Қазақстан мен әлем үшін міне, жаңа бір тарихи жылдың парағы ашылғалы тұр. Жаңа 2020 жыл басталып, 2019 жыл тарих қойнауына кетпек. "Қаракиік" жылы әлем үшін де, еліміз үшін де әр қилы оқиғалар мен саяси сахнадағы өзгерістерге  толы болғаны рас. Еліміз тарихында екінші президент болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Үкіметте біраз ауыс-түйістер болды. Әр аймақта наразылық шерулері де өтті.
Сайтымыздың еліміздегі санаулы ғана тәуелсіз БАҚ қатарында  қосылып, өз оқырманына барынша адал қызмет көрсетуге тырысып қызмет атқарғанына жақында ғана үш жыл толды. Осы уақыт ішінде азаматтық қоғамның қалыптасуына, тәуелсіз журналистиканың нығаюына күш-жігерімізді салып келеміз. Әсіресе, қазақ тілді ақпарат кеңістігінде кенжелеп қалған халықаралық тақырыптарды, онда да әлемге, халықаралық қатынастарға, әлемдік саяси, экономикалық өзгерістерге қазақ көзімен қарауға тырыстық.
Қазақстан секілді кешегі посткеңестік, бүгінгі бүйірден қысып тұрған бюрократияның сейіле қоймаған қоғамында азаматтық қоғамға қызмет көрсету мен тәуелсіз журналистиканы дамыту үшін де ең әуелі соған қызмет ететіндермен бірге ұлттық буржуазия қалыптасуы ең маңызды. Соның бүгінгі көрнісі ретінде үш  жылдан бері порталымызды ешкімнің қолына қаратпай, ешкімнің тапсырмасын орындауға мәжбүр етпей, қаржылық һәм өзге де қажеттіліктерге қолдау көрсетіп келе жатқан  "Ер Жәнібек" халықаралық қоғамдық қорына, сол қордың президенті белгілі мессанат Жеңіс Түркия мырзаға мерекеге орай айрықша алғыс айтамыз!
"Ескі жылды есірке, жаңа жылда жарылқа", жаңа 2020 жыл жақсылықтарға, жеңісті де жемісті күндерге толы болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ, қызметте мол табыс тілейміз! Барлық салада, саясат сахнасында Қазақстан іргелі жетістіктерге жете бергей! Жаңа жыл жақсы күндер мен жаңа мүмкіндіктер сыйласын! Сайыт оқырмандары мен барша қазақстандықтарды, әлем халқын жаңа жылымен құттықтаймыз!