Болашақтағы балалар санасында Аяз ата ұмыт болмақ
Қазақстанда, әсіресе қазақ халқы арасында Аяз ата туралы екіжарды көзқарас бар. Біреулер жат мәдениеттің қаңсығы көрсе, біреу таңсық көреді. Әр реткі жаңа жылды қарсы алу кешінде балаларына «Аяз ата» арқылы тартулар ұсынып, Аяз ата балалардың тілегін орындайды дегенге балаларын да, өзін де сендіріп әуре болып жататындар да бар.
Жаратқанның ықылас-шарапатын әкелетін Қыдыр (Қызыр) ата сынды образы кейіпкері бар халықтың санасына «Аяз ата» жарылқаушы бола қалғаны да көп болған жоқ. Жаттың қағынды-соғынды әдеттерімен дәстүрдің бұлғанып кетуін қаламайтын жандар үшін, әр реткі жаңа жылды қарсы алу түніндегі қызыл киімді ақсақал көңілін бір ауыртпай қоймас еді.
Алайда, осы Аяз ата ертегісі шыққан Батыс жұртының өзінде, қазір, «болашақта балалар Аяз атаны ұмытып кетеді» деген сөз айтылып жүр. Себебі, қазір Батыс балалары мерекелік сыйлығына қол жеткізу үшін, жаңа жыл, роджество сынды мерекелермен Аяз атаны күтіп отырмайды. Олар, бар болғаны, ата-анасының көзінен таса болысымен ұялы телефондардағы интернет-дүкеннен тапсырыс бере салса жеткілікті. Бұл үдеріс жылдар өте келе балалар санасынан Аяз атаны ұмыттырып, ақ сақалды «жарылқаушыны» «жұмыссыз» қалдырмақ.
Оның үстіне, бүгінгі балалардың психологиясы мүлде басқа, Аяз ата туралы ертегіге сенбейді. Қазіргі кезде Аят ата келгенде балалардың айтып жүрген тақпақтарында да «қызыл шапанды қартқа» деген құрметтің азайғанын байқауға болады.
Аяз ата қандайсың,
Тоқсандағы шалдайсың.
Өтрік сақал тағып ап,
Неге бізді алдайсың?! – деген сынды тақпақтар балалар санасында Аяз ата образының мейлінше өшкінделіп бара жатқанын айғақтайды.
Зұлһар Абай
"The Qazaq Times"