Бүгін, 29 сәуірде Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы жер қатынастары туралы заң жобасына екі түзету енгізіп, құжатты мәжіліске қайтарды. Сенат енгізген өзгеріс заң жобасының шетелдіктерге орман өсіру үшін жер беруді көздейтін даулы тармағына қатысты. Бұл тармақ қайдан шықты, оны ұсынған кім, сенаттан қайтқан заң жобасын мәжіліс не үшін мақұлдап еді? «The Qazaq Times» осы сұрақтардың жауабын анықтап көрді. 

БҰЛ ТАРМАҚ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашы болуымен оның әкімшілігі дайындаған жер қатынастары туралы заң жобасы мәжілістің қарауына наурыздың ортасында түскен. Ол кезде аталған құжатта орман өсіру үшін шетелдіктерге жер беруді көздейтін тармақ мүлде болған жоқ. Оны енгізен – мәжілістің осы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобы. Аталған топты басқарған депутат Берік Оспановтың айтуынша, президент бастамашы болған құжатқа мұндай өзгеріс енгізерде депутаттар Орман кодексін негізге алған.

– 2007 жылы Жер кодесіне енгізілген өзгерістерге сай, Қазақстанда ауыл шаруашылығына қатысы жоқ жерлерді шетелдіктерге орман өсіру үшін беруге мүмкіндік пайда болды. Осы күнге дейін Орман кедексінде бұл норма бар. Президент әкімшілігі заң жобасын дайындағанда аталған норма ескерілмей қалған. Сондықтан мәжілістің жұмыс тобы заң жобасын Орман кодексіне сәйкестендірді. Бұл жерде алып-қосар басқа ештеңе жоқ, – дейді депутат.

Оның айтуына қарағанда, сенат енгізген өзгерістерден кейін Жер кодексі мен Орман кодексі бір-біріне қарама-қайшы болып тұр.

– Заң жобасына мәжіліс қосқан өзгертулерді сенат кері қайтарды. Президент әкімшілігімен талқыланып, сондай шешім қабылданыпты. Біз бұған келісіп отырмыз. Бірақ жақын арада сенат енгізген өзгерісті Орман кодексіне де енгізу керек. Өйткені қазір Жер кодексі мен Орман кодексі бір-біріне қарама-қайшы болып қалады, – дейді Оспанов.

«БИЛІКТІҢ КЕЗЕКТІ ҚҰЙТЫРҚЫ ӘРЕКЕТІ»

Жер мәселесін көтерін «Ел мен жер» қозғалысының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев «заң жобасына шетелдіктерге орман өсіру үшін  жер беруді енгізген мәжіліс бұл әркетті жоғары биліктің ықпал етуімен істеп отыр" деген ойда.

– Мәжіліс заң шығаруға қауқарлы тәуелсіз институт болудан қалғалы қашан?  10 қаңтарда болған сайлауда Назарбаев  салқын кабинетінде отырып, тізім жасап, өңшең қорқақ, жасқаншақ адамдарды депутат қылды. Әйтпесе мәжіліс шетелдіктерге орман өсіру үшін жер беру қарастырылған заң жобасын мақұлдамас еді. Әлбетте, мәжіліс депутаттары бұл ұсынысты өз бастамалары бойынша көтеріп отырған жоқ. Мұның авторы билік, – дейді Тұрсымбаев.

Жер сатуға қарсы өткен митингілердің бірі. Алматы қаласы. Ш.Уәлиханов алаңы. 24 сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Жерді шетелдіктерге беруге ашық қарсы шығып жүрген қоғам белсенді Рысбек Сәрсенбайдың пікірі Тұрсымбаевтікіне ұқсас. Ол «билік шетелдіктерге жер беруді қайткен күнде де жүзеге асыруды мақсат етіп отыр»  деген ойда. Сөзінше, мәжілістің жоқ жерден орман өсіруді желеу етіп, шетелдіктерге жер беру бастамасын көтергені – соның бір дәлелі.

– Менің ойымша, бұның бәрінің артында жерді шетелдіктерге беру мәселесі тұр. Билік ауыл шарушылғы мақсатындағы жерлерді беруден күдер үзе бастады. Енді келіп орман өсіру деген желеуді ойластырыпты. Орман өсіру үшін берілген жер кейін басқа мақсатқа ауыстырыла береді. Заңда көрсетілген, ондай мүмкіндік бар. Сондықтан бұның бәрі биліктің кезекті құйтырқы әрекеті. Билік мұндайға бұрын да барған. Мәселен, 2016 жылы жер сатуға деген қарсылықтан кейін заңға «шетелдіктерге шекаралы аудандардағы жерлер берілмейді» деген өзгеріс енгізді. Бірақ басқа жерлерге қатысты ештеңе айтылмады. Сол сияқты бұл да бір қулық, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

Оның пайымдауыша, шетелдіктерге жер беру бастамасын қандай орган көтерсе де, оның негізгі авторы жоғарғы билік.

– Мұндай нәрсе келісімсіз жасалмайды. Президент, мәжіліс, сенат үшеуінің ым-жымы бір. Бұның бәрі күні бұрын ойластырылған әрекеттер. Егер заң жобасындағы орман өсіру үшін жер беру жайлы тармақты халық байқамағанда, сенат та, президент те мақұлдар еді. Бұл жолы биліктің құйтырқы әрекеті іске аспай қалды. Енді басқа айла іздей бастайтыны анық. Өйткені биліктің мақсаты - жерді сатып, пайдаға кенелу, – дейді Сәрсенбай.

Қазақстанда жер дауы елді бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған кезде басталған. 2016 жылы елде ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң Назарбаев оған бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады. Осыған орай, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және ұзақ жылға жалға беруге тыйым салуды қарастыратын заң жобасын әзірлеуді тапсырған.

Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ ел азаматтарының кейбірі елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату қауіпті деген ойда.

«The Qazaq Times»