Қазанның 8 күні, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласына қарасты Глубокий ауданының орталығында ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресіп шаһит кешкен, ұлт азаттық көтерілісінің көсемі Оспан батыр Сіләмұлы (1899-1951) атында мешіт ашылды.

Мешіттің ашылу салтанатына Астана-Алматы қалаларынан Арыстан Шадатұлы, Жәди Шәкен, Серік Әбіл бастаған ақын-жазушылар, өнер адамдары мен бірге діни қайраткерлері Шығыс Қазақстан бойынша бас имамы Ермек Қасболатұлы, аудан имамы, Глубокий ауданы әкімдігінің апарат басшысы және Оспан батырдың немересі Өркен Нәбиұлы бастаған батырдың ұрпақтары, тағы басқада қонақтар қатысты.

Салтанатты шарада халқаралық «Ер Жәнібек» қоғамдық қоры мен «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қоры бастаған ұжымдар мешіттің салынуына атсалысқан азаматтарғы арнайы алғысын білдірді.

Бұған дейін Қазақстан діни басқармасының төрағасы бас мүфти  Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейна орай: «Айтулы мерейтой мұсылман жамағатына рухани серпіліс беру үшін дін, ел қамында шейіт болған боздақтарымыздың, ағартушы ғалымдарымыздың есімін мешітке беру туралы шешім қабылдадым». – деп осы ретте Қасым хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жырау, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейхандармен бірге Оспан батырдың атындағы мешіттің де ашылғанын айтқан  болатын.

The Qazaq Times