Осы сөз болмас та еді. Сайтымызда жарияланған «Ноғай қызының жан тебірентер әні» атты видеоның астындағы пкірлер екіге жарылмағанда.

Жаһан жікке бөлініп әркім өз жақынын тартып жатқан мына заманда, айналаңдағы алпауыттар еліңе, жеріңе көз сұғын қадай бастаған кезеңде, бізге ең жақын осы түбі бір түрктер еді.

Кешегі бар әлемді ашса алақанында, жұмыса жұдырғында ұстаған көшпенділер – Түрктер-тұғын. Заман бір аунап, сол түрк баласынан бақ тайды ма, әлде әлемді билеп жүріп, жан-жаққа бытырап кеттік пе, әйтеуір бүгінде сол баба даңқының дақпырты ғана бар. Сонау Ібір-Сібірден Алтай, Анадолымен Қап тауынан Қытайдың ұзын қорғанына дейін даланың еркесі болып, сайран салған сол түрк баласы қазірді тілінен, дінінен, ділінен айырылып, бір-бірінен алыстап бара жатқаны ақиқат. Жаңағы жаһандану деген жалмауыздың аузынан аман қалу үшін сол бар түрк баласы баяғыдай бір болса деген арман еді. Соның бірі анау Солтүстіктегі Якут-Сахалар, Алтайлар, болса соның ішіндегі ең жақыны күні кеше ғана бөлінген туғанымыздың бірі Ноғайлар еді. Ноғайлармен бүгінгі өміріміз бөлек болғанымымен кешегіміз бір.

Сол Ноғайлар туралы ғұлама ғалым, жазушы әрі тарихшы Мұхтар Мағауин: “Дербес, қазақ атымен аталатын әдебиеттің өмір сүруі – XV ғасырдың орта шенінен басталады. Бұған себепкер болған жай – 1456 жылы Шу бойында қазақ хандығының құрылуы, осының нәтижесінде қазақ халқының аренаға шығуы.

«Дәшті-Қыпшақтың бұл кездегі әміршісі Әбілхайыр хан еді. Әбілхайыр Жошы әулетінен тараған сұлтандарға көп теперіш көрсетті, сондықтан олардың екеуі – Жәнібек хан мен Керей хан Моғолстанға ауып кетті. Иса-Бұға хан оларды меймандостықпен қабылдап, иеліктеріне Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу, Қозы-Басы деген жерлерді бөліп берді» деп жазады Дулат руынан шыққан атақты тарихшы Мұхамед Хайдар қазақ хандығының құрылуы хақында.

Қазақтың екінші бір тарихшысы Шәкерім Құдайбердіүлы бұл деректерді толықтыра келіп, қазақтардың Әбілхайыр ұлысынан бөлінуіне сылтау болған жайды баяндайды.

Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы — әділ төреліктері үшін Ақжол атанған Дайырқожа деген би екен. Осы Дайырқожа мен ханның тағы бір сүйікті адамы Қара Қыпшақ Қобыланды батыр қас болыпты. Бұлар іштей жауласып жүргенде, бір күні далада оңаша кездесіп қалады да, Қобыланды батыр Дайырқожаны өлтіреді. Алайда Дайырқожаның жақтасы Әз-Жәнібек мұны біліп қойып, халықтың ескі салты бойынша қанға-қан алмаққа Қобыландының басын сұрапты. Қобыландыны берсе қалың Қыпшақ бүліншілік шығаратын болған соң, Әбілхайыр Жәнібеккке үш кісінің құнын алып бітіс депті. Жәнібек бұған көнбей бөліне көшкен екен. (Шәкерім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі», Орынбор. 1911,31-32 беттер) дейді «Қобыз сарыны» монографиясында.

Демек Қазақтың соңғы айрылысқаны ноғай болды. Біздің әдебиетіміздің басталуында тұратын Асан атамыз туралы тағы сол «Қобыз сарынына» жүгінер болсақ, «Тауарих хамсаның» авторының «Асан қайғыны кім деп білесіз?» деген сауалына Құдабай ақын мынадай жауап қайтарыпты:

Асанның асыл түбі ноғай деймін,

Үлкендердің айтуы солай деймін.

Бұл сөзге анық-қанық емес едім,

Естігенім, тақсыр-ау бұлай деймін.

 

Тегінде ноғай, қазақ түбіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.

Орманбет ордадан шыққан күнде

Асан Ата қайғырып айтыпты жыр» десе,

 

«Айнала бұлақ басы Тең

Азаулының Стамбұлдан несі кем,

Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағаның

Хан ұлына несі жоқ...» деп жырлайтын Доспамбет жырауды – «Доспамбеттің асыл тегі ноғайдан еді. Жыраудың туып-өскен жері – Донның құйлысындағы Азов шаһары» дейді. («Қобыз сарыны» М. Мағауин, Алматы, Атамұра 2006.)

Керей мен Жәнібек Қозыбасқа келіп хандық құрғанға дейінгі уақытта біз ноғайлармен бір ел едік. Біздің тарихымыздағы сол аймаңдай жырау жыршыларға ноғайлардың да ортақтығы бар екенін ұмытпайық ағайын. Бүгінде жүзге, руға, жерге бөлінгеніміз аздай неше түрі дінге бөлініп жатқан қазаққа бес ғасырдың алдындағы ноғайды туысың, жақының деп айтуда қиын шығар.

"The Qazaq Times"