Қаңтардағы қармен әңгіме

 

Тәкаппарсың.

Сұп-суықсың.

Әппақсың...

Әппақ болып аяқ асты жатпақсың.

Жерде жатып,

Көктен түскен қалпыңмен

Асқақ, әппақ болмысыңды сақтапсың...

 

Қаңтар – тәнің, аяз – жаның, әппағым...

Сені іздеп жүр күміс тоғай бақта кім?!

Күміс күйме сыңғырына елітіп,

Мен де іздегем әлдекімді... таппадым.

 

Ақ бораны сенделеді Арқаның...

Өзіңе де, өзіме де бар таңым.

Қаңтар бізді тастап кетер жұртына,

Сонда оны сүйемісің,

Қар-Ханым?!.

 

 

«Пирамида мәтіндеріне» қосымша...

 

Аптап ыстық қариды кеп қыш-тәнін

«Осы ма – деп – шыққан сенің Ұшпағың?»

Пирамида...

перғауындар мұратын

Қанша ғасыр құпия етіп ұстадың...

 

Жатыр мұнда, айта алсаң айт, кім жатыр?!

Кіл бекзада осында ма, кіл батыр?!

Мәңгі өлместей масайраған пенделер

Тас-табытқа тұтқын болып тынды ақыр...

 

Фәни – жалған екендігін растап,

«Pura-midos»[1] әлі күнге тұр асқақ.

Тән – табытта... Рух қайда? Жұмбақ бұл,

Ақиқатты ақырында кім ашпақ?!

 

Көне Мысыр...

Сусыған құм...

Көкшіл Ніл,

Көкшіл Нілге  тұңғиық көк кеп сүңгір.

Ақырғы күн... айқара ашып қақпасын

Пирамида... бір күрсінер,

Өксір бір..

 

 

Киік қаз жолы[2]

 

«Суда юынып алдым,

Өстем коры калды,

Күк катына менгәндә

Канатларым талды...»

 

                                                       Киік қаз әні.

                                                      Татар халық аңызынан...

 

Киік қаздар,

Талды ма қанаттарың?

Ұштыңдар ма Күн көзін жанап бәрің?!

Санамдағы сағыныш сартап болған –

Көк жүзіне телміртіп қаратқан үн...

 

Көл бетінде із қалды шимайланып...

Айдыныңды өзгеге қимай, налып,

Назырқанып ұштың ба текті құсым

Жапандағы қараша үйді айналып?!.

 

Көне Ұрымнан[3] жеткен-ді көмескі үнің,

Қаңқылыңды сол күнгі мен естідім...

Сен білгенсің әзелден адамдардың

Бір-біріне қимас дос еместігін.

 

Жолың жатыр көк төсін қақ айырып,

Бүркей алмас жарығын жабайы бұлт.

Айға қарай қаңқылдап сен ұшқанда

Көк бөрі де мұң шаққан талай ұлып:

 

«Суың қалды, киік қаз, мен де қалдым,

Ілесе алмай сазына сендегі әннің.

Қауырсыннан үздің де тамшы-ғұмыр

Мендік көкжал-әлемді шерге малдың...

 

Күміс жиек жолың бар айдан анық,

Аспандайсың қуатты қайдан алып?!

Жеті қат көк талдырар қанатыңды,

Тұрақтайсың, айта кет, қайда барып?»

 

...Басы қайда керуен-көшіміздің?!

Бағзы аңыздың желісін несін үздің?!

Киік қаздың жолына көзіңді сал –

Түбі түсер жолымыз осы біздің...

.

 

Ніл-дария және Лотос

 

Алқызыл гүл,

Көгілдір гүл,

Аппақ гүл...

Оған қолын жеткізе алмас аптап қыр.

Ніл-дария толқынында толықсып,

Үлбірейді құпиясын сақтап бір...

 

Күн пішіндес бір ғана гүл әр түсті,

Алқызылы – таңғы араймен шарпысты,

Көгілдірі – аспан гүлі, мысалы,

Рух кейпі – ақ лотос, қар түсті...

 

Лотос гүлі...

Мысыр ғашық, Ніл ғашық,

Ніл менен Гүл жұп жазбайды сырласып.

Ай туғанда ұйқы қымтап қауызын,

Шырайланар шын болмысын Күнге ашып...

 

Ніл үстінде жүзер кешке Күн күрең,

Не айтады оған құм-жағалау мүлгіген...

Гүл ұмтылар Күнге қарай...тамыры

Жібермейді...

су түбіне сүңгіген...

 

 

Ғажайып мекен

 

Ғаламда бар бір арал... бәрі іздеген,

Біреулер шын, біреулер аңыз деген.

Үмітке еріп кезеді дүниені

Байғұс пенде... күдерін әлі үзбеген.

 

Ғаламдағы бұл арал – ғажап арал,

Жете алмастан жер қауып, аза қалар.

Мөлдір ауа жаныңды жуындырып,

Кіршік қалмай болмысың тазаланар.

 

Сол аралды табармыз біріміз кеп,

Ұлы Ақиқат осында, біліңіз деп,

Біреу шықты өлместің суын іздеп,

Біреу шықты Мәңгілік Гүлін іздеп.

 

Жерұйық па ол іздеген Асан бабам,

Эльдорадо... әлі ешкім аша алмаған?!

Эдем, бәлкім, сол арал, кім біледі,

Құпиясын түбі бір ашар ма адам?!

 

Сыр алдырмай сақ тұрар сағым-ғалам,

Сырғып өтер сәттерді ол сағынбаған.

Күллі өмірден сытылып кеткен уақыт

Сол бір ғажап мекенде дамылдаған...

 

Ғажап арал! Мәңгілік өлшемі едің,

Періште боп пенделер келсе дедің.

Тұманыңнан айығып бір-ақ сәтте

Қарсы аласың бір күні... мен сенемін!

 

 

Сакура[4] гүлдегенде

 

Ханамиде[5],

Сакура гүлдегенде,

Шие ағашын мадақта,

Күнде кел де,

Жүрегіңе жеткендей бейіш лебі,

Фудзи[6] жақтан жел демі үрлегенде.

 

Әппақ гүлі ағаштың – ерекше гүл,

Күлкі сыйлар аралға бөлекше бір,

Сайгё[7]  танка[8] арнаған,

Басё– хайку,

«Сакураны саялап, – деп, – өтсе өмір...»

 

Фудзи тауын бөктерлеп жүрер тірлік,

Ұмытарсың мұңыңды бірер күндік.

Қырғауылдар[9] қиырдан сәлем жолдап,

Беріледі тылсымнан бір еркіндік!!!

 

Көктем келді –

Жыл келді, гүлденді аймақ,

Жадырайды жабырқап жүрген бейбақ.

Сарқырама биіктен түседі ыршып,

Ақ күлтемен қауышар күндерді ойлап...

 

Күншығыста – сакура гүл жарғанда,

Қол жеткендей болады күллі арманға.

Сакэ[10] ішеді самурай шөлін басып,

Асқақ қарап,

Өткінші бұл жалғанға...

 

 

Арғанаты

 

Сағынышты сазға орап бүгінгі әнді,

Баурайыңда балдырған күнім қалды.

Мөлдір бастау мөлтілдеп жатыр ма әлі,

Тұнығына жасырған сырым бар-ды...

 

Бөктеріңнен мен терген шұғынық гүл,

Жүрегімнің түбінде үгіліп тұр.

Төркіндеген самал жел, бұл жотаға

Жаутаңдаған жанымның мұңын ұқтыр.

 

Үркек елік секілді үркек күнім...

Төсіңе кеп сезгенмін бұлт екпінін.

Арғанаты, өзіңнен көктеп шыққан

Мен-дағы сол шұғынық-гүл тектімін.

 

Ауаң қандай жұпар-ды гүл түнеген!

Бұлтың сырғып өтетін бүркіп өлең.

Амалым жоқ, түсіп ап қасқа жолға

Ғұмыр-желдің кеткенмін ырқыменен.

 

Түнді жарып жететін айға демің,

Кірбіңі жоқ шақтардың айғағы едің.

Түсімде де сұраймын өңімде де,

Арғанатым, он алтым қайда менің?!

 

 

* * *

 

Уа, кердең бұлт, кердең бұлт,

Терістіктен келген бұлт!

Көктім-Аймақ атасы

Қобыландыға еншіге атап берген бұлт!

 

Бұл еншісі көк аспанда қалды ұмыт,

Жо-жоқ, оны бізге аманат қалдырып,

Көшті дәуір, көше берді ол дағы

Аш өзегін талдырып.

 

Қай қиырға жөңкілдің?!

Желден үркіп, көкке қарай серпілдің,

Сен көшетін кеңістіктің кеңдігін

Жанарыма сыйдырып ап мен тұрмын...

 

Аптап күнде жанға сая бұлт едің,

Сөйте тұрып айдың бетін бүркедің...

Көк пен Жерге тағдырымыз тәуелді

Өзіңменен бір тегім...

 

Уа, ала бұлт, ала бұлт!

Біздің жаққа бір бұрылып қара, бұлт!

Жолымыз бен жөніміз бір дейік те

Біраз жерге сапарлас боп баралық!

 

Айтар сөзім бар әлі,

Неге сенің көзіңнен жас тамады?

...Қақ айырып кеуде деген қапасты

Өзің болып өлең көшіп барады.

 

 

Тарбағатай. Бүрмедегі обалар

 

Қазына боп келеді қай ғасырдан?!

Құпиясы күбірмен Айға ашылған.

Ала қашса жел келіп түп жусанын

Жол-жөнекей ұстап қап, сай жасырған.
Мына қырат – бір пұшпақ қиырдағы,

Мына обалар – бағына бұйырғаны.

Бағзы күннен бір хабар алардай ой

Тауды, қырды қиялмен шиырлады.
Жүйткіп өтер сәттерге Күн алданды,

Күн алдады жарыққа құмар жанды.

Әуелгіде... осы тұс Патшалық боп,

Ақырында... оба боп мұнарланды.
Жатқан болар жай тауып әз ұланы,

Жүйріктері жарысқан жазығы әні!

Рух дерсің, шежіре – тарих дерсің

Обаларға көмілген қазынаны...

 

 

Аид патшалығындағы әпсана

 

Асфодел* өсетін мұңдана

Ол жаққа бармайды Күн ғана,

Көлеңке сырғиды үн-түнсіз

Ақыл мен жадынан мүлде ада.

 

Асфодел...

Қан-сөлсіз желегі,

Көлеңке көлбеп кеп төнеді.

Бір кезгі ахейлік қаһарман

Бұл гүлге күбірлеп не деді?!

 

Құрдымның суы ағар шымырлап,

Жарықты әкеткен кім ұрлап?!

Санада жалт еткен бір елес

Түнектің түбіне тығылмақ...

 

Не деді Көлеңке?!

Жұмбақ бұл,

Желегі боз гүлдің құрғап тұр.

Жарықсыз, жылусыз мекенде

Жұмбақты жасырған ұрлап бір...

 

Бақилық сұлбамен мұңы бір –

Тамұқтың сұп-суық гүлі бұл!

...Ахейдің жадында жаңғырып

Қаһарман арудың** үні жүр.

 

(Қас сұлу...

Қас батыр...

Қан майдан...

Батырға сес қылған қандай жан?!

Жүрекке найза кеп кіргенде

Бұл жалған кетті аунап маңдайдан...

 

Троя түбі еді... Кешқұрым.

Күп-күрең күймемен көшті күн.

Сыңғырлап «қош» деген нәзік үн,

Төгіліп түскен-ді қос бұрым...

 

Өлтіріп алғандай арманды,

Қас батыр есінен танған-ды...

Найзасын қақ бөліп...

Жер құшып,

Алғаш... һәм соңғы рет зарланды...)

 

...Күн түспес сұрықсыз бұл әлем,

Асфодел қалтырап тұр әрең.

Желегін аялар Көлеңке

Дегендей

«Алдыңда күнәлі ем».

 

Гүл менен Көлеңке – бетпе-бет...

Болмайды енді айқас... жекпе-жек.

Құрдымның суына кетті ағып,

Бейкүнә бір сезім... өкпелеп.

 

***

Өмірзая –

бір-ақ сәтке жалт етер,

Ай қалады арманын да айта алмай.

Аспандағы жұлдызға да бар қатер,

Сөніп кетер өкініші байқалмай...

 

Айтары көп алқаракөк түнгі әлем,

Жанарыма кіріп кетті еріксіз.

Аспан жақтан жұлдыз іздеп тұрған ем –

Алаң көңіл етпеңізші келіп Сіз...

 

Өмірзая...

Тағдырымыз бір біздің,

Айырмамыз:

Сен – көктесің,

Мен – жерде.

Жанып-сөнер сәтін аңдып жұлдыздың,

Аңсары ауған жердегі өмір шерменде...

 

 

[1] Pura- от, жарық; midos – орта, ішкі деген мағынаны білдіреді.

[2] «Жабайы қаз». Құс жолын түркі халықтары, оның ішінде татарлар «Киік қаз жолы» деп атайды.

[3] Римді жаудан құтқарған қаздар жайлы миф бар

[4] Жапондар танымындағы киелі ағаш

[5] Шие ағашының (сакураның) гүлдейтін уақыты

[6] Жапониядағы киелі тау

[7] Сайгё, Басё – жапон ақындары

[8] Танка, хайку – жапон өлеңінің түрлері

[9]  Жапондықтар үшін қырғауыл – ата-ана рухын кейіптейтін құс

[10] Сакура мерекесінде шие ағашының саясында ішетін сусын

* Грек мифінде Аид  патшалығында өсетін жабайы гүл

** Амазонка

"The Qazaq Times"