Былтыр «маусым-шілде қырғынында» адам, биыл дәл осы тұста мал өлімі көбейіп, Қазақстандағы пандемия мен қуаңшылық жүйенің бар кемшілігін әшкереледі. Аптап ыстықтан құрғаған дала, қаталаған тастақ жер, жер-жерде сұлай құлаған малдың өлексесі... Ақыр соңы қараша күзде ағарған сүт өнімдерінен бастап қара кесек етке дейін түгел шарықтайды дейді сарапшылар. Садырбаевтың болжамынша, жағдай реттелмесе күзгі соғымда еттің келісі 5 мың теңгеге қымбаттауы мүмкін.
Каспий теңізіне іргелес батыс бағытында орналасқан Түпқараған ауданы Форт-Шевченко (Ақкетік) қаласының тұрғыны Аманғали Күзембаевтың қуаңшылықтан 2 биесі мен 6 құлыны өлген. Шаруа жем-шөп таусылғанына, оны алатын жердің жоғына алаңдаулы. Шынайы шығын ресми есепте кемітіп отыр деп санайды.
«Уақытында Үкімет тіркеп-чиптейміз дегенде жұртқа нақтылап түсіндірмеді. Халықтың арасында тіркеу мәнін жете түсіндіру саясаты жүрмеді. Содан ел дер кезінде тіркете алмады. Енді қазір тіркетейін десем, 14-15-тегі биемді бір жастағы деп жазбақ. Барды бардайын жазуы керек қой. Ірі биені қалай бір жаста деп бересің. Ал Үкімет бір жастағы малға субсидия бермейді. «Қағаздағы» жасына толғанша, оны сойып болам мен. Бір-екі жас қана өмірі қалды ғой ересек жылқының. Есеп те жоқ малымызды қалай бағарымызды білмейміз. Дұрыс тіркемегендіктен облыс әкімі төтенше жағдай жариялауға қорқып отыр. Елге көмек керекте оларды тексеретіндер көбейіп кетеді. Есесіне жұмысы жүйесіз», – дейді ол.
«Ауыл адамы дүкеннің үнтақ сүтін шайға қатып ішіп отыр»
Осы жазда бір бума шөп 1600-1700 теңгеден келген. «Қазір 1200-ден кем емес», былтыр 500-800 арасында сатылған. «Күні кеше кебектің бір қабын 2300 теңгеден» алған шаруа ауыл-аймақ түгілі Ақтауда кебек, сұлы не арпанің бірі де жоқ.
– Қырда отырған адам дүкеннің ұнтақ сүтін сатып алып ішуге мәжбүр. Қолда ақ жоқ. Әсілінде ауыл шаруашылығы саласындағы ұйымдастыру әдісінің өзі дұрыс емес. Жем жеткіліксіз, оның үстіне табыла қалса оған қаражат та жоқ. Мұқтаж болғасын айтқан бағасын зейнетақыдан жырып төлеп аламыз. Күзге дейін шыдауымыз керек, – деді Күзембаев ақсақал.
Қалайда көмек керек екенін айтқан малшының болжауынша, қыркүйектің ортасына дейін елдің жем-шөп сатып алуға күйі келіңкіремейді. Себебі бәрі малын қыстай жемдеп шыққан. Ол «үш жылдан бері ілбіп келе жатқан» түлік түрлету ісін «биыл тіпті өршіді. Жерде қылтанақ жоқ. Әйтеуір жайылымға барып келеді, қайтарда салпаңдап зорға қайтады. Қорада 2-3 келі жемді жеп, қалтақ-құлтақ етіп әрең жүр» деп сипаттайды.
Ұсыныс: Барға бар, жоққа жоқ шақтан алып шығар жол
Шаруа әкім Серікбай Трұмовтың атына ашық хат та жазған. Оның айтуынша, облыста дереу ТЖ режимін енгізу керек. Шөп тасымалының құнын әр түкке 400, жемге 300 теңгеден асырмаса дейді. «Биеге берілетін арпаның келісін 92 теңгеден, кебекті 30 теңгеден берілсе, жылқы қонданушы еді. (Қазір кәсіпкерлер әкеліп жатқан жем-шөп өте қымбат. Ақшасы бары артығымен алып кетіп жатыр. Қостанайлық бір кәсіпкер келісі 92 теңгеден тартып 2 вагон арпа алып келіпті. Оның өзін Сайын мен Ақшұқырдың байлары сатып алыпты. Жұмыссыздықтан, қалта болмағандықтан қарапайым шаруаның қолы жетпеді. – Кейіпкер толықтыруы) Сөйтсе ғана мал азығы едәуір қолжетімді бола түсер еді». Шаруалардың пікірінше, комиссия малды дереу тізімдеп, жем-шөп, қаражатты мал басына теңдей үлестіріп отырса, жұмыс жүйеленеді.
«Суы мол жерлерге жоңышқа егіп, шөпті өзіміз қамдайын десек, оған техникалық құрылғылар керек екен. Топырақ езетін, тұқым шашатын, тамшымалы суару құрылғысы, трактор қажет. Өңірде бір машина-трактор станция (МТС) керек болады. Жем болмаса да шөп қорын қамтамасыз етер ек. Мемлекет тарапынан жәрдем ретінде лизингке берсе де жақсы еді» дейді шаруа.
Мал шаруашылығы саласының сарапшысы Алмасбек Садырбаев жергілікті шенеуніктер жағдай туралы ақпаратты бұқпай, жоғары жаққа дер кезінде хабарлағанда осыншалықты ушықпас еді деп санайды.
«Мал азығын қамтамасыз етудің кешенді-жүйелі бағдарламасын жасау керек. Бұл агросаяатты қайта қарап, суармалы жерлерді, техниканы реттеуден басталады. Сонымен қоса, бірнеше ғасырдан бері өзін дәлелдеген ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытсақ, ортанқол жеке қосалқы-шағын шаруаларға таптырмас мүмкіндік болар еді», – дейді Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.
Шын шығынның мөлшері
Күзембаев «биыл қуаңшылықтан аудандағы Қамбар ата баласының 10-15%-ы кетті» деп есептейді. Оның айтуына қарағанда, «бұл нәубет (қуаңшылық – QT) ауыл шаруашылығы саласындағы бар кемшіліктің бетін ашты».
– Мал далада арам өліп жатыр. Өлексе көрінген жерде жатыр. Оны залалсыздандырып, өртеп көзін жоятын жүйелі жұмыс жоқ. Бұл түбі ауру таратуы мүмкін. Арнайы көлікпен теріп-жиып, залалсыздандыру керек еді, – дейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау халқына көмек көрсету үшін 12 шілдеде бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінген. Өндіріс және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов бұған дейін жергілікті әкімдіктерге мал санын анықтау бойынша тапсырма берілгенмен, – орындалмағанын хабарлады. Ресми дерекқорға Маңғыстаудан 630 мың мал тіркелген. Тоқаевтың айтуынша, жағдай күрделі бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жеткен. Бір қызығы, Маңғыстау облысы әкімдігі мен ауыл шаруышылығы министрлігінің және президенттің келтірген деректері бір-біріне қабыспайды. Бұл Қазақстандағы коронавирус статистикасындағы қайшылықты еске түсіреді. Жұмыстың жүйесіздігінен бе, әйтеуір, әркімнің мәліметі әртүрлі, өзара қайшы.
ХХІ ғасырдың 21 жылындағы жұттың әлқиссасы
Шілде айының басында министрлік Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында құрғақшылықтан болған мал қырғыны тоқтады деп мәлімдеген. Сарапшылар мен шаруалар ресми деректің жалған екенін айтады. Аймақтардағы ахуал бойынша, өлім тоқтамаған. 10 шілде Тоқаев қуаңшылық салдарынан жайылған мал жұтына қатысты өзіне шаң жуытпаған ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберген.
Оның орнына тағайындалған Есбол Қарашөкеев Маңғыстауға барған жуырдағы сапарында өңірде көпшіліктің ТЖ режимін енгізу талабынан бой тартты. Азаттықтың жазуынша, Қарашөкеев мұны облыс әкімдігіне сілтеген. Ел сенген басқарма басшысы Серік Қалдығұловтың сөзінше, бүгінгі күн райына қарағанда әлі ерте.
Министр іссапарында негізінен малмен жан бағып отырған Маңғыстау, Бейнеу сияқты аудандарға баруы керек еді деген шаруалар мәселе Үкімет деңгейінде көтерілгенімен «ештеңе де оңалмағанын, 2 миллиардтан ешқандай көмек болмағанын» айтады.
Түркістан облысының еріктілері куаңшылықтан малы қырылып маңғыстаулықтарға арнап жинаған вагон-вагон шөпті жөнелте алмай жатыр. Олар билік ел жылуынан жиналған дайын шөпті жеткізуге болысса дейді.