Бүгін, 16 наурыз Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Түркістан» халықаралық газетінің жанындағы «Алдаспан» пікірсайыс алаңы ұйымдастырған «Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өтудің мәні» атты дөңгелек үстел болып өтті. Шараға белгілі тарихшы, этнограф ғалымдар, ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – бағзы заманнан жалғасын тапқан Наурыз мейрамының келіп шығуы, оның мән-маңызы туралы сөз қозғай отырып, бүгінгі күнде аталған мерекенің толыққанды ұлттық, халықтық сипат ала алмай келе жатуының басты себептерін көрсету. Соған қоса, Наурызды жаңа сипатта атап өтуге нақты ұсыныстар мен пікірлерді ортаға салу.
Талқыға қатысушылар қазіргі кезде Наурыз мерекесін өткізуге үкімет орындары ұйымдастырушы болғанымен, науқан сипаты басымырақ болып, тарихи маңызы мен мәнін жоғалтып бара жатқанын айтады. Тіпті Наурыз десе болды халық далада жүріп, әкім қаралар киіз үйлерде жылы-жұмсағын жеп күтім көріп қайтатын науқанға айналды дегенге бірауыздан келіседі. Наурыздың мерекелік шарасын ұйымдастыруды үкімет өзінің қатардағы бір науқандық міндетіне балап отырғанын, оны шынайы түрде ұлттық мереке, халықтарды ұйыстырудың негізі екеніне мән бермей отыр деген пікірлер айтылды.
Осы қатарлы пікірін ортаға салған тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан сөзінде: «Үкімет бұл мерекені өзінің ұлттық мерекесі ретінде қабылдағанда ғана Наурыз өз тұғырына қонады. Оған қоса, мемлекетті ұйыстырып отырған, елдің басты құраушысы Қазақ халқы, оның тілі өз мәртебесіне жеткенде ғана Наурыз мерекесі де, Ұлттар ассамблеясы да, үкіметтің түрлі саясаттары да өз көздегеніне жететін болады», – деді.
Дөңгелек үстелде Уақап Қыдырханұлы, Тәттігүл Қартаева, Ерлан Төлеутай, Нұрмұхан Жанұзақұлы, Самат Өтениязов, Айжамал Құдайбергенова, Әлімғазы Дәулетхан, Қасымхан Бегманов, Ғалия Теміртон қатарлы тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы ғалымдар, зерттеушілер Наурызды жаңа сипатта, өз мәнінде өткізу үшін ұсыныстарын ортаға салды. Солардың елеулілерін айтар болсақ: Наурыз мерекесі мен «Жеті» санының ұғымын ұштастыру бұл атаулы күнді толық халықтық мерекеге айналдырады. Сондықтан, Наурыз көжесіндегі жеті дәмінің Күн нұрының жеті түсіне, дыбыстың жеті ырғағына, жылдың басының жеті күннен тұратынына, жеті қат көк пен жеті қат жер ұйымдарына баланатынын тұтас ел көлемінде мифтік деңгейде жалпыластыру және 7 күн тойлайтын мереке етіп белгілеу; Наурыздың жыл басы екенін, жаңа тіршіліктің басталуының символы екенін ескеріп, тіршілікке зиян жеткізбеуді, орта қорғауды насихаттайтын күн ретінде еске алу; Әр аудан-қалаларда «Наурыз» атында саябақтар ашылып, оны мерекелік және өзге де дәстүрлі рәсімдер өткізетін орталық ету; Наурыз айында «Наурыз» пойызы облыстарды аралап, қазақ даласына мерекелік сәлем жеткізу секілді ұсыныстар ортаға салынды.
Жылдың басы, тіршіліктің басталуы, күн мен түннің теңелуі, суықтың сынып, әздің жүруі, малдың төлдеуі, міне бұлар сол Наурыздың аса ауқымды сипатына кіреді. Осы бір айтулы күн, қазақ тарихында сонау есте жоқ ескі заманнан бері тойланып, мереке ретінде атап өтіліп келе жатқаны, оның «Ұлыстың ұлы күні» деп аталатыны айдан анық. Тек өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді дейтіндей бүгінгі күнде ұлттық болмыстың тамырына тартатын мұндай дәстүрлер үкіметтің халықты алдарқататын амалына емес, шынайы ұлттық мереке ретінде тұғырында қонуын тілек етеміз.