Дабыралы оқиғаларына қиыншылығы қатар келген, заңдылығына сай қуанышы да, жұбанышы да қатар жүрген 2021 жылды тарихтың еншісіне ұзатып салғалы тұрмыз. Өткелі тұрған жылда әлемде және елімізде елеулі оқиғалар, түрлі өзгерістер аз болған жоқ. Уақыттың тынымсыз дөңгелегі оның бәрін "ӨТКЕН"-ге айналдырды. Енді міне, алдымызда үміт артқан тағы бір жыл келе жатыр!
Қазақтың ескі сөзінде "ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа" деп жатады. Ол да болса ескі жылға өкпе артпайтын, жаңа жылға сын тақпайтын халық дүниетанымының сөзге айналған формасы болса керек. Жалпы жаһандық болмыстан алып қарағанда, соңғы бірнеше жылда әлемдік экономикалық даму тұралап, пандемия қырсығы шырмап, көптеген елдерде әлеуметтік және саяси дағдарыстар болғаны белгілі. Бір қарағанда әлем түпсіз шыңырауға бет алғандай көрінгенімен, шын мәнісінде адамзат қоғамы мұндай сын-сынақтан бұған дейін де талай рет өткен, алдада талай сынға дөп келері сөзссіз. Саналы тіршілік болашағын қалай елестетеді, қазіргі сындарлы кезең соған байланыстыдай. Әр жаңа жылға ізгі үмітпен қарайтынымыз секілді, болашаққа да жарқын үмітпен көз тастаймыз.
Осыған орай, барша отандастарымызды, алыс-жуық шетелдегі қандастарымызды, барша адамзат баласын келе жатқан жаңа жылымен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жыл жақсылығымен, игілігімен, қайырымен келсін! Әлемде болып жатқан қиыншылықтар, қайшылықтар, дағдарыстар соғыссыз, бейбіт шешімін тауып, баршамыздың ортақ әлеміміз гүлдене берсін! Жаратушы сын сағаттарда адамзат баласының жүрегіндегі ізгілік, мейірім, махаббат сезімдерін ала көрмесін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Барыс жыл бақыт әкелсін!