***

Сені күту – балға бұрыш қосқандай,

Күлім қағып, күндіз Айды тосқандай...

Сені күту – жалынға мұз салғандай,

Қамшыменен осқандай.

 

Сені күту – бұлттың соқыр көзіндей,

Қуанғандай ештеңені сезінбей.

Сені күту  - жоққа  қолды созғандай,

Торғай  қонған гүлдің сынған кезіндей.

 

Сені күту суды құмға шашқандай,

Құбыжыққа есігіңді ашқандай.

Сені күту қарағандай айнаға,

Сосын тұра қашқандай.

 

Сені күту мұздан шырақ жаққандай,

Жалтыраған тұздан алқа таққандай.

Сені күту  - жылап тұрып оңаша,

Күннің дәмін татқандай.

 

Сені күту -  бір ғажайып өмірдей,

Көк аспанда  тұратұғын төгілмей.

Сені күту - көлеңкемен соғысу,

Ешқашан да жеңілмей.

 

Сені күту  - адасқандай ішіңде,

Не болмаса  нан көргендей түсіңде.

Сені күту – аппақ  тасқа айналу

Күліп, әлде жылап тұрған пішінде.

 

Сені күту  - күтулердің қызығы,

Тілектің де ең әдемі, түзігі.

Күтем сені қара көзім  талдырып,

Дүниенің   біткенінше қызылы!

 

Күтем сені. Көзім өткір, сөзім шын.

Мұндай бақтан қалай адам безінсін.

Күтем сені, жан тағынан тайғанша.

Өйткені,  сен  - өзімсің!

 

***

Бір уыс күн түсті көктен үзіліп,

Жердегі түн кетіп қалды бұзылып.

Қара түсті шаппай алған Қызылға

Бүкіл әлем қарап тұрды қызығып.

 

Қара аяздың басылғандай арыны,

Жайлап алды жылылықтың сарыны.

Бір уыс күн -

жүректерді аралап -

Тек ұрыға ұнамайтын жарығы.

 

Той өзгеріп, жерден басын көтерді ой,

Кетті нала, көрсеттім деп бекер бой.

Қараңғылық билік құрған бұл жерге

Бір уыс күн болса жетеді екен ғой...

 

***

Жаныңа жай таппай лайық,

Ешкімге таға алмай бір айып.

Жүресің жүгенің сүйретіп,

Мұз басқан мұхиттай мұңайып.

 

Айырып ала мен құласын,

Ақыры ішіңнен тынасың.

Талтүсте адасып-адасып,

Шіріген ағаштай сынасың.

 

Не сүймей немесе жерінбей,

Ертеңге баруға ерінбей,

Сөзіңе бір шуақ төгілмей,

Көзіңе ештеңе көрінбей,

 

Не тоқтап,

немесе шаба алмай,

Не керек екенін таба алмай,

Тұмаудан тұрғандай салбырап,

Тым құрса өзіңе жаға алмай,

 

Болмашы нәрсені сұрайсың,

Болмашы нәрсеге жылайсың.

Биікке ұмтылсаң, тайғанап,

Тағасыз жорғадай құлайсың.

 

Қызыққа  көзіңді сүзбейсің,

Қайтадан бір өмір іздейсің.

Киімін уақытқа ұрлатып,

Ұялған жалаңаш күздейсің...

 

Немесе тойдағы аштайсың,

Жүректен алынған тастайсың.

Көңілің көз ашпай қамшыдан,

Есігіңді ешкімге ашпайсың.

 

...Түн қара гүлдей боп ашылған,

Бір сәуле қалдырмай қасыңнан.

Толқындай соғасың жағаны,

Жинап ап күшіңді шашылған.

 

Құрғатып көзіңнің ұясын,

Қайтадан қалыпқа сыясың.

Бір сәуле жылт етсе, өзгеріп,

Осының барлығын қиясың...

 

***

Қап-қара түн көзі қызыл,  тісі аппақ...

Жарығыңды   шайнап жатыр ұсақтап.

Ұйқыға кет , тыныштыққа оранып,

Айдан түскен аш сәулені құшақтап...

 

Жерді ұмытып жапырағын жамылған,

Шерді ұмытып  жастан алқа тағынған.

Ұйықтап кет дүниеден алыстап,

Желді ұмытып бағытынан жаңылған.

 

Сенде қалған – тегін қиял, тек тілек,

Содан кейін жауыр болған ет-жүрек.

Ұйқыға кет үмітіңді жастанып,

Терезеңді қара жаңбыр тепкілеп...

 

***

Салқын күзде салқын ойлар балалап,

Арман қашып бара жатыр ағалап.

Жылытатын сөз іздеймін сөреден,

Алыстағы үмітімді сағалап.

 

Бір күлімдей күлкің болса, лақтыршы,

Есігімнен бір қуаныш ап кірші!

Суықторғай секілденіп, бүрсиген

Жаман біреу болсам дағы жақтыршы...

 

Аяп мені, үзбей-ақ қой түк тамшы,

Қуандырып, арқамдағы жүкті алшы,

Тек әйтеуір мына салқын әлемнен

Құтқааршыы!

 

***

Құламаймын деп тырмыстым,

Жыламай жүрсем – жеңісім.

Келемін  кәрі  тұрмыстың

Сүйретіп ескі кебісін.

 

Жүрегің кейде ауырлап,

Қойғандай құйып қорғасын.

Тартасың жасың  сауылдап,

Тірліктің тесік дорбасын.

 

Ұқсайды тұрмыс жендетке -

Қоймасы ауыр  жазаның.

Ұша алмай қалдым мен көкке

Қайнатып жердің қазанын.

 

Іздейді кезін жасырақ,

Елесін тауып әрқайдан,

Асылын ойдың асырап.

Гүл іздеп күлден қартайған.

 

Біте ме бұл ән біздермен.

Түңіліп көктем, жазынан.

Сенуге себеп іздеумен.

Сергелдең болып, қажыған.

 

***

Сезіп едім осы күннің келерін,

Күтіп едім жыл санап.

Бұзақы жел көрсетем деп өнерін,

Тереземді тұр сабап.

 

Күтіп едім осы күнді асығып,

Қонар ма деп қолыма.

Айдың алтын бұтағына асылып,

Қарап едім жолына.

 

Ойларымның шуағына жылынып,

Артық тастан  арылып.

Күннің нәзік шашағына ілініп,

Күтіп едім зарығып.

 

Шетсіз-шексіз сағынышқа ие ғып,

Өмір солай жалғасқан.

Жұлдыздардың жарығына сүйеніп,

Күттім сені талмастан.

 

... Жетті сол күн – үзілгенде үмітім,

Түскендей боп төбеден.

Нені күтіп жүрмін енді күні-түн?

Қуанбаймын неге мен?..

 

***

Оятпа сен мені, қалғысам,

Өзгеге еліктеп, өзгерме.

Іздеме бекерге, қаңғысам,

Жоғалғым келетін кездерде.

 

Таң болып күтіп ал кешкірсем,

Ән болып, жанымды желбірет.

Жаңа айдай жарқырат ескірсем,

Қиналма «қайтемін енді?» деп...

 

Басқа бір әлемде тұрақта,

Көздерің бақытқа шөлдесе.

Сен мені ұмытпа бірақ та,

Өзіңді ұмытқың келмесе...

 

Ешқандай ағынға қосылмай,

Таңданба бәрінен сырт қалсам.

Ешқашан жоғалмас досымдай

Жер болып күтіп ал бұлттансам.

 

Аяма адасып, қағынсам,

Сен мені сөкпейтін шығарсың?

Мың жылдар өткен соң табылсам,

Қағаздан барлығын ұғарсың...

 

Түсінбе тойларда болмасам,

Және де жолымды жүрілген.

Бір күні кеудеңе орнасам

Жаңбырдан кейінгі жырыммен...

 

***

Қашайықшы барлық қиын сұрақтан,

қишы маған ұйқыңды.

Қарашы, анау балағынан кірі  аққан

қала қандай сүйкімді!

 

Қашайықшы, айдалаға, адасып,

Ашайықшы басқа әлемнің есігін.

Ешкім бізді іздемесін жаны ашып,

Ешкім бізден сұрамасын кешірім...

 

Өтіп жатқан күніміздің көбі өлең –

Жылыстайық ақырын.

Ешкім бізге қарап тұрып төбеден,

Лақтырмасын ақылын.

 

Ешбір адам аямасын біздерді –

Сенгендері сатты деп.

Өшірейік бар азапты іздерді,

Басқаларға бақ тілеп.

 

Қашайықшы, құдай үшін, ерінбе.

Жүріп тұр ма көлігің?

Әлде мені құтқаруға сенің де

Шаппай тұр ма көңілің?!

 

***

Ішінде арман-ағыстың

Бұзылды жүрек жолдары.

Доссыз өмірмен таныстым –

Сұп-суық екен қолдары.

 

Қуанып жүріп, құладым,

Қар жауған қала тағы кір.

Доссыз өмірге ұнадым,

Ал енді маған   бәрібір...

 

Бәріңнен енді алыспын,

Алыстай түсем бұл түні.

Доссыз өмірмен таныстым,

Түріміз қандай күлкілі!

 

Ешкімді енді тоспаспын,

Ұмытып кетіп жүрмесем.

Доссыз өмірмен достастым,

Жағдайым осы, білмесең.

 

Армандап жүріп, адастым,

Жолымды таптым қалайда.

Доссыз өмірмен жарастым,

Келмеші мұнда, жарай ма?..

 

***

Сіңіріп жерден жылу, көктен көрік,

Табылмай көңіліме жеткен көлік.

Кеудеме қараторғай ұя салса,

Жем беріп, асырадың көктем болып.

 

Сөздері сөз ғана емес,

Саз сияқты.

өзіңсіз жердің беті таз сияқты.

Жайқалттың, жасандырдың, жарылқадың

Жалғанға жақсы қонақ – жаз сияқты.

 

Жапырақ қашқан қала түз сияқты,

Естегім – ертең қатар мұз сияқты.

Қайырымсыз қара жел боп сабаладың

Қарғалар ғана қалған күз сияқты.

 

Жақсы кез жаныңды арбар түс сияқты,

Жылыны жаны сүйер құс сияқты.

Болмасын аяғы жоқ іс сияқты –

Қатырсаң, қатыра ғой қыс сияқты...

 

***

Тоңды жаным – жапырақ,

Ағаш-тәнім аңырып тұр, ақымақ.

Күннің көзі ұйқылы –

Анда-санда ашылғанмен бақылап...

 

Өмір деген – үңгірлерге үңілу,

Содан кейін түңілу!

 

Тоңып тұрып, жылындым,

Күліп тұрып, бүліндім.

Ұрынбасқа ұрындым.

Жапырағым – жанымды қорғалап,

Қара түннің көзінен сорғалап

Келе жатқан бір өлең...

 

 

***

Келші, көктем-сіңілім,

Қайда кеттің қыдырып –

желп-желп етіп тұлымың,

бұлақ болып жүгіріп?!

 

Қоңыраудай сыңғырлап, күліп жүр ме екенсің?

Келеріңді бір күні біліп жүр ме екенсің?

 

Бақытыңмен, бауырым,

қай жақтарды жылыттың?

Гүлдің жинап тәуірін,

Бізді қалай ұмыттың?

 

Басқа жердің бағына ұнап жүр ме екенсің?

Сар далаңды сағынып, жылап жүр ме екенсің?

 

Тоңдым, құлдай торығып,

Барлығыңды білдірші.

Түсімде бір жолығып,

Аязымды сындыршы.

 

Көшелердің бойында шұбап өнер ме екенсің?

Ала қардың астынан шыға келер ме екенсің...

 

Келші, көктем, құспенен,

Бір-ақ күнде білдірмей.

Қоштасуға қыспенен

Қалайын мен үлгірмей.

 

... Осы биыл сен әлде кешігер ме екенсің?

Келе ғой деп шақырсам, есінер ме екенсің...

 

***

Кеш.

Дүние бос...

Жып-жылы жүрегімді мұзға тастадың

Және қашпадың.

Өш.

Қош!

 

Кеш.

Дүние - дос.

Мұздың шамасы келмеді.

Ештеңе өлмеді...

Бір, екі, үш, төрт, бес!

Алақаныңды тос!

 

 

***

Қандай жаза тосады екен тағы алдан?

Қаншама аласұрам...

Жауып жатыр жапырақтар ағарған

Алланың ағашынан.

 

Жауып жатыр жапырақтар – туысым,

Солармен көктес едім.

Өзім іздеп, тауып ішкен у үшін

Кімдермен кектесемін?

 

Әлде бақыт құстарының мамығы

Бұрқырап тұрған мынау?

Уақыт тонап ұрылардай кәнігі

Өзімнен құр қалдым-ау...

 

Жылтылдап ап, жығылады, жылайды.

Олар да күнге ғашық.

Жауыма да тілемес ем бұл айды,

Құтылам кімге қашып?

 

Күнге ғана көзін берер шоғы алуан

Көңілдің көбелегі.

Жеңілім-ай, жерге жетпей жоғалған

Қалдырдың неге мені?!

 

***

                                   «Өксіктен өлмей тұрып,  өрем қаптым,

Бетім жоқ, хазіретке қалай барам?»

                                               Ахмет Йассауи

 

Құдайсыздық хақында білім алдым,

Жантәсілім ете алмай, тірі қалдым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

Пенделік пейішіне ене алмадым,

Алдамшы дүниені жеңе алмадым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

Алланың жолын кесіп өте алмадым,

Құл болып, құлай қызмет ете алмадым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

Жарасын жүрегімнің таңа алмадым,

Фәнидің у, балына қана алмадым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

Көбелектей көңілдің отын ұнаттым,

Аршалаған ақылды төмен құлаттым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

***

Қайығың қандай әдемі –

Көз жасымнан жаратылған көлдегі!

Айыбың қандай әдемі,

Ең қызық жан жердегі...

 

Өрлігің қандай әдемі –

Өз жүрегін көрмейтін.

Қорлығың қандай әдемі –

Ешкімнің қолынан келмейтін.

 

Сенің қасыңда күн нұрсыз,

Көк те аласа.

Менің көзіммен қараса...

 

***

Қалмады жасым төгерге,

Бағытым басқа,

Жетім із.

Жолыңыз түссе егер де

Түсіме еніп кетіңіз...

 

Тәрк еткем ессіз жалғанды,

Тәңірге Сіздей сиынып.

Алыстан күлген арманды

Күтпеймін және күйініп.

 

Өмірімменен өңдедім,

Сіз бәлкім басқа шығарсыз?

Жүректің нәзік еңбегін

Жүз жылдан кейін ұғарсыз...

 

Жапырақ көзі әлі өңді,

Оған да енді күз келер.

Қияр ем жарық әлемді

Қажеті болса Сізге егер.

 

***

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар...

Қара атаулы түгелдей қырылды бар.

Қалғаны тек қап-қара көзім ғана,

Ақ қағазға құлаған сөзім ғана.

 

Сен де бұрын осындай ақ едің ғой.

Жақсылықтар жайғасқан тақ едің ғой...

Қонып жатыр қураған талға қаптап

Ерекше қар... елжіреп, қалбалақтап.

 

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар,

Енді нені ол бізге ұғындырар.

Ақ қағазда еріді қара сөзім,

Үміт болса, үңіліп қарашы өзің.

 

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар,

Саған ғана арнадым жырымды бар.

Қар да жерге барады әне, қайтып

Ата-көктен бір ғажап сәлем айтып

 

Қар сияқты қызық ең ұшқан ана,

Тазалықтың ғұмыры қысқа ғана.

Салқын көктен саулайды қар ағыны

Жылы  ғой жер, болмаса қаралығы.

Сен сияқты ерекше бүгінгі қар...

 

***

Далаға кетіп, сарқылды үнім,

Ішінде күйіп мәңгі оттың.

Мен дағы кейде әр түрлімін

Күнбағыстарындай Ван Гогтың.

 

Басымды қойған күнге байлап,

Байлаулы өмір құрысын.

Біресе қурап, бірде жайнап,

Қараймын күнге  - жұмысым.

 

Төбешіктерді өрге балап,

Ұстамақ болып сағымды.

Жүремін  сосын жерге қарап,

Қарадай қинап жанымды.

 

Сендірсең дағы  сене алмадым

Бір өзгерістер  болар деп.

Күл болып кетті  көп арманым

Апарып   күнге,   тоңар деп.

 

Өткеннің өлмес деректері,

Қарашы соны қалғымай...

Биікке шықпау керек пе еді

Құлап қалғанша дәл бұлай....

 

 

АДАЖИО

 

Күндер өледі,

Түн тербеледі –

Сен қараңдайсың,

Жол таба алмайсың.

Арнасы жоқ өзендей аға алмайсың...

 

Күндер өледі,

Түндер келеді.

Сен қиялдайсың,

Қия алмайсың –

Ұмыта салуға да ұялмайсың...

 

Ештеңені  көрмейсің.

Есігі жабық елдейсің...

Езілесің,

Безінесің -

Өртенгенмен, өлмейсің.

 

Айлар зырлайды,

Арманды ұрлайды -

Сен жарыспайсың,

Қалыспайсың  –

Алқынып ,     жеткен  сайын алыстайсың...

 

Алыс айналып,

Айға байланып,

Сен мұңданасың,

Жынданасың –

Иесі  тастап  кеткен үн ғанасың.

 

Жауа алмай қалған  селдейсің,

Соға алмай қалған  желдейсің.

Құбыласың,

Тығыласың -

Ештеңеге көнбейсің...

 

Той қамалайды,

Ой сабалайды -

Сен құламайсың,

Жыламайсың –

Тым құрыса, бір көмек  сұрамайсың.

 

Үміт қашады,

Күдік басады...

Сен таба алмайсың,

Жаға алмайсың -

Қайтадан қанатыңды таға алмайсың.

 

Өзіңе өзің сенбейсің,

Аспаннан безген жердейсің.

Қаралайсың,

Жаралайсың -

Өзіңді өзің жерлейсің.

 

Аспан жылайды,

Саған құлайды -

Сен  су аласың,

Уанасың -

Өзіңменен достасып, қуанасың.

 

Күн  шашылады,

Мұң басылады.

Сен емделесің,

Жемделесің.

Дүние дегеніңе көнбегесін...

 

Өзіңді өзің тергейсің,

Қолыңды бекер сермейсің.

Уақыт бетсіз,

Бақыт  шексіз -

Бірақ оны көрмейсің...

 

***

Қателердің арасында қалықтап,

Саған қарай алмадым-ау анықтап...

Кетер ме екем айтарымды айта алмай -

Батып  кеткен Күн сияқты байқалмай.

 

Телефон соқ тезірек,

Өзі қара, көзі көк!

 

Сенер едім, пайда бар ма онымнан –

Жаман ағаш көктер ме екен – жонылған...

Жуасы бар, жындысы бар, тарпаңы –

Қателіктер қанатымнан тартады.

 

Телефон соқ тезірек,

Өзі қара, көзі көк!

 

Жердің тарту күші қалар төмендеп,

Бір қоңырау жете қалса сенен кеп.

Қадам бассақ, қателіктер шыңғырсын,

Осы дұрыс шығар бәлкім, кім білсін?

 

Телефон соқ тезірек,

Өзі қара, көзі көк!

 

Қара жер мен көк аспанның елесі,

Қайыра кеп қанатымнан демеші.

Сен де қате, мен де қате – дұрысы.

Жаратқанның қалай екен мұнысы?!

 

Өзі қара, көзі көк,

Телефон соқ тезірек!

 

***

Сары үйде менің әнім бар,

Сары үйде менің жаным бар!

Аясаңдар, адамдар,

Сары үйге мені қамаңдар!

 

Сары үйде у бар, дәрі бар,

Бақыт та, сор да – бәрі бар.

Қорлық бар онда, көмек бар,

Өмір сүруге себеп бар…

 

Сары үйде ғана аспан бар,

Апарып мені тастаңдар!

Күн де бар онда, әрине,

Апаршы мені сары үйге!

 

Сары үйде менің күлкім бар,

Жоғалтып алған кілтім бар.

Сары үйде менің ес, үнім,

Ашыңдаршы есігін!

 

***

Сізді ғана күтіп жүр ем, таба алмай,

Бір күні кеп, шырағымды жағардай.

Сізді күттім қара жолға қадалып,

Қанатымды қаға алмай.

 

Сізді күттім күздің күрең бағындай,

Сізді күттім ханның алтын тағындай.

Күннен тамған күміс тамшы секілді –

Сізді күттім бұлдыраған сағымдай.

 

Сізді күттім жауын күткен даладай,

Сізді күттім тәтті іздеген баладай.

Ұмыта алмай ұзақ жүрдім көшеде,

Аяғымның талғанына қарамай.

 

Күтуменен құлады күн, атып таң,

Сізді күттім бөліп алып уақыттан.

Қасыңызға еріп келген ана әйел

Қалай өлмей, шыдап отыр бақыттан...

 

***

Қандай қызық көктемменен кездескен –

Бақыттан жылаған.

Күрсіндіріп, күз келгенін сезбестен,

Күнге ұнаған...

 

Қандай қызық көктемменен кездескен –

Қимай қарасқан.

Ақыл-ойдың ну орманын кезбестен,

Адасқан...

 

Қандай қызық орамалмен кездескен –

Сүрткен көзіңді.

Һәм шығару ертең ерер сөзді естен

Және өзіңді.

 

Қандай қызық орындықпен кездескен –

Теңізге қараған.

Тіршіліктің тізіміне енбестен,

Сағат санаған...

 

Қандай қызық ағынменен кездескен –

Алыс сүйреген.

Берекесіз дүниеден безбестен,

Қайта билеген.

 

Қандай қызық жапырақпен кездескен –

Жаңа таңы атқан.

Көшелерде күндіз-түні көз көшкен

Күліп баратқан...

 

Қандай қызық қызғалдақпен кездескен –

Саған терілген.

Содан кейін самал желге жолда ескен

Жақсы көрілген.

 

Қандай қызық теңізбенен кездескен –

тұзды су алған.

Ешкімге де, ештеңеге сенбестен,

Қуанған...

“The Qazaq Times”