"Тарс-тұрс" ете түскен дауыстан қария "селт" етіп оянды. Мызғып кеткен екен. "Әй, бұл не!" деп айқай салды да, қараңғыда ештеңе көре алмай, отырып қалды. Бұл кезде салпаң құлақ сұр төбет құйрығын бұтына қысқан күйі, есіктен шыға безіп бара жатқан. Қария сипаланып жүріп сіріңкесін тауып алды. "Быж" ете түскен бір тал шырпы өмірінің соңын отқа айналдырды да, үй ішіне әлсіз сәуле болып шашылды. Қария кесенің түбіне өсімдік майын құйып жасаған білте шамын тамызды. Терезе сынық еді, сырттан кірген болымсыз леп алакөлеңке шам жарығын қалтыратып тұр. Қария дірілдеген тарамыс қолдарын қос балдағына созды.
Ол нұры тайған жанарымен бағдарын нобайлап, ауызғы бөлмеге шықты. Көктен түскен, жанған, қираған ештеңе көрінбейді. Қария ашық қалған есіктен сыртқа қарады. Көкжиек мұнартып, аспан тұншығып тұрғандай. Қараңғылық құшағындағы қала тып-тыныш. Адамы жоқ, жарығы жоқ үйлер қарттың көзіне мүлгіген топ мазардай елестеп, арқасы мұздап кетті. Ол есікті жауып, бекітіп алды. Ас үйдің тас еденінде жаңағы сумақы ит құлатқан бақыр төңкеріліп, картошка аралас макарон шашылып жатқан. Қария оны білген жоқ...
Қария сәлден кейін орнына келіп отырды. Ұшы қара қошқылданып, майға малтыққан білтені алға ұмсындырып қойды. Әлгіндей емес жарық сәл де болса көбейіп, қарттың маңдайындағы қатпарлардың қара көлеңкесі зорая түсті. Кешеден бері құлақ тұндырған тарсыл-гүрсілден құлағы азат болған қария мынадай өлі тыныштықтан тағы бір дауысты іздейтіндей. Бірақ, болат релстерді солқылдата өтіп жататын күндегі пойыздар жоқ. Көше де құлаққа ұрған танадай. Шулап жататын бала, сабылысып жүретін жұрт босып кеткен...
Қарт мазасыздана бастап еді, алыстан иттің ұлыған үні талып жетті. Жаңағы сұр төбет еді. Қария тыжырынып қалды. "Тәйт ары, жағың қарысқырдың жамандық шақыруын қарашы" деді құр кіжініп. Бірақ, салпаң құлақ сұр төбет бұл тектеуді тыңдайтын емес. Ұли берді. Ұрлық тамағынан қаққанымен қоймай, жүрегін ұшырған шалға қысасы бар секілді. Аздан соң ол да тоқтады. Бірақ, бұл тыныштық ұзаққа барған жоқ. Үйдің дәл қасынан сиыр мөңіреп қоя берді. Бұл да жаңағы иттің әуенімен үзіп-үзіп, ұзақ мөңіреді. "Гүлмәриямның сиыры" деді қария. "Иесін іздеп тұр-ау, байқұс". Бірақ, сиырдың өрісте жүрген бұзауына снаряд түсіп өлген еді. Қария оны білген жоқ...
Қайдан кіргені белгісіз, қанаты жалпылдаған кішілеу сайтан көбелек шамның жарығын айналып ұша бастады. Тоқтайтын емес. Оттың ішіне кіріп кетердей жанталасады. Қарт оны жасқап жібермек болып еді, көбелек елеген жоқ. Бір кезде отқа қатты жақындап кеткен ол қанаты күйіп, жалбырай құлады. Кесенің түбінде жатыр. Титімдей аяқтарын әлсіз жыбырлатып, күйген қанаттарын әрең қозғайды. "Саған керегі оттың өзі емес, жарығы еді ғой, ақымақ, - деді қария іштей кейіп, - қарашы бекер өлетін болдың". Осы кезде "гүрс-гүрс" еткен жойқын жарылыс үні шығып, үй сілкініп қалды. Терезенің қалдықтары салдыр-гүлдір сынып түсті де, сырттан жұлқына кірген күшті леп білте шамды "жалп" еткізіп сөндіріп кетті...
****
- Охо, - деді көлік жүргізіп келе жатқан капитан. Жас сарбаз ойға шомып кеткен еді, жалт қарады. Капитан көлігін тежеп, алдыңғы жақты нұсқады. Жолдың дәл ортасында асфальтке көлбей кірген снаряд тұр. Бұлар айналып өтті.
- Қауіпті екен, ә!
Капитан сарбазға көзінің астымен қарап қойды.
- Әлгі шалдың үйі қай жерде екен?
Жас сарбаз қолындағы қағазға үңілді.
- Пойыз станасы жақта.
- Қоймаға жақын деші.
- Иә.
Капитан басын шайқады. Жүрексініп қалғаны байқалады.
- Қалай қалып қойған? Ешкім көрмеген бе?
Сарбаз өзі білетін мәліметті айтты.
- Үйінде жалғыз болыпты. Көршілері алып кетейік деген екен, көнбей қойыпты. Кейін хабарласа алмай қалдық дейді.
- Туыстары жоқ па?
- Кемпірі бір күн бұрын көрші ауылдағы балаларына кетіпті. Солар айтты ғой.
- Ақсақал әбден қорқып қалған шығар...
Олар келгенде қақпаның есігі ашық жатты. Көшеде жан баласы жоқ. Кей үйлердің қасында шатырдан ұшқан қиқымдар жамырап жатыр. Алыстан шолғыншы сақшылардың көлігі өтті. Олардың өзі станса жаққа көп жақындамайтын секілді.
Екеуі аулаға кірді. Үйде адам бар белгі білінбейді. Ортадағы үлкен терезенің түбіне жағалай гүл егілген екен. Саудырап түскен әйнектер қырқып кетіпті. Шөптері де ұйпа-тұйпа. Бұлар бір-біріне демдерін ішіне тарта қарап, үйге беттеді. Есік қағып, дауыстады.
- Кім бар мұнда!
- Ақсақал, қайдасыз!
Ешкім үн қатпады. Капитан есікті тартып еді, ашық екен. Үй іші бүлінбеген. Ас бөлмеге шыбын толып кетіпті. Едендегі тамақтың жұғынына үймелеп, бірі ұшып, бірі қонып жүр. Олар барлық бөлмені аралап шықты. Арасында айқайлап, дыбыс білдіріп қояды. Адам жоқ.
Бұлар сыртқа қайта шыққанда үйдің бір қапталынан қария көрінді. Сарбаздарға балдағын тоқылдатып, жақындай түсті. Сәлемдерін де ықыласпен алды. Сосын, "неғып жүрсіңдер?" дегендей сұраулы жүзбен қарады.
- Ақсақал, қалай амансыз ба, әйтеуір...
- Сізді алып кетуге келдік...
Қария екеуіне самарқау қарады. Тақиясын шешіп, жеңіл торғын шытымен тершіген маңдайын сүртті.
- Қайда, - деді сосын ақырын ғана тіл қатып.
- Қалаға, қауіпсіз жерге...
Қария үндемеді, жүзінде еш белгі жоқ. Тақиясын оңшап киіп, мұқият бүктеген шытын жейдесінің төс қалтасына салды. Балдағына тіреніп, алға қарай бір-екі қадам аттады, содан екеуіне тіке қарап:
- Келгендеріңе, рахмет, айналайындар, бірақ мен ешқайда бармаймын, - деді жұмсақ үнмен. Бірақ, шорт кесіп айтты.
Капитан өзін іштей құтқарушы сезініп, дүрдиіңкіреп жеткен-ді. Бірақ, қарияның түрін көргенде су сепкендей басыла берген. Енді міне, тосын жауабын естіп, таң қалды. Жас сарбазға бұрылды. Ол желкесін қасып, жерге қарап тұр. Капитанның ар жағынан бір жын қысып келе жатты.
- Бармағаны несі?! Бұнда не істемексіз?
- Үйімде боламын.
Капитан кекете мырс етті. Сарбаз әлі үнсіз.
- Бұл жер өміріңізге қауіпті, қалуға болмайды. Біз сол үшін келдік сізге...
- Иә, ақсақал! Қоймада әлі жарылыс жалғасуы мүмкін деп жатыр.
- Жалғасып та жатыр, - деді қария жайбарақат.
Капитан шытынай бастады. Дегенмен, өзін тізгіндей сөйледі.
- Онда неге бармаймын деп тұрсыз. Үйіңізге кез-келген уақытта снаряд түсіп өртеніп кетсе қайтесіз, үлкен кісі, а!?
Енді қарияның жүзіне болар-болмас күлкі үйірілді. Мысқыл мен сенім қатар ұялаған өзгеше күлкі.
- Мен майданда болған адаммын, - деді осын, - оқтың да, оттың да талайын көргем.
- Онда, қазіргі жағдайдың қандай қауіпті екенін білесіз ғой.
Қария қоқиланып тұрған капитанға бір қарап қойып, сөзін жалғады.
- Қайда қан кешіп жүрсем де, өзім қорғаған жердің әр бөлігін соңғы бекінісім деп білдім.
Осы сөздерді айтқанда қарияның нұрсыз көздері ұшқындап сала берді. Балдағына сүйеніп, бойын да тіктеп алды.
- Жарайды, ол майдан ғой, ал бейбіт заман орнаған соң қырық бес жыл осында, темір жолда қызмет еттім. Біз сияқты бар өмірін еңбекпен сарп етіп, туған жеріне қан-терін арнаған адамдардың ең соңғы бекінісі - өз үйі болуы керек.
Енді қарияның жүзі солғын тартып, үні бәсеңдей қалды. Балдағын тоқылдата барып, анадай тұрған ақсақ креслоға отыруға ыңғайланды. Жас сарбаз жүгіріп барып қолтығынан демеді.
- Өркенің өссін балам!
Қария орнығып отырды, қос балдағын қасына сүйеп, аппақ қудай сақалын сипады. Ашық тұрған қақпадан снаряд ойып кеткен көшеге, шатыры опырылған үйлерге қарап отырып сөйледі.
- Менің соңғы бекінісім осы. Мына жасымда өз үйімнен қашып, енді ешқайда бара алмаймын. Не көрсем де, осында көремін. Дәм-тұзым таусылып, көрер жарығым біткенде ғана ақыреттік бекінісіме апарарсыңдар...
****
Жас сарбаз қаңыраған қалаға көліктің терезесінен түйіле көз салып келеді. Жол шетіндегі арыққа қыңырая құлап, мүгедектерге арналған арба жатыр. Иесін біреулер асығыс ала кетсе керек. Одан әрірек кішкентай баланың шаң басқан қос тәпішкесі қалып барады. Анасы арқалай қашқанда түсіп қалған болар. Кеше қалаға шуап жеткен балалардың көбі жалаң аяқ, ал біраз әйелдердің сыңар аяқ киіммен барғанын бұл да байқап еді.
Көлік базардың қасынан өтті. Шашылған картошка, қызанақ, сәбіз... Жанұшырған сатушылар "байтал түгіл бас қайғыда" бәрін тастай бас сауғалаған. Сарбаз ауыр күрсінді. Ауылдағы өз анасы да базарда тұрушы еді. Осы картошканың әр келісінен көретін тиын үшін табанынан таусылып, аларманмен айтысып, тартысуға дейін баратын. Енді міне бәрі шашылып, рәсуа болып жатыр. Сарбаз көз алдындағы сұрықсыз көрініске одан әрі қарағысы келмеді, бетін бұрып әкетті. Ол енді жаңағы қария туралы ойлады. "Соңғы бекінісім дейді, қандай тік мінез адам, өзі. Майдандағы оқ пен отты қойшы, соңғы бекінісінің дәл түбінен атылған оқ пен оттың азабы қинап жатқан шығар, ақсақалды".
Бұлар бағанағы снаряд түскен жерге жақындағанда оқтұмсықтың басында отырған әлдебер құс ұша жөнелді. Жай отырмапты, снарядтың басына ақ жолақ белгі салып, саңғып кетіпті.
****
Түн. Қария алдындағы наннан бір үзіп алып, ұзақ таусады. Қанша шайнаса да, кеңірдектен өтер емес. Оны кеседегі қара сумен жібітіп, ары қарай әрең асырды. Нан мен суды әлгі сарбаздар қалтырған. Телефонын да көліктерін оталдырып қойып, қуаттап берді. Қаладағы жарық жарылыс болған күні-ақ өшкен-ді. Ақсақал аз бұрын балаларымен, кемпірімен тілдескен. Оларды да қалаға алып кетіпті. "Мектептің спорт залындамыз" деді. Елдің қолындағы ас пен суға қарап мүсәпір күй кешкенін айтқан жұбайы жылап жіберді. Бұл ары қарай көп сөйлескен жоқ. "Тірі күйік болмай, неге келмедің" деген сөзден кейін-ақ телефонды жаба салған.
Қарияның денесі тоңази бастады. Ол көрпесін бір қолтығына қысып, сыңар балдаққа сүйене түпкі бөлмеге беттеді. Сол жақ жылы болар деп ойлаған. Білте шамын да апарды. Түпкі бөлменің терезесі жарым-жартылай бүтін екен. Қария көрпесіне қымтана бергенде тағы да "дүңк-дүңк" еткен жарылыс үні естілді. Үй аз сілкініп, терезе сылдырлап қоя берді. Қараңғылық құшағындағы қала болса селт етер емес. Кеше ғана қайнаған тіршіліктің ордасы болған қала құлазып, суық тартып, әбден тас бекініп алғандай. Баяғы базарлы, ажарлы қалпы жоқ. Қараңғы, сүркей қаланың бір бұрышында, пойыз стансасының қасындағы үйінде жалғыз қалған қарт қана бар. Қаңырап қалған бүкіл қалада жалғыз адам. Әдеттегідей сақырлатып өтетін пойыздар да жоқ. Қария сол дауысты күтеді. Бірақ, қанша құлақ тосса да ести алар емес. Есесіне, бос қалған релістер домбыраның қос ішегіндей бебеулеп, снарядтың дауысын алыстарға ала қашады.
Бүгін Гүлмәриямның сиыры да мөңіреген жоқ. Ол байқұс қорадан әбден үмітін үзген соң, бұзауын іздеп, қырға лағып кеткен-тін. Ал, сұр төбет болса, егесіз, қорғаусыз қалған көп үйлердің бірінің тауығын тамақтап жатқан. Қария оны білген жоқ. Ақсақалдың мазасы қашты, басын көтеріп алды. Осы кезде лып етіп кірген сумақы жел, білте шамды тағы өшіріп кетті. Қария оны жағуға асыққан жоқ. Сынық терезеден сыртқа көз салды. Алыстан әлдебір оттың жарығы өлеусіреп көрінеді...
Соңы