Бүгін, 2 қазан, Алматыда Қытай соты өмір бойы бас бостандығын шектеуге үкім еткен Оспан батыр ұрпақтарының Қазақстандағы туыстары ел билігінен, халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарынан араша сұрап баспасөз жиынын өткізді.
Алматыдағы Адам Құқықтары мен заңдылықты сақтау Халықаралық Бюросының баспасөз залында өткен шараға қоғам қайраткерлері мен белсенділері, зиялы қауым өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Қытайда ауыр айыптар тағылған Нұрлан Нәбиұлы, Нағыз Мұхаммедұлы және Толқын Соғысайұлы қатарлы азаматтарға ара сұрау мақсатындағы баспасөз жиынын аталған азаматтардың Қазақстандағы тікелей туыстары (отбасы мүшелері мен жақын туыстары) өткізіп отыр. Олардың айтуынша Қытайдың құқық қорғау органдары туыстарын негізссіз айыптаған және сотта да айыптардың дәлелсіздігіне қарамастан үкім шығарылған. Сондай-ақ, олар сотта куәлік етушілерді ондағы құқық қорғау органдары зорлықпен жалған куәлік бергізген деп санайды.
Қытайда айыпталған азаматтардың бірі Толқын Соғысайұлының туысы Ахат Әшудің айтуынша аталған азаматтарға ауыр қинау көрсеткен. «18 ақпаннан бастап аяқ-қолына ток байлап 72 күн сабаған. Сынбаған сүйегі, езілмеген еті қалмаған. Тіпті оларды сот отырысына алып шығуға да денсаулықтары жарамай қалған. Бастарын бүркеп емханаға апарып, кейін және қинап сұраққа тартқан», – дейді Ахат Әшу. Оларға тағылған айыптар туралы Ахат Әшу: «Жоспарлы тууға қарсы шыққан», «қос тілді оқытуға қарсы шыққан», «Қазақстанның тәуеліздік күнін құттықтаған», «руласы, атасы болған үшін банды аталған Оспанды дәріптеген, сол арқылы ұйым құрып, мемлекетті бөлшектеуге ұрынған» деген секілді жалаларды жапқан», – деп көрсетеді.
Айыпталушылардың бірі Нағыз Мұхамметұлының анасы Назыкен Бікейқызы сөзінде: «Ұлым Нағыз Мұхаммедұлы 30 жылдай үкімет қызметінде істеген. 2017 жылы қызмет үстінде жоғары қан қысымнан құлап, жүрек операциясын жасатқан еді. Қазір жазықсыз сотталып отыр. Мен Қазақстан үкіметінен, халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарынан балама араша болуын сұраймын», – деді.
Нұрлан Нәбиұлының інісі Өркен Оспанның айтуынша, аталған азаматтардың ісіне байланысты ҚР Президент әкімшілігіне және ҚР СІМ тарабына бірнеше рет араша сұрап хат жолдаған. Алайда, бәріне бірдей «Бір елдің ішкі ісі, біз араласа алмаймыз» деген жауап келген. Бұдан тыс адам құқығын қорғаушы халықаралық ұйымдар мен еліміздегі қоғамдық ұйымдарға да арыз, талап хаттар жолдаған. «Соңғы рет 2019 жылдың желтоқсан айында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да бірқатар зиялы қауым өкілдері мен саясаткерлердің қолын қойып осы мәселе бойынша хат жолдаған едік. Алайда, қазірге дейін нақты жауап келген жоқ», – дейді Өркен Оспан. Ол және: «Қытайдағы бұл науқан басталғанына 3-4 жыл болғанымен, біздің әулетімізге жасалып жатқан қысымдар Оспан батыр атылғаннан кейінгі 70 жыл бойы жалғасып келе жатыр. Оспан бабамыз, білесіздер 1951 жылы сәуірде Үрімжі қаласында атылды, ал баласы Шердиман бір жарым жылдан кейін 1952 жылы қыркүйекте қаруын тапсырып бағынды. Осы кезде жасалған 11 тармақты келісім бар. Ол келісімде Оспан батырдың сүйегін қайтарып беруден тартып, оның ұрпақтарының қудаланбайтыны, бұрынғы істердің қузастырылмайтыны да жазылған еді. Сол келісім негізінде батырдың ұрпақтары сол елде өмір сүріп келді. Аталған үш азаматтарда ҚКП өзі тәрбилеген мемлекет қызметкелері болды. Бәрі де үкіметте, оқу ағарту және мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет етті. Ал, оларға тағылған айыптардың бәрі негізсіз», – деді.
Жиынға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Балташ Тұрсымбаев сөзінде «Оспан батыр бабамыз қазақтың келешегі үшін өз өмірін қиған адам. Сондықтан оның ұрпағына араша түсу, ұлтты қорғау биліктің борышы», – деген пікірін білдірді.
Баспасөз жиынын ұйымдастырған Оспан батырдың Қазақстандағы ұрпақтары және айыпталған азаматтардың өзге туыстары Қазақстан билігінен тыс шетелдік және халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарынан туыстарына араша сұрайтынын жеткізді.