі, Обасы,
Қатын, Биясы,
Абақан, Қобдасы –
Алтай балалары
Марқакөл, Қаражал,
Алтынкөл, Қамысжал,
Бәрі – Алтай сабалары!
Мұндай таудың демі бітпейді!
Мұндай таудың кені бітпейді!
Бұл – бүкіл жарияның шындығы!
Бұл – бүкіл Азияның кіндігі!..
Әне, Тарбағатай –
Туған інісі,
Тартса – тынысы,
Шапса – қылышы.
Жарты әлемді алып жатысын қара!
Белгі-бедерін, нақышын қара.
Дулығасын шешпей дем алып жатыр.
Екі сұлуды тең алып жатыр.
Бірі – Алакөл, бірі – Зайсан.
Ағасы – Алтайы,
Анасы – Байтағы!
Тарбағатай!
Заңғар аты!
Қарап тұр екі жаққа –
Жақсы Арғанаты,
Жаман Арғанаты.
Тастау, Қабарасу –
Басы – мұз,
Қабағы – ашу –
Қос бірдей қолқанаты.
Тарбағатай –
Көгінде қыран самғаған
Кем емес Тянь-Шаньдардан!..
О, Алтай! Тарбағатай!
Өр төстім!
Өркештім!
Ордалым!
Шығыс беттегі қорғаным!
Сол күні
Тыңда, досым –
Дүние – Жүрек соғып тұр,
Құдай көзі бар ғаламды көріп тұр,
Біз отырмыз сол бір күнді ойға ала
Иә, солай, желсіз желтоқсанда аспанның
Күркіреген кезін көрген біз едік.
Сол бір күні сорғалаған жас қанның
Жаутаңдаған көзін көрген біз едік!
Сызданыңқы, сұрланыңқы сол күні
Отаншылдық әні көкке зар атты.
Ата тегін ада қылған сорлыны
Ұйқысынан қатты жұлқып оятты.
Жасын оттай жарқылдады көңіл, ой,
Қарттар – күпті, жастары шықты ең алға.
Күнде осылай күркіреуші еді ғой
Найзағайлы долы нөсер боларда.
Сол бір күні кең аспанды кернеді
Қазақ кегі.... Қансыраған обалы,
Құлақ түрді бүкіл әлем елдері,
Теңселді алғаш Кеңестердің одағы.
Есіңде ме, өртенді ғой жас кеуде,
Жығылғанда тұрмастай боп саққыға,
Жаудай көріп отырғандар Мәскеуде
Бізді сонда жаздады ғой жоқ қыла!
Сол күндер-ай! Сол күндер-ай түнерген
Қайнады қан!.. Қалай жырлап берерміз?!
Ағаларды орынтақта шіренген
«Опасыздар! Отансыздар!» дегенбіз
Кейін білдік – беріш болып қалады,
Жүрек қатты қапаланса – мұздаса
Есіңе тек сол күндерді салады,
Сол күн сынған қабырғалар сыздаса...
Абайдың ақырғы назасы
Мен өлемін...
Жоқ, өлдім...
Өлген екенмін.
Өлмей нем қалды?!.
Көрге кетемін!
Қаным суалған,
Тәнім қуарған,
Досым күңіренген,
Қасым қуанған...
Жаным жара еді,
Арым таза еді –
Біледі бір Аллам!
Өр, асқақ күндерім менің,
Адасқақ күндерім менің!
Даңққұмар, баққұмар шақтарым!
Құсқұмар, атқұмар шақтарым!
Жауымды құлатқан сәттерім,
Жетімді жұбатқан сәттерім,
Сендер – бір елес,
Сендер – әттеңім!
Әттең!
Сендер жоқсыңдар енді!
Сөнген отсыңдар енді!
Ойлап – сүйінуші едім,
Ойлап – күйінуші едім.
Енді сол ой да шеткері кетті,
Бір көктем еді...
Көктеді... кетті.
Жапырақ – жастық
ұшты, жоғалды,
Көңіл күптенді,
Істі көз алды.
Өз елім өзегіме өрт түсірді,
Көп кірлетті,
Көп түкірді.
«Ел бол!» деп едім –
Бетсіз көзімен атты,
Тексіз сөзімен атты.
Арыз айдады,
Құртуға белін байлады.
Сеңдей сенделдім.
Теңдей сусыдым,
Көрместі мен көрдім,
Жас боп ыршыдым.
Алыстым – жеңбедім,
Жеңілдім,
Бұл – шыным!
Қайран қазағым,
Бүгін –
Жасық жанарың,
Ашық араның.
Неге маған қарадың
Қабаған иттей боп қабағың?
Ерің – аз,
Езің – көп,
Таусылды айтарым,
Таусылды жазарым!
Жабықты жан, ішім,
Өртенді намысым.
О, Алла!
Жалынбан жан үшін!
Бұл маған не қалды –
Ажалдың бары – шын!
Көзімнен жоғалды,
Қос бірдей арысым –
Мағашым... Әбішім!..
Арттағы жылаулы ел,
Бақаны құлаулы ел,
Құтырған,
Жұтынған
Ақ қоян жұтынан
Сау қалған тұмаулы ел,
Енді сен...
Жөтелмей,
Еңсеңді көтергей!
Енді мен...
Үндемен.
Қош!
ТАҢСӘРІ
Білесің бе, жаным нені көкседі?
Бұлттарым босып кетті көшпелі.
Қызықтарым кеткен сынды қыр асып,
Түйелі ауыл түтіндері өшкелі.
Толып, қайта солатұғын бақтайын
Өмір қалай өзгереді сәт сайын!
Түйелі ауыл - түскен жерім «шыр» етіп,
Соны жүрек түкпіріне сақтайын.
Сонда менің маңдайымнан күн сүйген.
Алғаш сонда үзіліпті бір түймем.
Кең шабындық, қалың томар, ну шиден
Тұңғыш рет тұмар тұтып, сыр түйгем.
Сол аспан ғой көзімді ашып көргенім,
Сол аймақ қой сарғалдақ гүл тергенім.
Бармысыңдар, сүттігенім, сүйірігім,
Бірсалар мен адыраспан, ерменім?!
Қайдасыңдар, жусаным мен көкпегім,
Қараған мен тобылғымды көкседім.
Сағындырған сәттерімді қайтейін,
Сағым жуған Тарбағатай бөктерін!
Бір жақсы жыр жазбаспын да... жазармын.
Мен, әйтеуір, сол бір жерден жаралдым.
Сомдалыпты сойым менен бітімім
Арасында Қарғыба мен Базардың.
Көкте Күнім тас төбеден ауғалы,
Аңсарымның ақ нөсері саулады.
Елесетейді - құдығымыз қауғалы.
Шешем, әне!.. Кетті түйе сауғалы.
Елестейді... Елестейді баршасы.
Өтіп кеткен бұл өмірдің қаншасы:
Өссе сонда ұлық түлік ұрпағы,
Ең бірінші қара шалдың арқасы...
Бұл өңірде тарих жатыр қаншама.
Түскен екен талқыға да алқаға.
Қалмақ қорым - Шарбақбейіт міне тұр,
Әне жатыр Қырықоба мен Төртоба.
Қайран, қайран, қасиетті қоныстар!
Өткен мұнда қанды майдан соғыстар.
Ата-баба аруағынан айналып,
Тәу етемін, басымды иіп борыштар...
Білесің бе, жаным нені аңсады?
Шаш - буырыл, шабатым да шаршады.
Барам, бүгін талма түстен тайғанап,
Ол күндерім - сүттей аппақ таңсәрі.
Таңсәрім ғой сағымды да сарынды.
Сол шақ баурап жүреді ылғи жанымды,
Солқ-солқ етіп сор татыған жүрегім,
Тікен-тікен түйе тілін сағынды.
Шеңгелімдей қоңыраулар тағынып,
Тұрам тағы түйе тілін сағынып...
Сәскеге емес, талтүске емес, мен, сірә,
Көз жұмармын таңсәріме табынып.
***
Құлағымды қайтейін шуылдаған,
Жон арқамды қайтейін дуылдаған.
Мейірімге шөлдеген сәбидеймін,
Менің аппақ жанымды кім улаған?
Албастылар иектеп, аһ ұрамын,
Жындарымды бақсыдай шақырамын.
Қалай ғана қалт етпей тұрып қалған
Өмір сүйгіш өрімтал жапырағым?
Бу ұшады бұрқансам жанарымнан,
Торығады томсарып сана мұңнан.
Күнге қарап күлімдеп жыр оқысам,
Мұздар еріп түсуші ед қабағымнан.
Өмір деген осы ма мына ғайып?
Көңіл оты бұл күні тұр азайып.
Төкпей- шашпай барымды жинай берсем,
Кететін де түрім бар, сірә байып.
Қос құлақты саусақпен бітейінші.
Шарап емес, шұбаттан ішейінші.
Албасты мен жындарды шақырмай- ақ,
Ақ періште алдымнан күтейінші.
Сана шіркін сарнаса шара бар ма?
Таланғандай боласың араларға.
Үстеліме тағы да мен отырдым,
Өлең тастап кетсем деп балаларға...
Қасиет қой, қасиет бұл от деген.
Сезінсең ғой соны сен жүрекпенен.
Отқа жақын отырсаң... тәуір болар,
Отпен бірге маздайды тілек деген.
***
Қыр бұлдырап,
Жол құлдырап,
Келем әлсіз әуенге еріп.
Ай сыңсиды,
Жасы ыршиды,
Жесірлігін менен көріп.
Дауыл тұрды,
Жел ысқырды,
Жалғыз шиді паналадым.
Бұлт басынды -
Айға асылды,
Арашаға жарамадым.
Бұлт қағынды -
Айға мінді,
Қара көрпе - түнек жапты!
Жыламадым,
Ызаландым -
Қалды-ау байғұс жүдеп қатты.
Бұлт шашылды,
Көрпе ашылды,
Жайнап күлген Айды көрдім...
Қыр бұлдырап,
Жол құлдырап,
Мен осындай жайды көрдім.
"The Qazaq Times"