Ресей мен Украина арасындағы соғыстың әлемдегі жасайтын түрлі кері әсерлерінің бар екені анық. Соның ішінде Қазақстанды және әлем елдерін алаңдатып отырғаны басты мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Ресей әлемдегі маңызды астық қоймаларының бірі саналатын Украинаға шабуыл жасады, бұл жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен ықпал етпек. Қазір азық-түлік жеткізудің жаһандық тізбегіне орасан зор қауіп төнді, бұл әлем елдеріндегі азық-түлік бағасының өсуіне, тіпті ауыр болған жағдайда аштыққа апарып соғуы да мүмкін.  

Кеше, Bloomberg Украинадағы соғыстың жаһандық азық-түілік қауіпсіздігіне жасайтын ықпалы туралы арнайы сараптама жариялады. Онда Украинаның Еуропа және өзге де елдер мен аймақтар үшін маңызды астық дақылдарын экспорттаушы ел екенін айта келіп, онда болып жатқан соғыс азық-түлік жеткізу тізбегін бұзып, бағалардың өсуін, азық-түліктің жетіспеушілігін тудыруы мүмкін деген болжам айтылған.

Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің ауыр сын-қатерде тұрғанын БҰҰ-да өз есептері арқылы ескертті. Халықаралық қауымдастық есебінше, Украинадағы соғыс жоспарланған егін шаруашылығына кедергі келтіріп, нәтижесінде қазірдің өзінде рекорттық азық-түлік бағасы 22 пайызға өсіп кеткен.

Сарапшылардың пікірінше соғыстың азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ету механизмі мынадай: Тасымалдау құнының жоғарылады, энергия бағасы шарықтады, төтенше ауа райы және жұмыс күшінің тапшылығы қосылып азық-түлік өндірісі дағдарыста қалды. Бұл бүкіл әлемдегі тұтынушыларды алаңдатып отыр.

Әлемдегі астық қоры қатарынан бесінші жыл азайды. Ал, Ресейдің Украинаға шабуыл жасауы бағаны одан сайын жоғарлатты. Халықаралық астық кеңесінің есебінше қазір аштық қаупі соңғы бірнеше он жылдағы ең жоғары деңгейде тұр.

БҰҰ есебінше қазіргі жаһандық жағдайдан алғанда әлемде 45 миллион адам тікелей аштық қаупінің алдында тұр. Ресейдің Украинаға басып кіруі кең тараған азық-түлік тапшылығы қорқынышын тудырғаннан кейін, Венгрия, Индонезия және Аргентина сияқты кейбір елдер азық-түлік тауарларының экспортына бидайдан жеуге жарамды майға дейін сауда кедергілерін орнатып, ішкі азық-түліктің жоғары бағасын басып, өздерінің азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Бұл тиісінше екінші бір елге, екінші елдің ішкі шектеу шаралары үшінші бір елге, ары қарай төртінші, бесінші елдерге дейін әсер етіп жатыр.

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, Ресей мен Украина сынды астық пен өзге шикізаттың негізгі базаларында соғыс жеткізу тармақтарын бұзып, екіншілікке кедергі келтіріп жатса, әлемдегі бұларға балама болатын Бразилия секілді ауылшаруашылығы экспортын негіз еткен елдерде құрғақшылық секілді табиғи себептер де жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Өткен жылғы құрғақшылық Канада мен АҚШ-тың да негізгі ауылшаруашылық алаңдарына үлкен ықпал етті. Нәтижеде аталған елдердегі астық өндірісі жылдағыдан әлде қайда кеміді.

Бұнымен қоймай, азық-түлік өндіру құны да айтарлықтай өсті. Егіндіктердің барлық түрлеріне тыңайтқыштардың негізгі жаһандық жеткізушісі Ресей осы айдың басында отандық тыңайтқыш өндірушілерін экспортты азайтуға шақырды, бұл тыңайтқыш тапшылығы тағы бір қатер ретінде бой көрсетеді дегенді білдіреді. Ресейдің бұл қадамы әлемдік нарықтарды одан сайын құбылмалы етеді. Тыңайтқышқа ең тәуелді ел саналатын Бразилия қазірдің өзінде тыңайтқыштарды импорттауда қиындықтарға тап болды. Путин тек Ресейдің «дос елдеріне» тыңайтқыш беретінін айтып жатыр.

Ал, халқы ең көп Қытай мен Үндістанда азық-түлік жеткізіліміне қатысты алаңдаушылық тіпті де алаңдатарлық күйде. Қытай билігі азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударғандықтан, қытайлық сатып алушылар АҚШ-тан жүгері мен соя сатып алуға асығуда. Үндістан жеуге жарамды майдың әлемдегі ең ірі импорттаушысы және тұтынушылар тағамдық майдың жоғары бағасына өте сезімтал. Бұл екі елдегі азық-түліктің жетіспеушілігі әлемге соның ішінде Орта Азияға үлкен ықпал етпек.

The Qazaq Times