Бұдан былай Каспий теңіз де емес, көл де емес. Жаңадан қабылданған Конвенция Каспийге қандай ерекше құқықтық мәртебе берді?

Тамыз айының 12-і күні Ақтау қаласында Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекеттің басшылары «V Каспий» саммитіне жиналды. Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Түркіменстан және Иран елдері президенттерінің қатысуымен өткен саммитте Каспийге ерекше құқықтық мәртебе беруге байланысты арнайы Конвенция қабылданды.

Жаңадан қабылданған Конвенция бойынша, Каспий бұдан былай теңіз де емес, көл де емес, өзіндік ерекше құқықтық мәртебеге ие су бассейні. Конвенцияға сәйкес, Каспий әр мемлекеттің жағалау аймағына қарай территориялық су аумағы және бейтарап аймақ болып бөлінеді. Бейтарап аймаққа Каспий жағалауындағы бес мемлекеттен өзге елдердің әскери кемелері кіре алмайды.

Каспий Конвенциясының қабылдануы кімге тиімді?

Мұнай-газ саласы бойынша, жаңа Конвенция Қазақстан мен Әзірбайжанға көбірек тиімді. Себебі Каспий мұнайы мен газының басым көпшілігі осы екі мемлекетке тиесілі. Ал қауіпсіздік тұрғысынан қарайтын болсақ. Бұл жерде бірінші кезекте Ресей мен Иран ұтымды позицияда. Себебі ресми Мәскеу мен Теһран Конвенцияға қол қою арқылы  қазіргі бас ауруылары АҚШ пен НАТО тарапынан төнуі мүмкін қауіптің бетін қайтарды. Жоғарыда айтқанымыздай, Конвенция шарттарына сәйкес, осыдан былай Каспий аумағына Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Иран және Түркіменстаннан өзге елдердің әскери кемелері кіре алмайды.

Үмітінен күдігі басым келісімдер

Шетелдік сарапшылар алдағы уақытта Каспий жағалауындағы бес мемлекет Конвенцияға сәйкес жұмыс істейді дегенге күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, Ресей Түркіменстанға «Транскаспий» жобасы негізінде Әзірбайжан арқылы еуропаға газ тасымалдауына жол бермейді. Себебі бұл жоба іске қосылатын болса Түркіменстан Ресейдің «Газпромына» тікелей бәсекелес болады. Түркіменстанның Каспий арқылы газ құбырын тартуына Иранда қарсы болуы мүмкін. Өйткені газ құбырын тарту аймақтағы экологиялық жағдайды нашарлатады. Ал бұл жылына бірнше мың тонна қара уылдырық пен қызыл балықтарды әлемдік нарыққа шығарып отырған Иран үшін тиімсіз. Әлемдік нарықта Каспий қара уылдырығының бір килосы 30 мың доллар екендігін ескерсек, Иран экономикасына жылына қанша пайда түсіп жатқанын есептей беріңіз. Оның үстіне жаңа Конвенция бойынша бейтарап су аймағын бес мемлекет бірігіп пайдалануға құқылы. Ал бұл алдағы уақытта Иранның қара уылдырық пен қызыл балық нарығында бәсекелестер пайда болуы мүмкін деген сөз.

Жалпы, қазақстандық сарапшылар мен журналистер тобының басым көпшілігі «Каспий Конвенциясы 1992 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерді толығымен қамтыды және Қазақстан аумағында кезекті тарихи құжат қабылданды» деп жарыса жазуда. Әрине саммит барысында бес мемлекеттің басшылары  терроризм, браконьерлік және ұйымдасқан қылмыспен күрес, сауда- экономикалық әріптестік, көлік транзит қатынастары, Каспийдегі қауіпсіздік, шекаралық ынтымақтастық тәрізді маңызды мәселелер қамтылған қосымша келісімдерге қол қойды, олар шынымен маңызды келісімдер. Бірақ Каспий аумағын атап айтқанда теңіздің астын өзара бөлісу мәселесі сол қалпы ашық күйінде қалды.

“The Qazaq Times”