2014 жылғы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда көкөніс пен жеміс-жидектің импорты 30%-ға артқан. Яғни, елімізде азық-түліктің мұндай түрі экспортталғанмен, импортқа да тәуелді екенімізді ескеруіміз керек. Мұның себебі - жыл бойы көкөніс пен жеміс-жидекті өсіруге арналған жылыжайлардың аздығы.

Ресми статистикаға көз жүгіртейік. Мысалы биыл қаңтар-ақпан айында Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен (әсіресе Ресей мен Беларусь)  201,1 мың долларға 1,514 тонна картоп, 14,6  долларға 3,9 тонна қызанақ, 4,2 млн долларға 11,2 мың тонна пияз импортталған. Ал өткен жылдың осы айларында импортталған картоптың құны 1,3 мың долларды, қызанақтың бағасы 1,1 мың долларды құрады.

Ал жалпы 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айында елімізге 254,7 мың долларды құрайтын 806,4 тонна картоп әкелінсе, 1,692,4 мың долларға 968,9 тонна пияз, 33 мың долларға 32,1 тонна қызанақ келінген.

Бұл жай ғана статистика. Елімізде жыл сайын жылыжайлар мен көкөніс және жеміс егетін жерлер көбейгенімен, импорт көлемі азаяр емес.  Қарап отырсаңыз оның шығыны да бар. Ал сол шығындарды жинап "неге тағы жылыжайлар санын көбейтпейміз?" деген сұрақ туындайды. Себебін анықтап көрдік.

Қазақстан жылыжайлар қауымдастығының төрағасы Қанат Қошманның сөзінше, қазір Қазақстанда шамамен 1356 гектар жылыжай бар. Ал Үкімет құлпынай секілді жидектерді өсіруге арналған жылыжайларға көп мән бермейді. Себебі халықтың тұтынушылық қабілетіне сай қияр, қызанақ сияқты көктаттармен қамтамасыз ететіндерге қаражат бөліп, соларға жылыжай салу жоспарланған.

"1356 гектардың 1100 гектары үлдірден жасалған. Олар тек оңтүстік өңірлерде ғана бар. Себебі үлдірден жасалған жылыжайларда ерте көктем мен күз кезінде ғана жеміс-жидек, көкөніс өндіріледі. Бізде қандай да болмасын жылыжайды салғанда оны Қазақстанның климаттық жағдайымен байланыстырамыз. Өйткені, оңтүстік батыс, шығыс, солтістік өңірлерде климатәртүрлі. Сондықтан тиімді ауа райы тек оңтүстікте болғандықтан, жылыжайлардың көпшілігі сол өңірлерде орналасқан", - дейді Қанат Қошман.

Қауымдастық өкілінің сөзіне сенсек,  алдағы уақыттан бастап   мауысымаралықта, яғни қараша мен мамыр аралығында да халыққа қажетті отандық көкөністерді толыққанды жеткізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде осы мақсатты орындау үшін жылыжайлардың қалған 256 гектары кәсіби деңгейдегі гидропоникалық технология бойынша салынған. Бұлар кәсібилігі жоғары технология, биіктігі 6-7 метрге жететін жылыжайлар­. Мұның тиімділігі – қыс­қа төтеп беретіндігі. Бұл қыс мезгілінде де өнім көбірек болады деген сөз.

Осыған байланысты  «ҚазАгро» Ұлттық холдингінен жабық гидропоникалық технологиямен қамтамасыз етілген жылыжайларды салу үшін 46,5 млрд теңге бөлінген. Қазіргі кезде осы сомаға 147 гектар жерге жылыжай салыныпты. Бұдан бөлек жеке қаражаты бар, сырттан келген инвестиция бар, соларды есептегенде 256 гектар жылыжай салынған екен.

Дегенмен, бұл өзіміздің ішкі нарықты қамтамасыз ете аламыз деген сөз емес. Себебі бізде қараша-мамыр айларында халықтың көкөніске деген сұранысы 135 мың тонна болса, біз соның 65 мың тоннасын немесе 60%-ын ғана қамтамасыз ете алады екенбіз.

Сондай-ақ, Қанат Қошманның түсіндіруінше, біздегі көкөністердің қымбат  және жылыжайлардың көптеп салынбауының бір себебі - климаттық жағдай. Өйткені Қазақстанның климаты көкөністерді көптеп өсіруге қолайсыз. Сондықтан бізге мұндай өнімдер маусымаралықта Қытай, Өзбекстан сынды елдерден келеді. Өйткені оларда қыс болған күннің өзінде жылуға, жарыққа кететін шығыны аз. Ал бізде жылу мен жасанды күн сәулесі үшін шығындар көп, тіпті гидропоникалық технологиялардың өзі бізде болмағандықтан бағасы қымбатқа түсетін көрінеді.

"Осы себепті де отандық өнімдердің өзіндік құны импорттық өнімдерге қарағанда жоғары. Яғни әзірге біз үшін жылыжайлардан гөрі импортпен келетін өнімдердің бағасы арзан. Мұндай қателіктер бізде бар. Бірақ келешекте жылыжайдың саны мен өнімділікті көбейтіп,  кейін сырттан келетін өнімдерге баж салығын қойып, шекараларды жабар болсақ жағдай басқаша болады", - дейді Қанат Қошман.

Сондай-ақ, бағаның қымбат болуының тағы бір себебі  - импортпен келген тауарлар қоймада ұзақ сақталмай, бұзылып кетуі. Тіпті ұзақ сақтауға болады деген картоп пен қырыққабаттың бағасы да қазіргі кезде жоғары. Өйткені қоймадағы қор да азая бастайды әрі жартысын кәсіпкерлер келесі кезең үшін тұқымдыққа алып қалады. Бағаның қымбаттауы да содан екен.

Дегенмен, халықты отандық өніммен қамту  үшін атқарылып жатқан іс аз емес көрінеді. Мысалы өзіміздің тауарларымыз ұтымды болу үшін биылдан бастап «Ауыл шаруашылығын жандандыру - 2017-2021» деген бағдарламасы іске қосылған. Қажетті субсидия бөлініп жатыр. Соның бірі – инвестициялық субсидия. Бұл яғни өзіңіз жылыжай салатын болсаңыз, субсидияның 30%-ын сізге жылыжай салғаныңыз үшін қайтарып береді. Сондай-ақ, жылуға, материалға, күн сәулесін қолдануға, тұқым, тыңайтқыш сатып алуға кеткен шығындарды жабу үшін субсидия берілмек.

"The Qazaq Times"