Арыс қаласындағы төртінші жарылыс 2019 жылы жазда болғаны белгілі. Мыңдаған адамның өміріне қауіп төндірген әскери қойма шенеуніктер уәде еткендей жуырда көшірілмейді. Қоймадағы 117 мың тонна оқ-дәрі жойылған, қалған бөлігінің 20 мыңға жуығы көшірілсе де, әлі күнге дейін 12 мыңдайы ескі арсеналда тұр. Неге?
Он жылда бір емес, төрт мәрте жарылып, оннан астам адамның өмірін қиған қоймадағы оқ-дәрінің көлемі жайлы мәлметті қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 22 желтоқсандағы баспасөз жиынында «құпия» дегенімен, редакцияға жазбаша жауап жолдапты.
Вице-министр Тимур Дәндібаев ұсынған дереке қарағанда, былтырғы төтенше жағдай салдарынан әскери қоймадағы көлемі 3 мың вагонға тең 117 мың тонна оқ-дәрі мен қару-жарақ жарылған. Арыстағы әскери қойманы оқ-дәріден тазарту жұмысы әлі аяқталмаған.
Ресми дерек бойынша, 2019 жылы 5 шілдеде оқ-дәріні көшіру жұмысы басталған. Сол кезде министр Ермекбаев 28 мың тонна (817 вагон) жүкті он айда, яғни 2020 жылғы мамыр айына дейін толық көшіруге уәде берген.
Министр оқ-дәріні тасымалдау барысында қауіпсіздік мәселесіне мән бергенін айтып, жаңа қойма салынғанша операция тоқтағанын жеткізген. Министрліктің мәліметінше, апаттан «аман қалған» 32 мың тонна қарудың 19,7 мыңы ғана көшіріліп-тасымалданған, қазір 12,3 мың тоннасы (инженерлік оқ-дәрілер – 11 710,26 тн./424 вагон, құрылғы жинақтары мен оқу-жаттығу оқ-дәрілері – 598 тн./32 вагон) Арыста қалып қойған.
«Біз оқ-дәрілердің негізгі бөлігін Арыстан алып кеттік. Бірақ басқа қоймалардың жағдайы жеткілікті болмағандықтан, жұмыс уақытша тоқтады. Ең қуатты, қауіпті қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өзге қоймаларға тараттық. Қазір Арыс қаласындағы қоймаларда тек инженерлік оқ-дәрілер қалды. Бұлардан төнетін қауіп жоқ. Басқа қоймалар дайын болған соң жұмыс жалғасады», – деп жауап берді 22 желтоқсандағы брифингте.
Ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған жауап хатта әскери қоймадағы қауіпті оқ-дәрі қоры министрдің алғашқы уәдесіндей емес, 2025 жылға қарай көшірілетіні хабарланған. Қару-жарақ сақтайтын қоймалар салынып, қолданылысқа берілгеннен кейін ғана көшіріледі.
«Қалған оқ-дәрілерді тасымалдау жоспарланған жаңа сақтау объектілерінің құрылысы аяқталғаннан кейін жүзеге асырылатын болады. Сақтау нысандарын құрылысы шамамен 2024 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады», – делінген ресми жауапта.
Жартысынан көбі жойылған оқ-дәрінің қалған бөлігін алғашында он айда көшірмек болған министрдің сөзі бірер жылға емес, аттай бес жылға кешеуілдеуінің себебі белгісіз. 149 мың тонна қару құралдарының 117 мыңы жанып кеткен, қоймада жатқан 12 мыңын сақтар орын жоқтығы да жүйелі мәселенің бір ұшынан белгі берердей.
Былтыр, 2019 жылғы 24 маусымда 45 мың тұрғыны бар Арыстағы әскери қоймасында алапат жарылыс болған. 117 мың тонна қару-жарақтың күллі көкке ұшқан апаттан төрт адам (екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды) қазаға ұшырады. Сонымен қоса, онмыңдаған адам үй-жайын тастап көшуге мәжбүр болып, 7527 үй мен 103 көпқабатты тұрғын үй зақымданған еді.