Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан саяси қысым мен қудалау ондағы қазақ қаламгерлеріне де үлкен соққы болып тиді. Тіпті, бұл қолдан жасалған саяси жағдай Шыңжаңдағы қазақ әдебиетін тоқыратып тастады деуге болады. Осы және өзге де шет жұрттағы қазақ қаламгерлерінің тағдыры туралы ақын Мұрат Шаймаранұлының мына бір соны ойларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
2019 жылы басталған әлемдік пандемия адамзат өміріне зор өзгерістер әкелгені белгілі. Соның салдарынан өндірістің тұралауы, экономиканың шатқаяқтауы, туризмнің кері кетуі, тіпті руханият дүниесінің бір бөлігі болған әдебиетке де белгілі деңгейде әсер етуі бәрімізді алаңдатып отыр. Басқасын сол саланың мамандары айта жатар, біз мойнымызға алған міндетіміз ретінде шетелдегі қазақ әдебиетіне мүмкіндігіміз жеткенше шолу жасап көрейік. Ескерте кетеріміз, біз "мүмкіндігіміз жеткенше" деген сөзді тегін айтып отырған жоқпыз. Оған себеп, біз қытайдағы қазақ әдебиеті хақында ақпарат алу мақсатымен сол жақтағы жазарман-сызармандармен хабарласып көрдік. Хабарласып көрдік те, көңілімізді алаңға, үмітімзді үрейге алдырдық. Шынын айтқанда, ол жақтағы қазақ жазармандарының қалы тым мүшкіл, тым қатал тәртіп пен бақылаудың астында екен. Біздің сауалымыздан ат-тонын ала қашқандар көп болды. Иа, оларды мен әбден түсінем. Қылышынан қан тамған биліктік итпегінде өмір сүрудің не екенін қазақ қаламгерлері, соның ішінде кеңестік жүйені көре қалғандары жақсы білер. Мүмкін, қытайдағы қазіргі саяси цензура аталмыш "мәдениет төңкерісінен де" асып түскен шығар...
Мен баяндамды көңілсіз һәм ауыр мазмұнмен бастағаным үшін кешірім сұраймын. Деседе, шындықтың жасырып қала алмаймыз.
Енді негізгі тақырыпқа оралайық. Ең алдымен қытайдағы қазақ әдебиетінің биылғы бір жылдық жетістігін бағамдайын. Қытайдағы қазақ әдебиетінен бастауымның өзіндік себебі де жоқ емес, қытайдағы қазақ әдебиеті қазіргі қазақ әдебиетінің жемісті де көркем бір бағы секілді. Қазақстандағы қазақ әдебиетінен кейінгі аса ауқымды, ғасырдан ұзақ тарихы, қарымды қаламгерлері, тіпті қытайдың іші мен сыртына таныс классиктері бар үлкен әдебиет, көкжиегі кең рухани кеңістік. Кешегі Ақыт Үлімжі, Таңжарық Жолдыұлы, Көдек Маралбай, Қажығұмар Шабдан, Омарғазы Айтан, Жақсылық Сәмит, Серік Қапшықбай, Ғаппар Біләлдар, бүгінгі Оразхан Ахмет, Жұмабай Біләл, Әкбәр Мәжит, Шәміс Құмар секілді танымал тұлғалар сөзімізге дәлел бола алады.
Ендеше, сол ортада мекендеп жатқан екі миллионға жуық халықтың әдебиеті де, жоғарыда біз айтқан түрлі жағдаяттарға қарамастан, өз дәстүрін жалғастырып жатыр.
Биылғы әдеби оқиға ретінде қазақ өлеңіне жаңа форма, тың серпіліс әкелген аса көрнекті ақын, жазушы, драматург, қазақ әдебиетінің классигі Омарғазы Айтанұлының тоқсан жылдығына орай ұйымдастырылған еске алу шаралары мен бүгінгі қарасөздің хас шебері, көрнекті жазушы, оқырмандарына "Құмдағы іздер", "Өзгерген өңір", "Толқынды көл", "Аманат", "Көктемгі ойлар" сияқты кесек туындылар сыйлаған Оразхан Ахметтің сексеннің сеңгірін асқан мерейтойын айырықша атап өткіміз келеді. Бүгінгі індет жағдайын ескергендіктен немесе Шинжаңдағы аз ұлтарға деген саяси қысымның салдары болса керек, екі қаламгердің атаулы күні шағын ғана шаралармен шектелді. Омарғазы Айтанұлы хақында жазылған жеті-сегіз мақала әдеби басылымдар мен сайттарда жаряланғаны болмаса, басқа әдеби қимылдар өткізілмеді. Бұл жерде Омарғазы Айтанұлының шығармашылығына арналған Асан Әбеуұлының, Ұмтыл Зардықанұлының мақалаларын атап өткеніміз жөн секілді. Ал, Оразхан Ахметұлына көрсетілген құрмет биылғы жылдың ауыз толтырып айтар жаңалығы деуге болады. Қытайдағы қазақ прозасына кең тыныс, соны серпіліс ала келген қабырғалы қаламгердің он томдығы таяуда ғана іле халық баспасынан жарық көрді. Жазушының қарымы мен суреткерлігін әйгілейтін "Құмдағы іздер" романы алматыдағы "Мерей" баспасынан басылып шығып, қазақстандағы оқырмандардың қолына тиді. "Құмдағы іздер" қытайдағы "Мәдениет төңкерісі" кезіндегі қазақ зиялыларының алмағайып, аласапыран тағдырын, қуғын-сүргіндегі қияметті өмірін арқау еткен құнды шығарма. Әуезовты өзіне ұстаз санаған қаламгердің тілі де тым шұрайлы, көркем. Суреткердің қаламынан туған адам бейнелері оқырман есінен еш кетпейді. Көп уақыттан бері оқырман ықыласына бөленіп келе жатқаны да сондықтан болса керек. Осындайда айта кеткенді жөн көріп отырмын, қаламгердің ел-жұрты өз перезентін ардақтап, жазушы дүниеге келген Үйсін тауының баурайындағы Әулие шоқының бір текшесін "Оразхан текшесі" деп атады. Бұл да арғы беттегі ағайындардың әдебиетке деген ыстық ықыласы мен өшпес махаббатының белгісі деп түсінгеніміз әбзал.
Тағы бір үлкен әдеби уақиға ретінде жақында ғана "Мерей" баспасынан жарық көрген жазушы Жұмабай Біләлұлының "Қиян шет", "Жеті қарақшы" кітаптарын атауға міндеттіміз. Жұмабай Біләлұлы қытайда ең көп оқылатын және әлемге танымал қытай жазушылары мен сыншыларының жоғары бағасын алып жүрген қаламгер. Жұмабай шығармашылығы қытай қазақ әдебиетіне ғана емес, бүкіл қытай әдебиетіне тың сарын, үлкен жаңалық боп келгені ақиқат. Қытай қазақ қаламгерлері ішінде шығармалары қытай тіліне аударылып, мол тиражбен алты том боп шыққан тұңғыш қазақ жазушысы да осы Жұмабай Біләлұлы!
"Арулар", " Боз жігіттер" секілді екі романды қамтыған кітаптың "Қиян шет" аталуы тегін емес. Мейлі "Аруларында", мейлі "Боз жігіттерінде" болсын жазушы тарихи отанынан қиян шетте - өзге елдің құрамында өмір сүріп жатқан ұлттың мінезін, болмысын, тағдырын, махаббаты мен ғадауатын, уақыт тегершігімен бірге құндықыққа деген көзқарастың өзгеруін, кеше мен бүгіннің арасында жатқан ұланқайыр алшақтықты және содан туған қайшылықтар мен трагедияны әлемдік озық әдебиеттің мәнерімен аса шебер суреттейді. Біздің мақсатымыз шығармаға жан-жақты талдау жасау емес, көтерген тақырыбы мен идеиясынан аз да болса мағлұмат беру. Осындайда еске түседі, Жұмабай Біләлұлының шығармаларына қытайдағы қазақ қаламгерлерінен бастап, қытайдың аса танымал сыншы-қаламгерлері де жоғары баға беріпті. Сол бағалардың бірнешеуін тілге тиек ете кетейін: "Ең маңыздысы, өз ұлтының перезенті ретінде Жұмабай Біләлұлы туған топырағына терең тамыр тартып, жанарын адамзаттық ойлардың асқарына қадайды. Ол өңірлік шеңберден асып төгіліп жалпылыққа қарай, ұлттық шеңберден алқып шығып әлемдік кеңістікке үдіре тартып барады. Оның шығармаларында адамзаттың мұңы, әлемнің тағдыры жатыр. Мен Жұмабай Біләлұлын дүниеге танымал қаламгерлердің деңгейінде деп ойлаймын",-дейді қытайдың танымал ақыны һәм сыншысы Шын Уи "Бүркеулі ойдың астары" деген мақаласында. Ал, қытайдың тағы бір әйгілі қаламгері Шын Байжоң "Қазақтың дала хикаяларындағы жаңа өріс" деген мақаласында "Ең бастысы, Жұмабай Біләлұлы өз топырағының мәдениетінен нәр алған. Сонымен бірге, өзге халықтың озық, үлгілі мәдениетін бойына сіңіре білген... Оның әңгімерінің арқауы – далалық мәдениеттің көркем эстетикалық көрнісі және қазақтың өзіне ғана тән өмірі, мінезі, тағдыры. Ол шығармалары арқылы өз ұлтының ұлы құндылықтарын батыл қорғайды және дәріптейді"-десе, Ли Жиянжүн деген жазушы автордың "Боз жігіттер" романын әспеттей келе, оның қысқа әңгімелеріне де тоқтала кетуді жөн санапты: "Жұмабай әңгіме жанрында да өз биігіне шыққан жазушы. "Сүрі қар", "Шаңқан боз", "Тор", "Сөнбес үміт" сияқты әңгімелері қысқа да нұсқа әрі жарқыраған мерует сияқты сәуле шашып, адамға аса терең көркемдік әсер сыйлайды. "Сүрі қар" әңгімесі" аса шебер жазылған. Оны оқыған адамның ойына Мерименің "Матео Фальконесі", Чеховтың "Ванькасы", Хемингуэйдің "Килиманджаро қарлары", Уаң Сышидың "Быртық қолы" түседі. Алайда ол Меримеден гөрі нәзік, адамшылығы мол, Хемингуэйден гөрі ашық-жарқын, ұғынықты... Осы үшін де Жұмабай Біләлұлын қытайдың осы заманғы жазушылары арасындағы әңгіме жазудың хас шебері деуге әбден лайық!" -деген екен. Иа, Жұмабай Біләлұлы шығармашылығына арналып, кемі жүздеген мақала, зерттеу жазылған шығар. Оның бәрін жіпке тізгендей етіп айтып отыруға баяндамамыздың көлемі тарлық етер.
Ал, енді қытай қазақтарындағы басқа да әдеби үрдіске тоқтала кетейін. Биыл Ұлттар баспасы, Шинжаң халық баспасы, Іле халық баспасы қатарлы баспалардан төмендегідей кітаптар жарық көріпті: Кәрім Дүйсенбайұлының "Құралайдың салқыны", Әсемхан Мұқаметханқызының "Қарғалдақ гүл ашқанда", Тұрсынбай Далбанайұлының "Тау самалы" жыр жинақтары және "Ақсай қазақ автономиялы аудынының айтыстар жинағы". Сонымен бірге, "Мерей" баспасынан шыққан Мағаз Сүлейменнің қытайдағы айтыс өнеріне арнаған "Аламан" атты кітабын ерекше атауға лайық деп ойлаймын.
Осындайда Ескерте кетеріміз, арғы бетте шыққан әдеби кітаптар біз айтқаннан әлде қайда көп болуы мүмкін. Біздің сұрастырып жүріп қол жеткізген дүниелеріміз әзірше осылар ғана.
Әрине, қытайдағы қазақтардың бүгінгі тағдырын, әсіре қызыл саясаттың олардың рухани әлеміне салған жарақатын көзі ашық қауым жақсы білер деп ойлаймын. Деседе, аз да болса көңілге жұбаныш боларлық дүниелер де жоқ емес. Сол жұбаныштың дәлелі ретінде қытайда шығатын қазақ тілді "Шұғыла", "Іле айдыны", "Алтай аясы", "Тарбағатай", "Құмыл алқабы", "Ұлттар әдебиеті" секілді беделді әдеби журналдардың әлі де жарық көріп тұруын айтар едім. Бұл әдеби журналдардың тарихы ұзақ, ұлттың руханияты үшін қосқан үлесі орасан. Қазірше өмір сүріп жатыр. Кейінгі тағдырының не боларын ешкім де болжай алмайды. Мүмкін бұлыңғыр шығар.
Ал, әдеби аударма саласына келсек, нобыль сыйлығының иегері Моянның 12 томдығы қазақшаға аударылып баспадан шығыпты.
Қазақ әдебиетінің тағы бір мәуелі бұтағы Моңғолияны мекен еткен қазақтарда екені белгілі. Сол топырақта туып, тұтас қазаққа мәшһүр болған кешегі Ақтан Бәбиұлы, Құрманхан Мұқамәдиұлы, Кәкей Жаңжұнұлы қатарлы алыптардан бастап бүгінгі Сұраған Рахметұлы, Жүкел Қамайұлы, Шынай Рахметұлы, Бақытбек Бәмішұлы, Ақеділ Тойшанұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Ақсұңқар Ақынбаба, Өміржан Әбдіхалықұлы, Бауыржан Қарақыз, Бақытбек Қадырұлы сияқты талантты шоғыр бұл сөзімізді растай түседі. Бұдан өзгеде аты аталмай, түсі түстелмей қалған жазармандар қаншама! Бұл өлкедегі қазақтардың саны аз болсада, әдебеитте жасап жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Елеулі еңбектерді атап өтсем: Моңғолия Қазақ қаламгерлерінің 100 жылдық шежіресі "ХХ~ХХІ ғ.100 жыл" (1921~2021) деген атпен оқырманға ұсынылды. Баян~Өлгий қаламгерлерінің поэзия антологиясы моңғол тілінде жарық көрді. Әйгілі аудармашы Мағауия Сұлтанияұлының 100 жылдық мерейтойына орай ол кісінің "Моңғолдың құпия шежіресі" үшінші рет баспадан шықты. Жазушы Сұлтан Тәукейұлының әр жылдары жазған прозалық әдеби еңбектері қамтылған 16 томдығы Моңғолия астанасы Улаанбаатарда жарық көрді. Ақын, жазушы, журналист, ғалым Зүлкәпіл Мәулетұлының 20 томдығы моңғол, орыс, қазақ, ағылшын тілдеріне аударылды. Сұраған Рахметұлының аударуымен Шәкизада Әбдікәрімұлының жыр жинағы моңғол оқырмандарына жол тартты. Сондай-ақ, ақын Сұраған Рахметұлы мен Жүкел Қамайұлының өлеңдері Венгрияда аударылып таңдамалы жинаққа енгізілді. Осының бәрі осы жылдың қомақты олжасы. Сонымен бірге, қазақ өлеңінде бөлекше қолтаңбасы бар, талай оқырмандар мен сыншы қауымның ыстық ықыласына бөленген қазақтың дарынды ақыны Сұраған Рахметұлының атамекені – Қазақстанға бір жола қоныс аударуы да жыр сүйер қауым үшін қуанышты жаңалық.
Өкіншке орай, біз Өзбекстанда тұратын қазақ қаламгерлерінің шығармашылығынан хабар ала алмадық. Өзбекстан Жазушылар Одағында жұмыс істейтін, қазақ әдебиетінің білгірі Мехмон Исламқұловқа байланысу мүмкін болмады. Оның есесіне Белгияда тұратын Ырысалды Төкееваның "Мерей" баспасынан шыққан "Қиын жылдар, қиыр жолдар" атты эсселер кітабын қолға түсірдік. Кітапта сонау алыста - еуропа топырағында ғұмыр кешіп жатқан жазушының көзбен көріп, бастан кешкен қилы тағдыры, өзі секілді аналардың өмірі, жан сезімі аса шебер суреттеледі. Автордың "Екі ғасырдың куәгері", "Үзілген үміт, өксіген ән" деген туындылары тілінің көркемдігі, оқиғасының шытырмандығымен оқырманды баурай алатыны анық.
Біз мүмкіндігіміз жеткенше, шетелдегі қазақ әдебиеті туралы білгенімізді, түйгенімізді ортаға салдық деп ойлаймыз. Артық-кемі болса, айып етпессіздер.
Ойды ой түртіп оятатыны бар емес пе. Шетелдегі қазақ әдебметі хақында ортаға салар талап-арманымыз да жоқ емес. Енді соларға тоқтала кетейін.
- Қытайдағы қазақтың бүгінгі тағдыры мені қатты алаңдатады. Оларға жүріліп жатқан саяси қысым, қудалау күшеймесе, бүгін-ертең тоқтайтын түрі жоқ. Бұл тіпті, әдеби-рухани саладан да анық сезіледі. Кешегі 37 жылдың қара машинасы қытайдағы әр жазарманның есігін аңдып жүр. Қаншама талантты қаламгерлер "саяси лагердің" дәмін татып шықты. Кейбірі, мысалы, Нағыз Мұхаммет, Ғарапа Нәсиолла деген ақындардың ізінен дерек те жоқ. Олардың бар айыбы – қазақстандағы әдебитті сол жақта үгіттегені. Ғарапа Насимолда кезінде "Күлтегін" атты әдеби-рухани портал ашқан, кейіннен саяси жағдайдың қиындауына және шектеулерге байланысты сол порталды уйшат желісіне лайықтап "Сүлей" деген атпен сайт ашып, Қазақстандағы ұлы тұлғалар мен классиктердің өмірін, шығармаларын, бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін үзбей дәріптеп келе жатқан талантты азамат. Сол азаматымыздан төрт-бес айдың жүзі болды, ешқандай хабар-ошарсыз қалып отырмыз. Білгендердің айтуынша "Қара машина" алып кеткен. Міне, осындай жағдайдың шешімін табуға, саяси қудалауда немесе қамауда жатқан қаламгерлерге Жазушылар Одағы бас болып, қаламгерлер қостап қолдау көрсетсе екен деймін.
- Бұрын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарапынан ашылған "Атажұрт" баспасы шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын басумен айналысатын. Бұл баспада кешегі Жәркен Бөдеш, бүгінгі Жәди Шәкен, Ақберен Елгезек, баспагер, дизайнер Бейсен Серікбайларлардың елеулі еңбек еткені белгілі. Сол жылдары көптеген игілікті шаруалар атқарылып, шетелдегі талай жазармандардың кітабы қарашаңырақтағы оқырманның қолына тиіп еді. Қазір бұл баспа жұмыс істемейді. 2017 жылдан бастап кітап шығармаған. Бір сөзбен айтқанда шетелдегі қазақтар қазақстанда кітап шығару керек болса, өз қаражаттарына сүйенеді деген сөз. Біз жоғарыда айтқан Жұмабай Біләл ақсақал да "Қиян шет" пен "Жеті қарақшысының" басу ақысын өзі төледі. Сонда, шетелдегі қазақ әдебиетіне кім ие? Сансыз кітапқа миллиондап ақша төгіп жатқан министрліктің назары сыртта жатқан тағдыры бөлек қазақ руханиятына, аз да болса, бір сәт неге аумайды. Мейлі, қазақ әдебиеті қайсы топырақта дүниеге келсе де, ол – қазақ деген халықтың ортақ әдебиетің бөлінбес бір бөлшегі. Біз, шынында да, ұлттың ұлы әдебиетін жасаймыз десек, әлемнің түкпір-түкпіріне шашырап кеткен қазақ руханиатына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек! Мен баяндамамның соңында, Қазақстан Жазушылар Одағынан және мәдениет министрлігінен "Ата жұрт" баспасының жұмысын қайта жаңғыртып қолға алуды, оған мемлекет тарапынан көңіл бөлуді талап етемін!
Бұл талап-ұсыныс бұдан бұрында айтылған болу керек. Деседе, шешімін таппай жатқан қоламталы мәселені тағы бір рет қозғауды артық деп таппадық.
Мұрат Шаймаран