Өткен аптада «Dispatch Weekly» газеті «қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов ресми Брюссель билігімен келісіп Патох Шодиев пен Әлижан Ибрагимовке қарсы куәгерлік етіп Бельгия азаматтығын алуы мүмкін» деген ақпарат таратты. Бұның Франция мен Бельгия саясаткерлеріне қандай қатысы бар? "Қазақгейт-2" Брюссель мен Париж арасында қандай дау туғызуда? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көруге тырыстық.
Қазіргі таңда Бельгияда қазақстандық олигархтар Патох Шодиев пен Әлижан Ибрагимовтың үстінен «2011 жылы Бельгия құзырлы органдарына пара ұсынды» деген айып тағылған қылмыстық іс қозғалып жатқаны белгілі. Осыған байланысты Бельгия билігі аталмыш іске байланысты тағы бір қазақстандық олигарх, қуғындағы саясаткер Мұхтар Әбілязовпен байланыс орнатуда. Ал ресми Брюссельдің не үшін бұндай қадамдарға барып отырғандығын білу үшін бізге 1997 жылға оралуымызға тура келеді. Өйткені дәл осы жылы Патох Шодиев Бельгия азаматтығын алған. Дәл осы уақытта Шодиевтің "Tractebel ісіне қатысы бар" деген ақпарат тараған. Аталмыш іс бельгиялық «Tractebel» фирмасы не бәрі 5 миллион долларға «Алматыэнерго» желілерін сатып алғаннан кейін басталған. «Tractebel ісіне» байланысты сот процесі он жылға созылған. Сот барысында Шодиевтің «Tractebel» фирмасына «Алматыэнергомен» келісім кезінде лоббистік қызмет жасағаны үшін пара бергендігі анықталған. Бірақ осыдан кейін Бельгияда пара бергендер сотпен келіскен жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен айыппұл төлеу арқылы құтыла алатын заң жобасы қабылданды. Шодиев Бельгия билігі ұсынған бұл жеңілдікті бірден пайдаланып кетті. Ол заң шыға салысымен бірден 23 миллион еуро айыппұл төлеп, қылмыстық жауапкершіліктен құтылды.
Алайда «Қазақгейт-2» ісі бұнымен аяқталған жоқ. 2014 жылы Франция БАҚ өкілдері «Tractebel ісіне» қатысы бар франциялық және бельгиялық саясаткерлердің аттары аталған құжаттарды жариялады. Ал 2016 жылы Бельгия парламенті аталмыш іске байланысты арнайы комиссия құрды. 2017 жылдың мамыр айында бельгиялық «Vif» журналы аталмыш іске Францияның бұрынғы Ішкі істер министрі, Николья Саркози кезіндегі президент әкімшілігінің басшысы Клод Геан мен Бельгия Сенатының бұрынғы төрағасы, экс-қаржы министрі, қазіргі таңда Бельгия сыртқы істер министрі қызметін атқарушы Дидье Рейндерстің қатысы бар құжаттарды жариялады. Бұл құжаттардың жарыққа шығуы Франция мен Бельгия арасында үкіметаралық саяси дау туғызды. Ресми Брюссель тарапы аталмыш іс арқылы Франция билігі Бельгия парламентіне ықпалын жүргізуі мүмкін деп күдіктенеді. Ал Франция тарапы Бельгияның бұл күдігін негізсіз деп есептейді.
Осылайша ресми Брюссель мен Париж бір-біріне күдікпен қарап отырғанда Еуропа сот залдарында аты Шодиев пен Ибрагимовтан кем аталмайтын Әбілазов «Қазақгейт-2» ісіне өз үлесін қосуды ұйғарыпты. Ол ресми Брюссельмен келісімге келу арқылы Бельгия азаматтығын алып, Қазақстан, Ресей немесе Украинаға экстрадицияланбаудың жолын қарастыруда. Оның бұндай қадамдарға баруына себеп те жоқ емес. Өйткені соңғы уақыттары Франция президенті Эммануэль Макрон Ресеймен жақсы қарым-қатынас орнатуда. Ал бұл дегеніміз алдағы уақытта Франциядағы саяси ахуал Әбілязовтың пайдасына жұмыс істемей қалуы мүмкін деген сөз. Бір сөзбен айтқанда қазақ олигархтары жайындағы «Қазақгейт» атты көркем шығарма өзінің шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ. Ол жыл өткен сайын өз жалғасын табуда.