Күні кеше, 6 ақпан күні, 28-ші бүкіләлемдік қысқы Универсиада аясында, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Өнер алды – қызыл тіл» атты республикалық студенттер айтысы өтті. Қазақ деген айтысты ардақтай білетін, сөз мәнісін салмақтай білетін халық қой, шіркін. Күмбір-күмбір кісінетіп, толқындай тулап, ел мен жердің сөзін жеткізіп айтып отырған әрбір қатысушы үшін залдағы көрермен тақымын қысып отырғанын көрдік.
Бұл жыр додасына еліміздің әр өңірінен халықаралық және республикалық айтыстарда топ жарып жүрген 12 студент қатысты. Олар: Айтбек Тұрсынбаев (Тараз); Айдана Қайсарбекқызы (Алматы); Мөлдір Айтбай (Қызылорда); Аяулым Жұмабекқызы (Алматы); Алтынбек Ибрагимов (Алматы); Ақниет Жұбаныш (Ақтөбе); Айтуған Жетебайов (Қызылорда); Қанат Мырзахан (Алматы); Саягүл Бірлесбек (Семей); Бибігүл Тілебалдинова (Алматы); Нұрлыбек Құрманов (Тараз); Жібек Шахмардан (Қызылорда).
«Бұл айтыс – бұрынғыдан өзгерек» дейді ұйымдастырушылар. Себебі, жас ақындар айтыс өнерінде қалыптасқан, кейінгі жылдары ұмыт бола бастаған бірнеше жанрлық үлгіні қайта жаңғыртты. Сондықтан, 6 жұп сүре айтыс, түре айтыс, жұмбақ айтыс, өтірік өлең айтысы, қыз бен жігіт айтысы және қайым айтыс түрлерінде сөз саптады.
Бұл суырып салма ақындарға баға беретін қазылар алқасында: Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман бастаған айтыстың шайырлары – ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер Серік Қалиев; азулы айтыскер ақын Ринат Зайытов; шымкенттік айтыскер Қалижан Білдәшев; журналист Жарқын Сәленұлы болды.
Ал айтысты осы жолы Жүрсін Ерман емес, айтыскер ақын Шұғайып Сезімхан жүргізді. Салмақты. Сүбелі сөздің қадірін кетірмейтін тізгіндеуші бәрінің көңілінен шықты.
Хош, сонымен, ақындардың бірінші жұбы – Айдана Қайсарбек пен Алтынбек Ибрагимов. Өздеріне бөлінген сүре айтыстың деңгейін түсірмей, ақындық шеберліктерін көрсете білді.
Келесі сахнаға шыққан Қанат Мырзахан мен Мөлдір Айтбай өтірік өлең айтысының керемет үлгісін көрсетті. Расымен, өмір шындығын өзгертіп, қисынсыз түрге тапқырлықпен келтіріп айтты. Төменде Алматылық Қанат ақынның айтысынан үзінді беріп отырмыз:
Қаңтарда гүлдеп тұрған өрікті алшы,
Жалған сөйлеп жарыстық зорыққанша.
Осымен өтірікті аяқтайық,
Ұят қой, біреу-міреу сеніп қалса,
Ерманов пен Байбекке ризамын,
Айтысыма кіргізді көрік қанша.
Мүмкіндікті ешбір қалт жібермейді,
Айтысты өткізетін себеп болса.
Қазағымның айтысын ұмытпады,
Жатса да Универсиада болып қанша.
Бізде айтыс бола ма деп елеңдейміз,
Айтулы бір іс-шара болып қалса.
Ағайын, олай болса, қош аман бол,
EXPO-ның айтысында жолыққанша!
Ал үшінші болып сахна төрінде қайымдасуға шыққан Айтуған Жетебай мен Жібек Шахмардан. Мұндағы қайым айтыс дегеніміз – бір шумақ өлеңмен қайырып отыратын айтыстың бір түрі.
Жібек: Барлық ақын айтысты уайым қыпты,
Көтеретін жігітсің дайын жүкті.
Бірі өліп, бірі қалсын деген шығар,
Біздердің тақырыпты қайым қыпты.
Айтуған: Біздердің тақырыпты қайым қыпты,
Бұл қайым қажет етпейд дайындықты.
Бүгінгі қайым айтыс арқасында,
Табатын сияқтымын қайын жұртты.
Өртеп барад өлеңіңнің өрті мені,
Бойдақ қыз бойдақ ұлдың дерті ме еді?!
Біз екеуміз қосылып кетіп жатсақ,
Жібекжан, осы емес пе ел тілегі?
Жібек: Қыздар да бола білген ел тірегі,
ҚызПУ-лықтар қайымды өлтіреді.
Аяқ асты сөз тауып айта алмасаң,
Аяғыңды аспаннан келтіреді.
Айтуған: Оу, осылай, Айтуғанға өстімексің,
Жырыңды әдемілеп кестелепсің.
Аяғыңды аспаннан келтірем дейд(і),
Астыңа жатқызып ап не істемексің?
Осылайша, залдағы көрерменді қыран-топан күлкіге бөледі.
Төртінші болып сахна төріне шыққан жұп – Нұрлыбек Құрманов пен Саягүл Бірлесбекққызы. Бұл қос айтыскерге жеребе бойынша түре айтыс бұйырған екен. Өздерінің айтыстарын тәмамдар сәтте Саягүл, домбырасының үкісі жоқтығын көріп, Нұрлыбек қарсыласына Үкілі Ыбырайдай сал-серілердің жалғасы бол деп, өзінің қара домбырасының үкісін шешіп, сыйға тартты. Халық сүйсініп, ризашылығын қол соғып жеткізді.
Жұмбақ айтыста сынға түскен бесінші жұп – Аяулым Жұмабекқызы мен Ақниет Жұбаныш. Айтыстардың ерешесі де осы болды. Халық бір айтыскердің сұрағына өзінше жауап іздеп дал болып отырғанда, қарсыластан мүлдем басқа, бірақ көңілге қонымды жауап алғандай болды. Мәселен, Ақниет ғашық 26 жастағы қыз бен сұңғақ бойлы өзін меңзеп отқанда, қарсыласы оған 26 жастағы біздің тәуелсіздік, ал оған ессіз ғашық Елбасы екендігін айтып, қалың көрерменнің қошеметіне бөленгені рас. Бір-бірін қапелімде сыннан өткізіп, тосырқатып отырды. Осындай, сырлы жұмбақтарды елге ұсынып, соны сүбелі сөзбен, қазақтың қара өлеңімен жеткізіп отырған айтыскерлерге сүйсінесің.
Соңғы жұп болып ортаға шыққан Айтбек Тұрсынбаев пен Бибігүл Тілебалдинова қыз бен жігіт айтысын әдемі алып шықты. Бұл айтыс, жалпы қазақ үшін айтыстың ең думанды, қызықты түрі. Бір-бірін қағытпа қалжыңмен, әдемі әзілмен сынап, түйреп отырған қылықты Бибігүл мен намысты Айтбектің әсерлі диалогінің куәсі болдық.
Бүгінгі жыр доданың соңында Жүрсін Ерман айтысты жүргізген Шұғайып Сезімхан ақынға: «Олай-бұлай болып кетсем, мені жоқтатпайтын түрің бар», – деп ризашылығын білдірді. – «Бұлай дейтін себебім, айтыс дейтін – тек қана халықтың көмегімен өміршең болып келе жатқан дәстүрлі өнеріміз. Кемшілік те болмады емес, болды. Жастар сөзін жеткізе алмай қалып жатты кей-кейде. Дегенмен, көңілден шықты. Бұл қыз-жігіттер екі-үш жылдан кейін жұлдыз болатынына сенемін. Қалай десек те, енді айтыстың жүгін осылар көтереді ғой. Алматының бір шетіндегі Алатау деген дәстүрлі өнер театрын тауып, келіп отырған көрермендерге ризамын. Осы доданың өтуіне мұрындық болып, қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімдігіне рахмет. Қатысушыларға бөлген азын-аулақ сыйақылары бар екен. Студенттерге көп беруге боламайды, бұзылып кетеді». Осылай дей келе жеңімпаздарды марапаттады.
Сонымен, бұл сайыстың 3-ші орынына ие болған нәзік те шымыр айтыскер қыздар – Жібек Шахмардан мен Саягүл Бірлесбекқызы. Ал екінші жүлде Айтуған Жетебайға бұйырды. Бірінші орынды Алматылық Аяулым Жұмабекқызы иеленді.
«Өнер алды – қызыл тіл» атты жыр додасының бас жүлдесіне Қанат Мырзахан лайықты деп танылды.
Қалай болғанда да бұл айтыста қазақтың бүкіл мұң зары айтылды. Қалжың қып айтты, өтірік өлеңмен жеткізді, бастысы халық тыңдады, көрді. Іштегі шер жыр болып өрілді. Қызтекелер де, қазақтың қаракөздерінің өзге елдің етегін ұстап баратыны да сөз болды, бір-біріне менсінбей қарайтын қазақтың қырсық мінезін сынады. Көсілді. Айтыс болды. Келген көрерменнің көңілі тоқ, шөлі басылды. Қазақтың арда өнері жасасын! Айтыс бола берсін!
Батыстың қайсар мінезді айтыскер қызы Жансая Мусинаның сөзімен аяқтайтын болсақ,
«Халқым сүйіп тыңдай-тұғын,
Таланттарды шыңдай-тұғын,
Айтыс дейтін, Алаш, мол мұра.
Елдің сөзін айта алатын,
Жердің сөзін айта алатын,
Аман болсын ағаш домбыра!»
фотолар: Автордыкі
«The Qazaq Times»