Қазақстанда құрғақшылық салдарынан 178,8 мың гектар егіс жойылған. Сонымен қоса, министрлік күзгі жиын-терім ішкі-сыртқы нарықты қатар жарылқайды деп сендіреді.

Сәрсенбі күні, 18 тамызда өткен дәстүрлі үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласының уақытша министрі Ербол Қарашөкеев мәліметінше, биыл Қазақстанда 23 миллион гектарға егіс егілген.

«13,2 миллион гектарда немесе дәнді дақылдардың жалпы көлемінің 85%-ында жақсы және қанағаттанарлық күйде. 2,1 миллион гектарда немесе 13,7%-да нашар күйде, 178,8 мың гектарда немесе 1,1%-нда егістер жойылған» деді министр міндетін атқарушы.

Қарашөкеев климаттың өзгеруі салдарынан Қазақстан ғана емес, астық державалары Канада, АҚШ, Ресей де зиян шегіп отырғанын алға тартып, ақтау аргументін білдірді. Шенеунік иек арта сөйлеген сөзінде биыл Канадада бидайдың жалпы түсімі өткен жылмен салыстырғанд 30,6%, АҚШ-та 4,4%, Ресейде 15%-ға ортаяды деген дерек келтірді.

Қарашөкеевтің болжамына қарағанда, биыл Қазақстанда 15,3 миллион тонна дәнді дақыл жиналады. Оған қоса қамбада алдыңғы жылдардан қалған 3,1 миллион тонна астық бар.

Шаруаның басына келген уақытша министр биыл өндірілетін астық бәріне, ішкі нарық пен эспортқа жететін болады деп уәде берді. Бұған ұқсас сөзді бүгін үкімет басшысы Асқар Мамин де қайталаған.

«Алда жиналатын астық көлемі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның экспорт нарығындағы позициясын сақтап тұруға да мүмкіндік береді»,  – дейді Ербол Қарашөкеев.

Үкімет отырысында Қарашөкеев бұл екі облысқа мал азығына жұмсалған шығынның өтемі ретінде үкімет резервінен 3,8 млрд бөлінгенін, тағы 5,3 млрд теңге бөлу жөнінде шешім қабылданғанын айтты. Министрілік басшысының сөзінше, бұған қосымша ретінде жергілікті бюджеттерден 9,1 млрд теңге бөлінген, облыс басшылары қосымша 4,5 млрд теңге бөлу қарастырып отыр.

Биыл Қазақстанды 30 жылда болмаған су тапшылығы мен құрғақшылық жайлап, көкөніс пен астық бағасы шарықтап, оңтүстік-батыс өңірлерде шөп шықпай мал қырылды.

Қуаңшылықтан қатты қаталаған Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жұрт жем-шөптің жоқтығын қолдағы малынан айырылып қалды. Шығынның да, арам өлген мал басының да есебі нақты емес. Ресми статистиканың өзі қайшылыққа толы.

The Qazaq Times