Сайрагүл Сауытбайдың ісіне шын күйінген және қуанышына ортақтасқан барша қауымды құттықтағымыз келеді. Сот шешімі жарияланғаннан кейін алақайлап, қаумалаған жұртшылықты көріп жан тебіреніп, жүрек толқиды. Сол маңда қуанбаған адамның жоқ екені де анық. Сайрагүлдің ісінен кейін, Қытай қазақтарының мәселесіне және Қазақ-Қытай қарым-қатынасына байланысты бір қатар мәселелер айтуға тура келеді.
Қытай қазақтарының мәселесі туралы осыған дейін де азаматтық пікірімізді ортаға салған едік. Жеке көзқарас тұрғысынан айтқанда, Қытай қазақтарының мәселесі «Сайрагүлге дейін және Сайрагүлден кейін» деп дәуір бөлгіштік сипатқа өзгеруі мүмкін. Қазір, біздің жұрт тек қана қуанышты құттықтап, тойлаумен әбігер болып жатқаны анық. Мәселеге үлкен масштабтан қарап, стратегиялық талдау-сараптау жасау жетіспей тұр.
Қытайдан заңсыз шекара бұзып өту оқиғасы Сайрагүлге дейін де болған (Сайрагүлден кейін де болуы мүмкін). Сәбет-Қытай арасындағы қырғиқабақ кезінде Қытайдағы сәбетшіл қазақ ұлтшылдары мен жас зиялылардың біразы заңсыз немесе бір жапырақ таңбалы анықтамамен (қағаз) шекарадан кесіп өткен. Әрине, сол тұста қазақтар ғана емес, кәмпескелеуге тайтұяғымен қарсы қытайдың бірмұнша капиталистері, буржуазия өкілдері немесе үшінші дүниежүзілік соғысты аңдап Жаң Кайшының Американы иек артып қайта тап беруін күтіп жатқан ішкі сыбайластар да бар еді. Солар 50-60 жж өзінде-ақ теңіз жолы арқылы алыс жақын шетелге қашып үлгірді. 1979-1989 жж арасында Қытай шекарасын бұзып теңіз жолы арқылы социалистік лагерден қашқандар тіптен көп болды. Аустралия (Австралия), Оңтүстік-Шығыс Азия мен Америка және Еуропаға беттегендері көп. Биліктегі кейбір шенді-шекпенді олигарх топтардың да шетелге қашу оқиғасы көп туындады. Мысалы, мемлекеттің бүкіл ішкі құпиясын алып Сәбетке қашып бара жатқан жолда Моңғолия жерінде (Өндірқан) опат болған Лин Бияодың оқиғасы сол күйі бүгінге дейін құпия қалды...
Коммунистік режимдегі Қытай тарихында (1949 жылдан бергі) шетелге қашу істері жиі тіркеледі. Маодың жанындағы төс қағысқан досынан тартып, ең қарапайым қатардағы зиялыға дейін талай адам шетелге заңсыз қашты. Шетелге қашудың ең көп мақсаты- Қытай құпиясын білуінде ғана емес, социалистік сүрдек жүйеден әбден шаршап мезі болуынан да туындап отыр.
Қытайда 1949-2009 жылдар арасы шетелге қашу оқиғасын бірнеше категорияға бөліп қарастыруға болады;
- Ұлт құрамы жағынан:
Шетелге қашқан қытайлар;
Шетелге қашқан қытай еместер (Манжур, Тибет, Ұйғыр, Моңғол және Қазақ); - Саяси сипаты жағынан:
Мемлекеттік құпияны білетіндер;
Билікке балама күштер (олигарх, клон);
Антикоммунисшілдер;
Антиқытайшыл сәбетшілдер;
Ұлтшылдар;
Еуропашыл Либералды күштер;
Еркіндік аңсаған қарапайым азаматтар; - Сенім сипаты жағынан:
Діни миссионерлер (христиан);
Һижрашылдар (мұсылмандар);
1989-2019 жылдар арасында Қытайдан шетелге қашу оқиғасы тіптен күрделі, жіңішкелікпен категорияға бөліп қарастырып зерттесеңіз өте қызық тақырып болар еді. Шетелге топталған қытайдың ұлтшыл, мемлекетшіл олигархтарының өз телеарнасы, тәуелсіз баспасөзі және ғылыми зерттеу орталықтары және онда академиялық өлшемде талдау жасайтын әр саланың кәсіби мамандары бар. Олар қытай коммунистерінің қылт еткен саясатын күніге дөңгелек үстелде талдап, сарапқа сап жатады. Қытайдың шетелге заңсыз қашып өткендер үшін ұстанған саяси позициясын жеке тақырып ретінде зерттеп қарастыруға болады.
Енді, Сайрагүл тақырыбына келейік. Айталық, Қытай осы оқиғадан соң қандай реакциясы танытуы мүмкін:
Бірінші, Сайрагүлдің Қазақстан аумағында қалуы Қазақстанның жеңісі, келесі бір жағынан Қытайдың да жеңісі саналады. Саясатта "бір қуаныштың қасында бір өкініш" бар екенін ұмытпауымыз керек. Әрине, Қазақстанның тәуелсіз, дербес үкіметі бір Сайрагүлге араша түскенімен Қытайдағы неше мың тіпті одан да көп Сайрагүл тағдырластарға араша түсе алмайды. Қытайдың саяси технологтары бізді "бір Сайрагүлдың тағдырымен қуандырып, мың Сайрагүлдің тағдырымен азаптауы мүмкін". Қытайда саяси механизм мен саяси тактика өте дамыған. Біз тәуелсіз ел, дербес мемлекет ретінде Қытайдың барлық реакциясына дайын болуымыз керек. Сайрагүл Қытайға қайтарылса да, қайтарылмаса да Қытайдың жеңісі деуім мынада – Қайтарылса Қытай тарабы Сайрагүлді жазалайтыны анық; Қайтарылмаса Қытай "Сайрагүлдерді" жазалайды. Жіті көз жүгіртер болсақ, Қытай үшін Сайрагүлді жазаласа да, "Сайрагүлдерді" жазаласа да ұпайы түгел болмақ. Ал, Қазақстан Сайрагүлді құтқарды, бірақ "Сайрагүлдерді" құтқара ала ма? Оны жұрттың өз сөзіне қалдыралық.
Екіншісі, Бұл мәселе Қазақстан-Қытай арасындағы сауда-бизнес нарығындағы бәсекелестікті ғана емес, саяси алаңдағы күрес бәсекелестігін де одан сайын арттырады. Қытай бастапта жеңілген сыңай танытады, шегіншектейді бірақ осал тұсыңнан оңдырмайды. Сондықтан саяси тактиканы, қырағылықты арттыру керек. Қытайдың энергия мен гео-жағрафиялық тасымалға болған сұранысын сәтті пайдаланып, жалаң ұлт мәселесін жылтыңдата бермей, басқа тактикаға көшу керек. Бұл мәселе, Алматы-Астана көшелеріндегі бірнеше қытайға сес көрсетумен немесе бір қытайды асау жамбасқа сап алып ұрғанына мәз болумен шешілмейді. Билік ел тағдыры үшін шынайы тактикаларға көшу керек, стратег маман, тәуелсіз сарапшы, сатылуды білмейтін ұлт интеллигенттері керек. Әрине қарамаққа өте азбыз, бір Пекиннің қала санына да толмаймыз. Бірақ, халқымыз аз болса да даналығымыз кенде халық емеспіз, бір мая шөпті бір тал сіріңкемен өртей салуға болады, көл-көсір дарияны бір күрекпен арық қазып құлағын байлап ағыза салуға болады. Қытай бізге – мүмкіндік, біз Қытаймен жағаласу арқылы өз ұлтымыздың ерік-жігерін, сабырын, сауатын, мәдениетін һам саяси тактикасын сынаймыз, жетілдіреміз, мемлекетшілдік құдіретіміз артады.
Үшіншіден екі түрлі болжам айтуға болады – алда, Қытайдан келетін көш не түбегейлі тоқтап қалуы мүмкін, немесе, көш жандана түсуі де мүмкін. Екеуіне де дайын болу керек, көш тоқтаса оны коммунистік билік тоқтатады, ертең коммунисттер кетсе либералдар көштің есігін бәрібір ашып береді. Соны қадағалап зерттеп графикасын сызып отыру керек. Көш тоқтаса қазақтармен мәдени, рухани байланысты басқа қырынан жалғап әкету керек. Ал, көш тоқтамай жанданған жағдайда ішкі көші-қон мәселесі мен сыртқы көші-қон мәселесін түбегейлі реттеуге тура келеді. Тіркеу, Оралман Куәлік, Азаматтық алу көне сүрдек күйінде қала берсе Қытайдағы қазақ мәселесі біртіндеп "Қазақстандағы қазақ мәселесіне" айналып кетуі бек мүмкін.
Төртінші, Ұлы Түркістандық Потенциал күшін біріктіру.
Қытай жағы қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек халықтарының бірігіп ортақ күшке айналуынан қатты алаңдайды. Сондықтан олардың арасындағы жікке сызат салып отыру үшін "Қытайлық Түркістан прожесін (бағдарламасы-ред.)" дайындап отырады. Орталық Азияға ықпалын арттыру үшін Үрімжі мен Қашқардың өңірлік және басқа мүмкіндіктерін пайдаланады. Ұйғырдың орта және шағын буржуазиялық бизнестері арқылы Орталық Азия экономикалық һәм сауда-бизнес "соғысын" ашады. Орталық Азияны не Қашқар арқылы не Үрімжі арқылы өзіне тәуелді етуге тырысады. Осы мүмкіндіктерді іске асыру үшін "Қытай түрікшілдігін" қолдан жасап, тұтас Түркістанды (Орталық Азияны) ұйғырлар арқылы шаужайлай бастайды. Сіз Қазақстандағы және алыс-жақындағы ұйғырлардың қазақты ұйғырдан таратуын, бүкіл Алматы облысының жер-су атауын ұйғыр тілінен кеп шыққан деуінің артында Қытайдағы "Қытай түрікшілдігі" прожесі тұрғанын байқайсыз ба?
Қытайдың саяси технологтары алдағы уақытта басқа да көптеген саяси ойынды жасап шығаратын болады. Бұл күреске балама ретінде, біріншіден, Қазақстан өзінің жеке потенциал күшін арттыру керек, екіншісі біртұтас Түркістан түсіністігі мен тағдырлас, мүдделес мүмкіндігін біріктіре білу керек. Кеш қалсақ, Қытайдың "қытай түрікшілдігі" прожесіне бір-бірден желініп бітеміз. Ұлы Түркістан түсіністігі артса және Қытайға ортақ саяси күшке айналса, Қытайдың энергия мен гео-стратегиялық өңірлік тасымалға мұқтаж мүмкіндіктерін шаужайлауға болады. Соған қоса, ұлы Түркістан аумағындағы (Орталық Азия) ішкі тепе-теңсіздік көрсеткіштерді толықтап (мысалы, еңбеккүш, орта-шағын бизнес, тарихи туризм, өзен-су, тасымал, т.б.) соның ерік-жігерімен Қытайға мұқтаждықты азайтуға болады. Ол үшін де "Өзбектесіп кетеміз, қаланы Қырғыз басып кетеді" дейтін таудың қуысындағы сасық қорқыныштан арылу керек.