Қаңтар
Қазақстан климатында қаңтар ең суық ай болып саналады. Қаңтардағы ауаның орташа темпратурасы -18 С˚. Бұл айдағы ең төмен темпратура - 45С˚-қа жетеді. Республиканың шөлді және шөлейт аймақтарында бұл ай негізінен желді, аязды болады. Таулы өңірдің климаты оңтүстікке қарай жұмсара түседі. Айталық, қаңтардың орташа темпратурасы Алтайда -13 С˚ болса, Алатау маңы -4 С˚ болады.
Қаңтар – қазақтың байырғы күнтізбесінде азаматтық жылдың он бірінші айы. Желтоқсаннан кейін, ақпаннан бұрын келеді. Ескі санақ бойынша бірінші айдың 3 күнінен екінші айдың 1 күніне дейінгі аралық (қазіргі 16 қаңтардан 14 ақпан аралығы), ұзақтығы 30 күн. Бір қызығы, ол ХІХ ғасырда қаңтарға, одан бұрын (орта ғасырларда) желтоқсанға тура келген. Желтоқсанда күн қысқарып, түн ұзарып бітеді. Яғни, күн тоқырайды. Қаңтар атауы содан шыққан. Тоқырауға жеткен күн басын көтере алмайтын қаңтарулы аттай одан ары қысқара алмайды. Бұл айдың соңында күн ұзарады. «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» деген сөз бар. Қаңтар – қауысқа сәйкес. Қар тебе алмайтын кәрі құртаң мал осы тұста сойылатын болған. «Қаңтар мен қауыс – кәрі-құртаңды тауыс» деген тәмсіл қалған.
Бүгінгі таңда біз қаңтарды елімізде қолданылып отырған Григориан календарындағы январ айының баламасы ретінде пайдаланып жүрміз. Жаңа қаңтарда бұрынғыдай 30 емес, 31 күн бар. Ол ресми түрде жылдың басы саналады. 1 январ – жаңа жыл мерекесі. Ол жаңалықтың нышаны ретінде аталып өтілетін болды.
Қаңтар – шаруа айы. Қақаған қыс қаһарына қарсы қайрат пен күш-жігер қатар жұмсалар шақ. Психологтардың пікіріне қарағанда, бұл айда адамдар болашаққа неғұрлым үмітті, әрекетті, сергек келеді.
Наурыз
Наурыз – октябрь революцясынан бұрынғы қолданылып келген қазақ күнтізбесіндегі азаматтық жылдың бірінші айы. Бұл атау бізге ежелгі парсы тілінен келген. Алайда, ол парсыша ай аты емес, айдың бірінші күні ғана. Баяғы қазақ календары бойынша наурыз күні күн мен түн теңеледі. Ол жазғытұрғы теңелу. Осы кезде басталатын ай Григориан календарындағы 22 март пен 20 апрельге тура келеді.
Баяғы қазақ календары бойынша науырыз 30 күн болған. Оның алғашқы күнін жаңа жылдың басы деп біліп, « Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Ол күні кәрі-жас құшақтасып көрісіп, бір-біріне ақ ниетпен ақ тілеуін, арман-пейілін білдіріп науырыз жырын, тақпағын айтатын болған. Кездесіп қалғанда бір-біріне «аманбыз, армысыз, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ұлыс береке берсін, бале-жала жерге енсін!» дейді екен.
Науырыз айын бүгінгі қолданыстағы календардағы март айының баламасы ретінде пайдаланып жүрміз. Ежелгі римше март (мартис) жыл басы болып саналатын. Біздің заманымыздан бұрынғы 46 жылы Юлий Цезарь жыл басын январға көшіруіне байланысты, март реттік саны бойынша үшінші орынға ауысты.
Қазақстан аумағы бойынша наурыз айы көктемнің хабаршысы. Күн жылына бастайды. Оңтүстіктен қараторғай бастап, жыл құстары келеді. Көктемнің қарбалас шағы туады. Көңілдерде ерекше серпіліс пайда болып, көбесі сөгілген сеңдей өмірдің ұлы заңдары қозғалысқа түседі.
Көкек
Көкек – қазақтың байырғы күнтізбесінде азаматтық жылдың екінші айы. Онда 30 күн бар, ескі санақ бойынша 8 апрель мен 7 май аралығы. Бұл айда қар кетіп, күн жылынып, көкек шақыра бастайды. Ай атауы сірә осыдан туса керек.
Наурызда басталған көктем тынысы көкек айында өз күшіне кіре түседі. Ағаштар толық бүр жарады. Алғашқы жапырақтар да көріне бастайды. Табиғатқа жан кіргендей болады.
Ежелгі қазақ календары зодияктік айлар, яғни жұлдыз айлары бойынша бұл ай сәуір айы деп аталады. Славян халықтарында ол түрліше аталады. Мәселен, полякша – квитсин, уакраинша – квитен, белорусша – красавик, ал орысша – ертеде березозол немесе «зайграй-овражки» деп аталған. Христан дінін 988 жылы қабылдағанына қарамастан русь юлиан календарын кеш қолдана бастады. Ол тек 1343 жылдан бастап ғана пайдаланылды. Соның өзінде жыл басы бірінші сентябрьден басталатын. Петр І оны 1700 жылы бірінші январға өзгертті.
Бостон (АҚШ) универстиеті ғалымдарының айтуына қарағанда, көктем адамдардың көңіл-күйіне үлкен әсер етеді екен. Өмірге ілгерлеушілік, құштарлық сезімдері ерекше бой көрсетеді. Совет психологтары да адамдардың көктемде бір түрлі жеңілдік сезініп, көңілдер серпіліске толы болатынын байқаған.
Қазақстан аумағында көкек айының белгілері барлық жерде бірдей емес. Оңтүстік өңірлерде ол өз бояуын барынша құлпыртса, ал солтүстік аймақтарда кешеуілдеп жатады. Десе де, ара-тұра қыс мезгіліндік боран мен суық ағыстар болып тұрады.
«Зерде» Журналынан
1989 жылғы 1,3,4 сандары
Жалғасы бар