АЛТЫНЗЕР

 

Алтынзер – қазақы жыр, қама бөрік.

Жатырмыз алтындығын жаңа көріп.

Ішінде мың өлеңнің бірі алтын

Сезім – бақ, сенім – байлық, сана – көрік.

 

Алтынзер – асау өлең, бар асылым,

Асаудың соры қалың, жарасы мың.

Көзімнің ағын ойып ас қыла бер,

Сөзімнің оймашы тек қарашығын.

 

ҚАЗАНҒАПТЫҢ КҮЙІ – «ҚҰС ҚАЙТАРУ»

 

Жерің қалды, қайда кеттің қыраным,

Қайт, Қайт!?

Елің қалды қайда кеттің қыраным,

Қайт, Қайт!?

Қиту-қиту, қайт-қайт,

Сыңарым,

Қыраным, Қыраным!..

Алтыннан бау тағып ем,

Аялап-ақ бағып ем,

Тұмар байлап тіл мен көзден сақтадым,

Тұғырыңа күміс шеге қағып ем,

Тояттатып сəріден.

Қиту-қиту, қайт-қайт!

Қанжығаңды қандатып,

Қан соқтаны жегіздім,

Жембасарға бұлттан бұлақ еміздім.

Сылап бақтым,

Сұрап бақтым Тəңірден,

Сыңарындай сырлас едің егіздің.

Қайт-қайт,

Қиту-қиту,

Қайт-қайт!..

Қара шыңға кеттің бе?!

Құз басына жеттің бе?!

Бостандықтан қымбат не бар шынында,

Бəрін құрбан еттің бе!?

Бар, бара ғой,

Бар ендеше – Беренім!

Сен құлдыққа көнбейтұғын ер едің.

Бəрін тастап

Мен де ұшқым келеді,

Аспан бірақ жақтырмайды Жер Елін.

Кетті қыран,

Кең сарайлы зеңгірге,

Қолын жайды жылаулы жан, ер кімге!?

Бар, бара ғой,

Бостандықтың – Патшасы,

Қанатыңды емін-еркін кердің бе!?

Бар!.. Бар!..

Қыран үшін Қыдыр Ата бар құзда.

Құдай өзі жар болсын, тек, Жалғызға!

Бар!.. Бар!..

Бостандығың – бар бақытың, байлығың,

Бар, бара ғой, бəрі сендік,

Ай, күнің.

Жұбатудың керегі жоқ,

Күй тартқын,

Өмір қалай, соған міне, сай жырым.

 

 

* * *

Білесіз бе қыдыр баққан қыр барын,

Жүресің бе бір жаным.

Айыл қияқ, ақ бас жусан, ақ жүзген,

Аппақ дала, аппақ менің жыр бағым.

Сүт секілді бұлағы да, қайнары,

Тамып кетсе тастың өзі жайнады.

Жұмақ жырға,

Құрақ жырға аунадым,

Жел құндақтап, сары самал байлады.

Қаңбақ түртіп қаша түсіп ойнамақ,

Тау маужырап, талықсиды ой-қабақ.

Сонау тұрған Құлпытасқа тіл бітіп,

Тірілермен ол да бір сəт тойламақ.

 

 

АСПАНҒА САУҒАН ҒҰМЫР СҮТ

 

Жон арқасын қарашы, айырар айғақ тобаңнан,

Түйе де шекпен оранған.

Түймелі басқа не келмес, өткенді сұра түбектен,

Өзеуреп соққан бораннан.

 

Қаралы мойын қасқалдақ, аруана бауыр ыңырсып,

Айналған заман бір ұршық.

Ай жүзінде жүз ноқат, күн жүзінде қылау бар,

Аспанға сауған ғұмыр сүт.

 

Боз қурай сайда безілдеп, тіл кезеп жатыр жел үрлеп,

Көрген жоқ бақыт тегін кеп.

Қолыңда барға қанағат, тістеулі кеткен бармақты,

Болдың ба өзі кебіндеп?..

 

Маңғыстау саған не дейін, қаныңмын тамған тамырдан,

Сөз алдым сəре-сарымнан.

Келемін жортып бұл жолы кер бестіге қамшы сап,

Жем-Сағыз бенен Нарыннан.

 

 

МЫҢ АЛҒЫС ДƏМ-ТҰЗЫҢА

(Əмудің гөзелдері)

 

І

Мынау тұс біз көргенде өзен бе еді,

Өзен бе еді, өзгерген, не көрмеді.

Қош енді қоңыр қаз бен ақ шағала,

Əмудің гөзелдері.

...Гөзелдері.

 

Жасыл бақ қайда кеткен орманы жоқ,

Орманы жоқ, ол енді сорлады көп.

Ұсынды ақ парақты ару келіп,

Əмудің қолыменен дəру беріп,

Қалдырған жырың еді сондағы деп.

...Сондағы деп.

Сыңсыды селдіреген орманы кеп.

 

Əмудің гөзелдері,

Гөзелдері.

Қайда əлгі өзендері?

Таранып тоты құстар,

Сəнденіп сəмбі талдар,

Неліктен безенбеді?..

Əмудің гөзелдері,

Гөзелдері.

 

ІІ

Сайраған сандуғашым, əн – бесік, жыр – құндағым.

Жабырқап тұрмын жаным.

Құрбымның құм бетінде оймақтай ізі жатыр,

Өзі жоқ құрғырлардың?!..

...Гүл қыздардың.

 

Əмудің гөзелдері, гөзелдері,

Бар еді балдан тəтті сөз өрнегі.

Маңырап жан жүрегім, маңыстап елжіредім,

Қозыдай көгендегі.

Əмудің гөзелдері.

... Гөзелдері.

 

Ойнаған мекенім ең, ой кезіп кетемін мен,

Қалдырма жетегіңнен.

Тербеткен сағым белім, Əмуім əнім менің,

Мың алғыс дəм-тұзыңа қара нан шекеріңмен.

...Қара нан шекеріңмен.

 

Ел ауып тарыққанда, құшаққа алған едің,

Өртенген тағдырлардың өзегін жалғап едің.

Жан туыс көңіліңе, əн туыс өңіріме,

Саз шертіп салған едім.

 

Сарғайған таңнан едім,

Жанкешті арман едім.

Бас идім барлығына, кіндіктің қаны қалды,

Қария кемсеңдейді əкемді танып əлгі.

 

Көз көрген көп жақсының еріні маңдайымда,

Селдетті жаным əнді.

...Ел кетті, əні қалды.

Бəрі қалды... жалған екен.., ештеңе емес мəңгі!

 

 

* * *

Шығыршық сырға салдырған, шырын қыз қайда

шырын қыз,

Сарғайып сені іздеумен, сарқындық білмей сырын біз.

Самаурын тектес сезім бұл, қайнауы жетсе төгілген,

Сағынып өткен ғұмырмыз.

 

Қаусырма бешпент тағынған, желекті қырдың жайнағы,

Қырмызы қызыл гүл еді, гүлімнің баяу қайда əні!?

Жыр деген боздау ботам-ды, қызылдап оны бір мұң кеп,

Қып-қызыл жүрек жайрады.

 

Ал, енді көркем көңілім, не десең де сенбес-ті,

Қызғалдақ күннің құлағын, қып-қызыл қанжар жел кесті.

Жер тарпып жүрген құла жыр, құлазып көкке қарайды,

Өткенді ешкім бермес-ті.

 

* * *

Ақ төсін шағыл ағытпақ,

Ақ шамын жатыр жағып бақ.

Ақ көйлек киген ару жүр,

Ақ түннен олжа алып қап.

 

Ағарып барып таң күлді,

Арудың сырын тал білді.

Ауылдан ұзап жөнелген,

Айтпайды ару жалғызды.

 

Ақ сəуле шуақ шашқан-ды,

Ақ уыз көңіл мастанды.

Аттанған əлгі жолаушы,

Арудан шырын татқанды.

 

Айналып ізге қарады,

Аймалап көзбен барады.

Ақырын сүйді жүзінен,

Ақ күннің аппақ самалы.

 

 

КІРПІГІ ОНЫҢ БОЗ ҚЫРАУ

 

Көңілді көрген кімің бар, жағасы жайлау көл сынды,

Кетірді менің көркімді.

Көмейі құрғап ес танып,

Ер мұңайып, ел сынды.

Азаптың бəрі көзінде, қазақтың бəрі шөл сынды.

Базарлы көлде сайран жоқ,

Барады өмір майдан боп,

Босаға тимей ұлына, дұшпанның орны төр сынды.

Шырыл да торғай, шыр қақты,

Бір тамшы қанда жыр жатты,

Торғай да тағдыр ел едік, өлтірді, ойбай, өлтірді!..

Көңілді көрген кімің бар, боз бота сынды боз бұлау,

Кірпігі оның боз қырау.

Бодан да болған заманға,

Сөзімді бекер создым-ау.

Бүр жарып едім сəл ғана, жап-жасыл күйде тоздым-ау.

Орманың ойсыз қалғыған,

Қандай ем енді бар бұған.

Күресін болған күздегі, жапырақ сынды сөз мынау.

Қалғиды сана есінеп,

Нар қомында көшіп ек,

Ұлтының жайын көрмеген, ұйқыдан іскен көз мынау.

Оятар мені қайсың бар, көзімді ашып үйреткін,

Бұйдасын жаттың сүйреттім.

Қалғыған күйде жатсын деп,

Ұйқыны маған үйреттің.

Елімді қалай сүймекпін!?

Күлкілі мендік тірлікке, қарайды көктен күйреп күн.

Таң атты бірақ тұрмадым,

Тұр десе басты ырғадым,

Ай қадап кетті басыма найзасыменен түйреп түн.

Оятар мені қайсың бар, көзімді ашып үйреткін!?..

Атажұрт анау ақ бесік, қарайсың жолға не тілеп,

Ауыл тұр анау жетімек.

Жел үрлеп көрді санамды,

Аранның мынау шеті деп.

Айдамай түсіп аранға, құлауға біз де бекіп ек.

Даланың өңі күл сынды,

Көзіне жас кеп іркілді.

Етегі елпең қалаға, ауылды тастап кетіп ек.

Жусаны қырдың жоғалған,

Жоқ жерден жауға тоналған,

Төс етін жатыр құзғындар бір қарап сосын екі жеп.

 

 

ЗАМАНЫ БҰЛТАҢ, ЗАҢЫ ЖАТ

 

Тобылғы сайда тоным бар,

Тораңғыл сайда жолым бар.

Тоз төбеде ізім бар,

Торшолақ күнде сорым бар.

 

Тепеңдетіп терлетіп,

Торшолақ жүрмес кер кетіп.

Сүңгілі қалам қолға алдық,

Сүрініп жүріп ер жетіп.

 

Көп күннің жыртып парағын,

Көп іркілді талабым.

Заманы бұлтаң, заңы жат,

Түсінбей түкте барамын.

 

* * *

Мың жыл өтер, сосын тағы сан ғасыр,

Өмір жұмбақ, тау да тұнжыр, тал да сыр.

Мағынасы жоққа айналған тірлікте,

Жоқтан басқа бар ма сыр?!

 

Сен де жоқсың, мен де жоқпын, жоқ болған,

Бір атылған оқ болған.

Аққу өлді айдын қалды көрдің бе!?

...Күлді қарға, ол сол күні тоқ болған.

 

 

ҚҰЙЫЛМАҚ СОЛАЙ КӨЗГЕ ҚҰМ

 

Жоғарыда аспаным,

Ортасында қара жер,

Жер астында қара көр,

Үш өмір де, үш ғайып,

Ажал ғайып – алған соң,

Дидар ғайып – кеткен соң,

Несіп ғайып – өткен соң.

Ғайыпты тастап шалдарым, ғарышты кезіп жүрсіз бе!?

Періште көңіл кірсіз бе?!

Атажұрт қалды

Ендеше,

Саңырау менен тілсізге.

Санамның керең құлағы,

Сан айтсаң да ұқпаспын.

Ой тұрақтар зерде жоқ, жанарыма жұқпас мұң.

Соқыр көзге бəрі бір,

Береке кетіп, құт қашсын.

Қайратсыз болса – ашу тұл,

Тұрлаусыз болса – ғашық тұл,

Шəкіртсіз болса – ғалым тұл, – деп зарлаған Абай да,

Соқыр мен саңырау қарай ма!?

Ол күндегі – он надан,

Бұл күндегі – мың надан,

Абайды сүйсе сабай ма!?

Жан тəттісі – Иманнан,

Мал тəттісі – жиғаннан,

Жар тəттісі – сүйгеннен,

Халық айтты қаладық, үш тəттіден алалық,

Алғанның несі жаңалық!?

Хақты ойласаң бере біл,

Кеудеңнен анау кеткенше, кесімді күні жан алып.

Ырыс, бақ, дəулет кімде жоқ,

Оның да болар сұрауы,

Елге келген Қыдыр-ды, ерге малды құрауы.

Ұйқы, тамақ, күлкі арсыз,

Жігіттің бір сəт құлауы.

Бұрыннан қалған қағида,

Азамат болмақ – бесіктен.

Балапан ұшпас қияға, мезгілінен кешіккен.

Кəне, қайда,

Кімің бар,

Атадан қалған мұраны, арымен мөрлеп бекіткен?!

Қалам алды даналар, қалдырды бізге сөздерін.

Босатпайды, мінеки, мақтан құмар өз демім.

Рəсуа жалғаншы-ай!..

Құйылмақ солай көзге құм.

 

 

ЖЕЛ ЖОРЫҚ

(Сарайшық)

 

Құлжасын құзар шыңның үркітпегін,

Əруағым əу басынан бүркіт менің.

Киесі киігімнің жаннан қымбат,

Өртендім сексеуіл боп бүршіктедім.

 

Сахарда саз да қалды, сағым қалды,

Ордасы алтын күмбез шағым қалды.

Құдайдың қалауымен құт дарыған,

Салтанат сап түзеген бағым қалды.

 

Сарайшық* салған əнім, сері күнім,

Сартап жол, сайғақ қырдың елігімін.

Бұл күнде тесік сауыт, кетік қылыш,

Жел жорық жеңістердің желігімін.

 

Ақ құмдар ақ парақ боп ашылып жүр,

Аяққа аяусыз-ақ басылып жүр.

Шашылған көп сүйекті бір тасбақа,

Қарашы қайта көміп жасырып жүр.

* Сарайшық – Сарайшық қаласы.

 

 

БƏРІ ТАНЫС

 

Сылбыр жаңбыр,

Сыңғыр-сыңғыр келді күз,

Сарғаямыз енді біз.

Осы күзде қоштаспақ боп ауылмен,

Естелікке орамалын берді қыз.

 

Сары бəрі,

Жапырақ та, бау-бақ та,

Сары торғай із суытқан аулаққа.

Сары сағым көзден ғайып көрінбес,

Бұлттар көшіп бара жатыр тау жаққа.

 

Сарғайғаны,

Көрініп тұр алқаптың,

Бəрі таныс, ортақ мұң.

Содан кейін шекпенімен бүркеді,

Езуінен ұйқы аққан сортап түн.

 

Түн жарылды,

Күздің таңы күркілдеп,

Көк көйлегін орман шешті біртіндеп.

Шыр айналған шығыршыдай дүние,

Менің саған қарап тұрмын күлкім кеп.

 

 

САУРАН МЕН САМНЫҢ АРАСЫ

 

Ақ өлең, ақ жыр бар мұңым,

Боздаттық Самның* нар құмын.

Өрелесіп сөз айтар,

Өзімсінген бар кімің?

 

Тебінгісі күмістен,

Терлігі қатқан жүрістен.

Ақ өлең айдын сахара,

Ел көріп ермен біліскен.

 

Хан Шаһарлы бау қалды,

Қан сасыған жау қалды.

Жол салып Қыпшақ, Қиятқа,

Айналған елмін Сауранды.

 

Көмілді құмға із демде,

Көңілім қалды Сізден де.

Мына бір итің не демек,

Алартып көзін біздерге.

 

Жақтырмай өстім жанжалды,

Ар кетер жерде ал жанды.

Қанымен бірақ сақтадым,

Атамнан қалған қанжарды.

 

Өлеңмен қосып нұр іштім,

Ұраны Бекет ұлыспын.

Ғарыштан орын іздеп жүр,

Кеудемде жатқан бір ұшқын.

 

Қайғыма ортақ қара шың,

Айтпайды жанға жарасын.

Қоңырда самал қосып жүр,

Сауран мен Самның арасын.

* Сам – жер аты.

 

 

АЛТАЙ ТАУЫНА БАРҒАНДА

 

Алтайдың тауы ақ бесік,

Бұл күнде жүрген жат көшіп.

Ту ілген жерге қунап көп,

Ту биесі тулақ боп,

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын.

 

Алтайым – аппақ жөргегім,

Əріден салған өрнегім,

Шаршыңа шығып өрледім,

Шатыр да тігіп төрледім,

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын.

 

Түп атасы тұлпардың,

Дүбірлі күнге іңкəрмін.

Қайғы боп бастан бұлтардың,

Қайырып үнсіз ұлтардым.

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын.

 

Алтайдың тауы аршалы,

Арбайды сұлу баршаны.

Жанымның ару аңсары,

Жау құшып сені тамсады,

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын.

 

Қар жамылған ала шың,

Алаштың білдің шамасын.

Көзіңнің сүртіп қарасын,

Көңілге бұлау саласың,

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын.

 

Жəудіреген ақ марал,

Ақ маралдан жоқ халал.

Халалды сүйсең ақтап ал,

Қапыда салды жат қамал.

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын.

 

Дегені болмас пенденің,

Айналса көктің шеңберін.

Кербез де керік кермелім,

Сен шүбəсіз, мен де мін.

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын.

 

Көкпенен шалғай таластың,

Көп сорлаған алашпын.

Қаншама жаумен жанастым,

Қаншама жолдан адастым,

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын.

 

Қош аман бол, ақ шыңым,

Жоғалтып білдік бақ құнын.

Терең бір ойдың тап түбін,

Тебіреніп жат күнім!..

Қонысым саған зарықпын,

Қазақ та деген халықпын!

 

 

СОКРАТ

 

Сократқа ажал ұстаз болыпты,

Дүние бос, адам қуыс соны ұқты.

 

Білмейтінін білген қандай даналық,

Мойындаудан басталады жаңалық.

 

Бар шындығын айта білді Сократ,

Білген жанға жалғыз шындық, осы бақ.

 

Өлмей тұрып мойындағын елесті,

Қайран жүрек қара тасқа теңесті.

 

Уын ішіп ғұмырыңның тым ащы,

Қанша тағдыр қайғы жұтты қыр асты.

 

Етегінен тістеп тартып сор күні,

Кетті езіліп кесек тектес бор мұңы.

 

Маңдайында қу тағдырдың оқ тұрды,

Із тастады...Оны уақыт жоқ қылды.

 

 

ҚАТУ ҚАЛА, ҚАЙЫМ ЖЫР

(Үркек ой, үзік жырлар... Бірінші көрініс)

 

І

Бесік жасап, көсік жасап жат даудан,

Қайда барсаң қатулы жан қағынған.

Қызыл шеке, жарық маңдай Ақтаудан,

Жолаушымын, Алматыны сағынған.

 

ІІ

Қырғи самғау, қызыл-жоса бақсыз құс,

«Ақша-ақша» естігенім жалғыз əн.

Алматы ма?!..

Түлкі құйрық, қасқыр тіс,

Қала бопты өп-өтірік қалғыған.

 

ІІІ

Босағасын аттап едім шіркіннің,

Қаракөзде қалмағандай туыстық.

Сенде өткен ауырын-ай бір күннің,

Момындарды мойтап жатыр ұрыс қып.

 

Қазақ қайда?!.. Қарға тамыр бір құрсақ,

Зəулім үйлер күліп алды қарқылдап.

Деп келіп ем туыстықты жыр қылсақ,

Ішіп отыр жау қолынан сарқынды ап.

 

ІV

Алатаудың ақ жаулығын кір басып,

Бетін бүркеп тығылады мұнарға.

Көше толған кіржік қабақ кіл жасық,

Не болған-ай шеттерінен бұларға?!

 

V

Өңкей жасық кекшіл жəне тым қатты,

Өзім ғой деп жөн сұрасаң жекірген.

Əділетсіз бір қарбалас шырмапты,

Көз ақысын сұрап-ақ тұр бетіңнен.

 

Бірін-бірі жеп барады қазағың,

Болмашыға намысшылын қарашы.

«Тұмсықтағы тұрмысыңның азабын,

Сиыр тілмен сылпылдатып жалашы»

 

Мүйізіңді бауырыңа тыққанда,

Мүмкін емес саған қарау шошынбай.

Көңілің мас бір-біріңді жыққанға

Ақырында ұлт болдың ба осындай?!

 

VІІ

Не десем де Алматым ғой – сүйіктім,

Маған ыстық ақ шаңқан тау, мұнар күн.

Сүйген жанда күлкісі бар күйіктің,

Мен уақыттан қалып қойған шығармын.

 

Бар қазақтың алтын бесік үміті,

Бір-біріңді көпсінгенің неткенің?!

Қолымыз бос, жоқ жан едік жұмысы

Астанаға дұрыс шығар кеткенім.

 

VІІІ

Төбе шашым шыңғырғанда тік тұрып,

Алматыға қол бұлғадым күлдім де.

Ашу менен ызасынан жұқтырып,

Жансебіл жұрт жалықтырды бір күнде.

 

ІХ

Түсініксіз мақсат пенен мүддеден,

Шаршап кеткен тамыр-тамыр шекелер.

Арпалыс пен өтіп жатыр күн деген,

Қақ жарылған ақ отау мен некелер.

 

Алматыны тастап шықтым еріксіз,

Астананы– бас қаланы көрмекке.

Айда-жылда бір келеміз сеніп біз,

Көз қансын деп ұлттық бояу, өрнекке.

 

Х

Өгейсіме мен өзіңмін, өзіңмін,

Сен сұлусың түнің ай да, көгің күн.

Алматы ма!? ..Астана ма?! ..Менікі!

Екі бірдей қарашығы көзімнің!

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

(Үркек ой, үзік жырлар)

 

І

Үкідегі қармаққа күні түскен,

Үнсіз балық секілді ойшылдар да.

Бас шаһар тұр шықырлап шыны-тісі,

Мақтап-мақтап шаршады тойшылдар да.

 

Жасарған да жақсылық, жаңғырған да,

Халық берген қашанда бата құтты!

Ұлтқа мұра ұлықтап қалдырған да,

Астанамен қоса ойла, атажұртты!

 

ІІ

Аңызақта ауыл тұр күн қақтаған,

Арпа-бидай бір күндік қамбасында.

Марғау еркек, мəтөк ұл ыржақтаған,

Өгіз жеккен өмірдің арбасында.

 

Салыстырып қарашы, қабыстырып,

Қан жылайды жүрегің дала мынау.

Ақиқат пен шындықтан алыс тұрып,

Қалай сұлу болмақсың қарағым-ау?

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

(Үркек ой, үзік жырлар)

 

І

Не демекпін?..

Неткен дəурен... алаңмын!..

Адым сайын жалғандыққа кез болсақ.

Төс түймесі ағытылған заманның,

Өкшесінде жылтылдайды жез моншақ.

 

Тоқсан тарау, сексен селеу көк жұлын,

Қайран ауыл, қайран қазақ бал жұмақ.

Дəтке қуат қылар қанша сөз буын,

Сал сүйегі саудырайды қалжырап.

 

ІІ

Ерініңнен сүйіп ем қызыл далап,

Шырын татып тұр екен шырғалаңы.

Өзі берген – өзі алсын жырын қазақ,

От пен суда тағдырдың бір балағы.

 

Ей, Астана – келбетім боп тұр менің!

Жə, сұлусың!..Таққым келмес, түк те сын.

Азын-аулақ наз айтқаным бұл менің,

Көп нəрсені өздеріңнен күткесін.

“The Qazaq Times”