Шымкентте Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараларға жергілікті бюджеттен қанша қаржы бөлінгені 19 наурыздан бері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенген журналистер мен Қазақстандағы сатып алу саласын зертеуші маман Ғалымжан Оразымбет Шымкентте Наурыз тойлауға бюджеттен 595 млн теңге бөлінгенін жазған. Бұл ақпарат қоғамда шу туғызып, белсенділер Шымкент әкімдігінен бюджеттен бөлінген қаржы есебін сұрай бастады. Ал әкімдік 595 млн жайлы ақпаратты жоққа шығарып, Наурыздағы мерекелік іс-шараларға тек 213 млн теңге бөлінгенін хабарлады. Сонымен кімдікі дұрыс? Зерттеп көрдік.
Наурызға арналған іс-шараларды өткізуге тапсырыс беруші – Шымкент қалалық мәдениет үйі. Оның директоры – МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиев. Мемлекеттік сатып алу порталынан бұл мекеменің Наурызға орай түрлі компаниялармен 7 келісімшарт жасасқанын байқауға болады. Олардың жалпы құны – 595 млн теңге. Барлығы да тікелей бір көзден сатып алу тәсілімен өткен. Демек Майғазиев басқаратын мекеме тапсырысты орындаушы компанияларды конкурссыз таңдап алған.
Енді келісімшарттардың әрқайсына жеке тоқталайық.
Ең біріншісі «Penopro» ЖШС-мен жасалған. Оның құны – 322 миллион 292 мың теңге. 16 наурыз «Шымкент қайырымды қала» – ұлыстың ұлы күні» іс-шарасы үшін жасалған. Сатып алудың техникалық ерекшелігінде оның форматы, ұйымдастыруға керек мамандар мен техникалық жабдықтар, басқа да қажетті дүние жайлы мүлде ақпарат жоқ. Бастапқыда дәл осы сатып алудың техникалық ерекшелігінде орындалу мерзімі ретінде наурыз айы көрсетілген әрі порталдағы атауында Наурыз мерекесіне орай деп анық жазылып тұрды.
Алайда Наурызға 595 млн теңге бөлінгені жайлы ақпарат тарап, қоғамдық резонансқа айналғаннан кейін, 26 наурыз күні осы сатып алу бойынша қосымша шарт жасалып, техникалық ерекшелігінде өзгеріс пайда болды. Тапсырыс беруші мекеме, яғни Шымкент қалалық мәдениет үйі қызметтің орындалу мерзімі ретінде наурыз-қазан айларын көрсетіп делайнды түзетті. Бірақ осы уақыт аралығында нақты қандай шаралар өтуі керек екені тағы берілмеді. Ал мәдениет үйінің порталдағы жылдық жоспарында бұл сатып алудың орындалу мерзімі ретінде тек наурыз айы көрсетілген. Бұл – мекеменің осы шараны наурызда өткізуді жоспарлағанының бірден-бір дәлелі. Өйткені кез келген сатып алу алдымен жылдық жоспарға енгізіледі, келісім шарт соған сай жасалады.
Екінші келісім шарт «Bala дауысы, Super Live, Жұлдызай» іс-шарасына арналған. Бағасы – 80 млн теңге. Тапсырысты орындаушы – «ZHAN ALEMI GROUP» ЖШС. Оның басшысы – Ярышев Александр Александрович деген азамат. Компания астанада тіркелген. Мемлекеттік сатып алу порталында барлығы 2 келісімшарт жасаған әрі екеуі де осы мекемемен.
Соңғы келісім шартқа 16 наурызда қол қойылған. Ал 19 наурызда «Bala дауысы, Super Live, Жұлдызай» деген атауда іс-шара өткен. Ол жайлы Шымкент қалалық мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі парақшасында хабарланды. Бұған қоса, сол парақшадағы тағы бір мәлімет бойынша, 22 наурыз күні де Super Live деп аталған жас орындаушылардың концерті өткен.
Жалпы порталдағы бұл келісімшарттың техникалық ерешелегінде сатып алудың өткізілу, орындалу мерзімі наурыз айы еді. Алайда 26 наурызда қосымша шарт жасалынып, өткізу мерзімі өзгертілді. Соңғы өзгеріске сай, сатып алудың өткізу мерзімі наурыз бен маусым айлары ретінде көрсетілді. Алайда қосымша шарт жасалған кезде бұл іс-шара өтіп қойған еді. Бұған қоса, қызметтің орындалу мерзімі белсінділер мен журналистер әкімдіктен Наурызға кеткен нақты шығынның есебін сұрап жатқанда өзгергенін айта кету керек.
Наурызға орай жасалған тағы бір келісімшарт «Open Art gallery» – «Айқап» журналының құрылғанына 110 жыл» деп аталатын іс-шара. Бағасы – 50 млн теңге. Келісімшартқа 18 наурыз күні қол қойылған. Тапсырысты орындаушы ретінде – ЖК «Prima Gololobova» таңдалған. Бұл сатып алудың техникалық ерекшелігінде де іс-шараның толық сипаттамасы көрсетілмеген. Мемлекеттік сатып алу порталында бастапқыда өткізу, орындалу мерзімі ретінде наурыз айы белгіленген еді. Кейіннен, 26 наурызда бұл сатып алу бойынша да қосымша шарт жасалып, өткізу мерзімі наурыз-маусым айларының аралығы деп ауыстырылған.
Осы сатып алуға қатысыты тағы бір дерек таптық. 17 наурыз күні Шымкент қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен жиынында Наурызға орай өтетін шаралардың бюджеті талқыланған. Сол кезде мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов «Айқап» журналының мерейтойына арналған шара бюжеті 30 млн екенін әрі бұл сома тым көптігін сөз еткен.
Мәслихат хатшысы «Айқап» журналына арналған шара үшін 30 млн қаражатты көп көрсе де, бұл шара үшін 50 млн көлемінде келісімшарт жасалды.
Шымкент қалалық мәдениет үйі Наурызға орай жасасқан қалған 4 келісімшарт порталда өзгеріссіз тұр. Яғни аталған келісім-шарттардың техникалық ерекшелігіне сай, қызметтің орындалу мерзімі – наурыз айы.
Сонымен ол қандай келісім шарттар? Жеке-жеке тоқталайық.
Біреуі «Дәстүрлі ән мен жырлар – Дина Нұрпейісова іс-шарасы қызметіне» деп аталады. Келісімшарт бағасы – 50 млн теңге. Тапсырысты орындаушы – ЖК «Дехгани Soloist». Алматы қаласында тіркелген, басшысы – Дехгани Эльмира Исахановна. Осы мекемемен бұрын да келісімшарт жасасқан. Ол кезде «ТМД мәдени астанасы» шарасының жабылу салтанатында тікелей эфир ұйымдастыру қызметін көрсеткен. Ал биылғы Наурыз мерекесіндегі атқаратын қызметін техникалық ерекшеліктен анықтау мүмкін емес. Бір анығы, қызмет наурыз айында орындалуға тиіс. Бұл туралы техникалық ерекшелікте де, мәдениет үйінің жылдық жоспарында да анық көрсетілген.
Келесі сатып алу «Наурыз мерекесіне орай, Шымкент қаласының мәдени нысандарын әлеуметтік желілерде тарату іс-шарасы қызметіне» деп аталады. Бұл бойынша «Impresario Media Group» ЖШС-мен 22 млн 980 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Тапсырысты орындаушы компания Шымкент қаласында тіркелген. Басшысы – Асқарова Диана Ардаққызы. Мемлекеттік сатып алу порталына 10 наурызда тіркелген, яғни осы келісімшартқа қол қоярдан 9 күн бұрын ғана. Келісімшарттың техникалық ерекшелігінен компанияға қандай қызметті атқару тапсырылғаны жазылмаған. Белгілісі сол – тапсырылған қызмет наурыз айында орындалуға тиіс.
Шымкент қалалық мәдениет үйі Наурыз мерекесіне орай тапсырыс берген тағы бір іс-шара – ақындар айтысы. Мекеме ол үшін «Quraq Group» деген жиһаз жасайтын компаниямен келісімшартқа отырған. Бағасы – 40 млн теңге. Бұл сатып алудың порталдағы техникалық ерекшелігінде өткізілетін шара ретінде тек айтыс көрсетілген. Ал наурызға бөлінген қаржының есебі сұралып, қоғамда шу туған сәтте Сәкен Майғазиев 40 млн теңге тек айтысқа жұмсалмағанын және іс-шараны өткізген жиһаз компаниясының айтыс өткізуге де қабілеті бар екенін алға тартты. Оның сөзінше, 40 миллионның бір бөлігі әдеби шығармалар байқауына жұмсалған. Майғазиевтің сөзі қаншалықты рас, бұны да тексеріп көрдік.
Айтыс мәдениет үйінің жылдық жоспарында бар іс-шара. Бағасы да 40 млн. Бірақ 40 миллионға тек айтыс өткізу үшін жоспарланған және келісімшарт та тек айтыс үшін жасалған.
Тағы бір дерек: 17 наурыз күні Шымкент қалалық мәслихатының бірлескен жиынында дәл осы айтыс бюджеті талқыланған. Мәслихат депутаттарының бірі Шымкент мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есеновадан айтысқа не себепті 40 млн теңге бөлінгенін сұрайды.
Видеода да тек айтыс туралы айтылған, әдеби шығармалар байқауы жайлы бір ауыз сөз жоқ. Бұған қоса, Ханзада Есенова өз есебінде «Бас жүлде – 2 млн, бірінші орын – 2 адамға 1,5 миллионнан, екінші орын – 2 адамға 1 милионнан, үшінші орын – 2 адамға 500 мыңнан, қалған 8 қатысушының әрқайсына 250 мың теңгеден беріледі» деді. Ал 20 наурыз күні аяқталған айтыстың жүлдесі Есенова айтқандай болған жоқ. Мәселен, бірінші орын тек 1 ақынға берілді. Оны жеңіп алған Бауыржан Ширмеденұлына 1,5 миллионның емес, 1 млн сертифакаты табысталды. Ал екінші орынға іліккен екі ақынға 1 миллионнан емес, 500 мыңнан берілді. Үшінші орынды 2 емес, 3 ақын иеленді. Алайда Ханзада Есенова айтқандай, әрқайсы 500 мыңнан емес, 300 мыңнан алды. Қатысушыларға қандай жүлде бергені белгісіз.
Айтысты жиһаз жасайтын компания өткізгені де қоғамды толғандырды. Ал Сәкен Майғазиев ол компанияның мерекелік шара өткізуге де рұқсаты бар екенін жеткізді. Сонымен 40 млн теңге айтыс өткізген «Quraq Group» қандай компания? Басшысы – 27 жастағы Сағынтаев Бақдәулет Батырханұлы есімді азамат. Компания 9 ай бұрын құрылған. Шымкент қаласында тіркелген. 19 наурыз күні статистика комитетінің сайтында жиһаз жасаумен айналысады деп тұрды. Ал кейін айтыс жайлы шу басталған соң, контрагенттер сервисі uchet.kz сайтында компанияның түрлі іс-шара өткізуге лицензиясы бар екені көрсетілген. Жалпы бұл компания мемлекеттік сатып алу порталына айтыс өткізу туралы келісімшартқа қол қоярдан 11 күн бұрын ғана тіркелген.
Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға орай жасаған ең соңғы келісім шарты – МузАрт тобының концерті. Оған бюджеттен 30 млн теңге бөлінген. Бұл сатып алу бойынша 20 наурыз күні «Сапфир Медиа» компаниясымен келісім шарт жасалған. Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі парақшасынан концерттің 21-22 наурыз күндері өткенін байқауға болады. Парақшадағы ақпаратқа сенсек, концерт ақылы өткен.
Сәкен Майғазиевтың өзі басқаратын мекеме арқылы өзі ән айтатын топтың концертіне не себепті ақша бөлгені түсініксіз. Бір анығы, Майғазиевке осы қызметке тағайындалардың алдында МузАрт тобының концертін өткізіп беруге уәде берілген. Бұл жайлы әншінің өзі TalimTV ютуб арнасына берген сұхбатында ашық айтады.
(17-минут 16-секунд)
Сонымен Шымкент әкімдігі Наурызға қанша қаржы бөлді? Бізде үш нұсқа бар.
Біріншісі – қала бюджетін нақтылау үшін 17 наурыз күні өткен мәслихаттың бірлескен жиынында айтылған 572 млн теңге. Сол жиында мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенова депутаттарға берген есебінде іс-шаралар үшін 572 млн теңге сұрайды және олардың бәрі Наурызға орай ұйымдастырылатын 6 іс-шара екенін тілге тиек етеді. Бірақ Есенованың есебінде МузАрт тобының концерті жайлы айтылмады.
Екінші нұсқа Шымкент қаласы әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованың 25 наурыз күні брифингте келтірген дерегі. Олардың сөзінше, Наурызға 213 млн теңге қаралған және мереке аясында 103 іс-шара өткен. Бірден айтайық, 103 іс-шара деген – манипулацияға жақындау ақпарат. Иә, мәдениет басқармасының инстаграмдағы парақшасынан 10 күн ішінде 100-ге тарта шара өткенін байқауға болады. Алайда оның көбі бюджеттен арнайы ақша бөліп өткізетін шара емес және оның барлығын Сәкен Майғазиев басқаратын мәдениет үйі ұйымдастырмаған. Ал мәселені зерттегендер дәл Майғазиев басқаратын мәдениет үйі жасаған 595 миллион теңгелік жеті келісім шарт жайлы жазған. Және келісім-шарттың бәрінде қызметтің орындалу мерзімі наурыз айында деп тұрғанын алға тартқан.
Келісімшарттарға қол қойған Сәкен Майғазиев наурызға деп бөлінген қаражаттың бәрі әкімдік пен мәслихаттың мақұлдауымен болды деп отыр. Алайда бұл ақпарат та манипулацияға жақындау. Өйткені наурызға бөлінетін қаражат мәслихатта 17 наурыз күні талқыланды. Ал ол кезде үш келісімшарт күшіне еніп қойған еді.
Соңғы әрі құжатқа негізделген нұсқа – ашық дереккөздегі ресми ақпарат. Мемлекеттік сатып алу порталындағы Шымкент қалалық мәдениет үйінің жылдық жоспары әрі жасасқан келісімшарттары.
Порталдағы дерекке қарағанда, мәдениет үйі 2021 жылы 751 миллиоға 101 сатып алу жоспарлап отыр. Оның 735 миллионы жыл бойы өтетін іс-шараларға арналғанын көруге болады. Ал қалған қаржы мекеменің өзге шығындарына қарастырылған.
Іс-шаралардың жетеуінде Наурыз мерекесіне орай деп анық жазылып тұр. Олардың бесеуінің орындалу мерзімі ретінде наурыз айы көрсетілсе, қалған екеуінде сатып алудың өткізілу мерзімі наурыз айы деп, ал орындалу мерзімі наурыз-маусым айлары деп көрсетілген. Ал осы жоспарланған сатып алулар бойынша жасалған келісімшарттарға келсек, олардың жетеуінің де техникалық ерекшелігіндегі шара атауы Наурыз мерекесіне орай деп толтырылған. Бастапқыда барлығында орындалу мерзімі наурыз айы деп көрсетілді. Ал 26 наурызда үш келісімшарттың техникалық ерекшелігі өзгеріске ұшырады. Баса айта кететін жайт – Шымкент қалалық мәдениет үйі үш келісімшарттың техникалық ерекшелігін өзгертіп, қосымша шарт жасаған кезде «Наурыз Шымкенттен басталады» деген мегажобаның біткеніне екі күн болып қойған еді.